Атырау, 7 қазан 09:46
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Төремұрат маң даланы малға толтырғысы келеді...

3 073 просмотра

Махамбет ауданына қарасты Аққайың ауылының шаруасы Төремұрат ҚАЛИЕВ үкіметтен қолдау мен көмек күткелі қашан... Қолдағы бар шаруасын дөңгелентіп отырған шаруагер отбасы мал басын көбейтуді көптен армандаумен‑ақ жүр.

Малсыз ауылды, болмаса қазақты елестету қиын. Үкімет тарапынан берілетін түрлі жәрдемақыларға көзін сатпай, өз күнін өзі көріп жүрген Төремұраттың отбасы сияқтылар көп болса, онда еліміз баяғыда өркендеп кетер ме еді дейсің. Бірақ кейбір мақсаттарына жету ауыл шаруасына оңай да болмай тұр. Негізі Қалиевтар ұрпағы мал өсіруге бұрыннан да епті. Бұрын қарттары совхоздың қойын бақса, ендігі кезек Төремұратқа тиіпті.   

­‑Бұдан оншақты жыл бұрын жекешелендіру желкеге мінгенде жұбайым екеуміз бастапқыда дағдарып қалғанымыз шындық. Балаларымызды қалай асыраймыз, болашағымыз қалай болады деп уайымдадық. Осы Аққайыңнан өзіміз ғұрпылар қалаға қарай ағылып, нәпақасын сол жерден табуға шұбырғанда бір ащының бір тәттісі болар деп әліптің артын бағып қалдық. Әрі бес баламен, жетеумізге қаладан баспана табу оңай емес қой. Қарттардың үйін жауып тастауға дәтім де бармай, қолдағы бар малға арқа сүйеуден басқа амалымыз қалмады. Әрі Жайықтың жағасында отырып, аш қалмаспыз, суда балық бар ғой деп ойладық,‑дейді Т. Қалиев өткенге көз жүгірте.

Бір жағынан нағашысы Болат Мыңбаевтың бұларға жасаған қамқорлығы қиындықтан алып шығуға жәрдемдескен еді. Тек қаржылай, материалдық көмектен басқа моральдық арқа сүйеудің арқасында Төремұрат өз‑өзіне келе бастады. Нарықтың әліппесін үйретуге тырысқан Болат нағашысының арқасында көш соңына ілессе, жұбайы Асылжанның пысықтығы мен ұқыптылығынан шаруалары алға баса бастаған болатын. Бірді екі ететін әйелі үйдің берекесін келтіре түскен еді. Бұдан он бір жыл бұрын «Қалиев.Т» ШҚ құрып, ауылдың ішінен «коровник» те салып алды. Сиырмен қоса уақ жандықтарды барынша бағып қағуда. Әрі Жайық жағасынан 130 гектар жерді жалға алып отыр. Лезингіге «ДТ‑82» тракторын алды. Осындай маркадағы тағы бір ескілеу тракторымен шөпті өздері дайындап алады.

‑Бәрібір ауыл адамына мал өсіру оңай емес. Тек бір сиырға жұмсалған шығынды есептегенде табысы оншалықты қуантарлықтай болмайды. Бүкіл отбасының қарап отырғаны сол мал, ішеді, жейді, киінеді, одан қалса тұрмысқа, күнделікті қажеттілікке де малдан түскен табысты пайдаланады. Ал пайда...барына риза боласың. Үкімет болса ауыл шаруасына бөлінген қаржыны оңды‑солды жұмсауда. Соған қарным ашады, «қызыл итке» жем болып жатыр‑ау деп қиналам. Жуырда телевизордан шетелден сиыр сатып алғанын естігенімде шалқамнан түсе жаздадым. Бір ғажабы, сол сиырдың жерсініп кететініне, болмаса қаншалықты табыс әкелетініне ешкім бас ауыртпапты. Бір сиырды 6 мың долларға сатып алғанды кім көрген. Сөйтіп шетелден 72 мың сиыр сатып алынбақшы. Асылдандыру керек болса, бізде де мал бар ғой. Қазағым ықылым заманнан осы малмен күнелтіп келеді емес пе. Ал мал бағудан атам қазақ алдына жан салған емес. Сөйте тұра шетелге қарап, мөлиеміз, ‑ дейді Төремұрат әңгімесін жалғастыра. Ал ауыл шаруасы үш‑төрт миллионның несиесін ала алмай, тентіреп жүр. Кепілдікке берер саман тастан салған үйімізге ешкім келіспейді. Жуырда банкіден және қолдау қорларынан келіп мамандар жиылыс өткізді, айтатын уәждері саман тастан салынған үй кепілдікке алынбайды деп тайып тұрды.

Төремұрат асыл тұқымды мал өсіргісі келеді, былтырғы жаздың ыстығынан сиырлар төлдемеді. Ал осы кезде әйелі Асылжан оншақты сиырды сауып, қаймақ, сүзбе, майын дайындап сататын. Қас қылғандай, биыл бірер сиырдың емшегінен алынған сүт үйден ауыспайды. Бірақ Асылжан қарап отырған жоқ, малдың жүнінен көрпе жасап, әр данасын екі мың теңгеден сатуда. Оның үстіне Аққайыңға биыл газ келіп, су құбыры тартылып, берекесі кіре бастады. Ауылдан қашқандар енді жиі‑жиі келетін болды. Төремұрат туған жерден көшпеймін дейді, шаруашылығын дөңгеленту үшін жуырда дүкен ашуды ойластыруда. Дүкені жоқ ауылға бұл үлкен медеу болғалы тұр.

‑Жем, шөп бағалары бірнеше есеге өсті ғой. Сосын ғой, еттің ұшынып тұрғаны. Ауыл шаруасын ойлағандар осы жағын неге ойластырмайды? Және ауылды төңіректеген жаманауыздар да тыным бермеуде. Биыл бір малды көтерем еткем жоқ, арам өлген жоқ, тек осы жаманауыздың аузына кетті де қалды. Аңшылардың басын қосып, осы түз тағыларын аулауды неге жұмылдырмайды деп ойлаймын. Менің бір өзім не істей аламын? ‑ дейді Төремұрат кетерде.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Сырым РЫСҚАЛИЕВ биыл ауыл шаруашылығына жақсы қаржылар бөліне бастағанын айтып отыр.

- Мал өсірем деген Төремұраттай жігіттер болса бізге бағыттаңдар. Иелігінде не барын жазып әкелсе болғаны, сосын ақылдасамыз, түсіндіреміз. Несие алу үшін кепілдікке үй ғана салынбайды ғой, малын да көрсетуге болады. Негізі үкіметтен несие немесе субсидия алудың түрлі жолдары бар. Шаруа да ақсамайтын жолын бізбен ақылдасып шешсе болады, көмегіміз әзір. Тағы да айтатыным, шаруа істеймін дегенге қамқорлық та, көмек те беріледі,‑дейді шенеунік.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

4 мамыр 2011, 20:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.