Атырау, 21 желтоқсан 09:42
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Рингте тек қыздар

3 968 просмотра

Болгарияның Албена қаласында әйелдер боксы бойынша жасөспірімдер  арасында өткен әлем чемпионатында атыраулық 16 жасар спортшы Ақмарал ШАМШИДЕНОВА күміс медальді жеңіп алды. Оның  бұл жетістігі қаншалықты заңды? Біз Ақмаралдың бапкерлері Алексей ЮН және Әлібек КӨШЕНОВПЕН әңгімелестік.

БАЙТАЗИЕВКЕ АЙТЫЛҒАН ЕСКЕРТУДЕН БАСТАЛДЫ

«ЖС» анықтамасы: Алексей Павлович ЮН, 76 жаста, 45 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты жаттықтырушы, 2010 жылдан бастап әйелдер боксы бойынша аға жаттықтырушы.

– Алексей Павлович, әйелдер боксының Атырауда қалай дамып келе жатқандығына тоқталып өтсеңіз?

А. Ю.: - Атырауда әйелдер боксының тарихы 2010 жылдан басталады. Сол кездегі облыстық бокс федерациясының президенті, «АМӨЗ» ЖШС бас директоры Талғат Байтазиев республикалық бокс федерациясының конференциясына барған кезде оған «мұнайлы астанада»  әйелдер боксы неліктен дамымай отыр деген ескерту жасалады. Сол кезде басқа қалаларда әйелдер боксының дамығанына 5-6 жылдай уақыт болған. Байтазиев барлық жаттықтырушылардың басын қосып, «әйелдер боксын» дайындауда кімнің тәжірибесі бар екендігін сұрады. Менде үш қыз жаттығып жүретін. Жаттығып деген аты ғана, олар тек қолдары бос кездерінде ғана келетін. Мен қолымды көтердім. Байтазиев болса, маған Қазақстан чемпионатына барасыз дегені. Мен орнымнан тұрып, ол қыздардың жаңадан ғана бастағандарын айттым, ал, ол өз айтқанынан қайтпады, ең бастысы – қатысуымыз маңызды деді. Сөйтіп, мені аға жаттықтырушы етіп тағайындады.

Ақмарал ШАМШИДЕНОВА Ақмарал ШАМШИДЕНОВА Менің алғашқы алғыр да пысық тәрбиеленушілерімнің бірі Жазира Дәулетқали болды. Онымен бірге оның екі құрбысы да келетін. Кейін олар кетіп қалды. Олардың орнына Айдана Ділмұқашева мен Камила Матжанова келді. Мен қыздармен бірге біз үшін алғашқы рет болған Қазақстан чемпионатына барып, екі қола медальмен оралдық. Айдана мен Жазира ұятқа қалдырмады. Кейін Жазира боксты тастап кетті. Өте өкінішті, өйткені ол талантты спортшы болатын. Айдана болса, Оралға көшіп кетті.

Жаңадан екі қыз келді, олар – Бибінұр Қабдрахимова мен Алмагүл Шариева. Олар да құрбылар, екеуі де бір жерде даяршы болып жұмыс жасады. «Екінші толқыннан» қазір тек Алмагүл ғана қалды. Қазір оның жасы 19-да. Ол 2012 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, Ақмола облысы, Жақсы қаласында өткен халықаралық турнирдің финалисі, Тараз қаласында өткен Кеңес Одағының Батыры А.Миниді еске алуға арналған  турнирдің қола жүлдегері.  

2012 жылдың ортасына қарай бір отағасы өзінің қызын алып келді. Оның есімі Салтанат Шапабаева болатын. Ал, кейін Салтанат топқа Бірлікте (Геолог селолық округі) өзімен бірге оқитын сыныптастары Ботакөз Тұрдалиева мен Ақмарал Шамшиденованы алып келді. Салтанат бір жылдан кейін Жезқазғанда өткен турнирде «қоланы» жеңіп алды. Ботакөз қазір табанды жүрде жаттығып жүр, әзірге үлкен табыстарға қол жеткізе қойған жоқ. Мен оларға жүлдеге және шеберлікке  көп еңбектің, жылдар бойғы дайындықтың а ғана қол жеткізуге болатындығын айтып отырамын. Қыздарым мықты, бастарын изейді де, «грушаларын» ұрғылай береді.

Ақмарал  топқа құрбыларынан бір ай кейін келді. Сол жылдың өзінде-ақ Қазақстан чемпионатында қола медальға ие болды, кейін халықаралық турнирдің финалисі атанды. Ал биылғы жылы Қазақстан чемпионатында «алтынды» жеңіп алса, жасөспірімдер арасында өткен әлем чемпионатында «күмісті» қанжығасына байлады.

 

ӨР МІНЕЗДІ ҚЫЗ

Әлібек  Болатұлы Көшенов,24 жаста. Жаттықтырушылық еңбек өтілі 2 жыл, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бокстан аға жаттықтырушысы Болат Көшеновтің баласы.

– Әлібекке сауал: Сіз әлем чемпионатында Ақмаралдың секунданты болдыңыз. Оны жеңіске жетелейтіндей сіз оған не айттыңыз?

Ә.К.: - Ақмарал өр мінезді қыз. Менің ойымша  ол Болгарияда жеңіске осы мінезінің арқасында қол жеткізді. Алғашқы жекпе-жекте ол жеребе бойынша Еуропа чемпионы украиндық спортшы Анастасия Космиракпен жұдырықтасты. Настяны қолдаған жанкүйерлерді көрсеңіз етті, шынымды айтсам, бұған Ақмарал шыдамас деп ойладым. Бірақ, ол алға батыл ұмтылды, қарсыласын арқанға қарай тықсырта білді. Бірінші раунд біздің пайдамызға шешілді. Раундтар арасындағы үзілісте мен оған: «Сенің қарсыласың өте мықты, егер оған тікелей шабуылдасақ, біз ұтыламыз. Аңдысын аңдып күт, тосқауылдан алдап соқ!» дедім. Шамасы, украиндық қыз біздің тәсілімізді біліп алғанға ұқсайды, екінші раунд тең болды. Үшінші раундта Ақмаралға ақ жол тілеуден басқа ештеңе қалмады және ол бұл жекпе-жекте бар күшін салу керектігін білді. Ақмарал өз қарсыласына еш мүмкіндік бермеді.

Болгариялық боксшы Виктория Мунайлова біздің Ақмаралдан әлсіздеу болды. Бірақ оны сақтықпен жеңуге тура келді, өйткені, төрешілер оның жағында болатын. Сондықтан да мен Ақмаралға жекпе-жекте өз алдында Космирак тұрғандай жұдырықтасуды айттым. Ақмарал дәл солай жасады. Нәтижесінде керемет жеңіске қол жеткізді! Тіпті, төрешілерге қандайма бір ескерту айтуға мүмкіндік қалмады.

Финалда Ақмарал Ресей чемпионы Влада Калашовамен кездесті. Ресей спортшысын тізе бүктіруге біздің Ақмаралдың тәжірибесі жетпей қалды, өйткені, ол шапшаң да алғыр, барынша жақсы дайындалған спортшы.

 

«ЕКІ АДЫМ ЖҮГІРЕДІ ДЕ, ШАРШАП ҚАЛАДЫ»

А.Ю.:- Бүгінгі күні Ақмарал Қазақстан жасөспірімдер құрамасындағы №1 боксшы. Ақмарал келер жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысатын болады. Онымен алаңға өзінен бір жас үлкен қыздар шықпақшы. Бұл чемпионаттың мақтанышы жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Валентина Хальзова болмақ. Ол - 2014 жылы Қытайда өтетін жастар арасындағы Олимпиада ойындарына қатысу лицензиясын жеңіп алған спортшы. Бұл жердегі үлкен бір мәселе  - Валя бокспен 5 жасынан бері айеалысса, Ақмарал 2 жыл ғана уақыт жаттығып келеді. Алайда, біз Ақмаралға шебер қарсыласына қалай тойтарыс беру керектігін үйретеміз. Ең бастысы, ол жаттығуын жалғастырса болғаны. Жалпы әйел боксшылар ер боксшыларға қарағанда  жеңілістерін жүректеріне жақын қабылдайды.

Қыздарды жаттықтыру қиын. Егер біреуіне көп көңіл бөлетін болсаң, екіншісі оны көңіліне алып қалады. Сондықтан да біздің топта барлық тәрбиеленушілерге көзқарас бірдей. Мейлі, олар чемпион немесе жаттығуға бірінші рет келген болса да.  

Біздегі басты мәселе – залдың жоқтығы. Осы жылдың маусым айынан бастап «Мұнайшы» спорт кешенінің бокс залында жаттығып жүрміз. Бұл бір жағынан жақсы, қыздарымыз жігіттермен жекпе-жекке шығады. Бірақ жігіттер жағы дөрекілік танытуы да мүмкін. Сондай-ақ, қыздарға арналған бөлек киім ауыстыратын және жеке жуынатын бөлме керек. Бұл жерде  көптеген мәселелер бар. Олардың қалай жаттығатынын айтайын ба? Екі қадам жүгіреді де, «шаршадық» деп отыра кетеді. Мен оларға «егер жаттықпасаңдар, жеңіске жету жоқ» деп үнемі айтып отырамын. Ақмарал маған келген кезде стадионда жарты айналымға да жүгіре алмайтын. Ал қазір он айналымға жүгіре алады. Алматыдағы жиындарда оларды тауға өрмелеуге мәжбүрлейді. 

 

«ХАБАРЛАНДЫРУДЫ  ЖЫРТУДЫҢ ҚАЖЕТІ НЕ?»

– Боксқа қатысам деушілерді қалай іріктейсіз?

А. Ю.: - Алмагүл Шариеваның 2000 және 2002 жылы туған екі жиені келді. Мен мектептерге хабарландырулар ілемін. Бізге келем деушілер өте аз. Өкінішке қарай, мектептердегі оқу ісі меңгерушілерінің тарапынан қарсылық фактілері бар, олар хабарландыруларды жыртып тастайды және оны ілу үшін қалалық білім бөлімінен жазбаша рұқсатты талап етеді. Неге бұлай ететіндерін түсінбеймін, біз қыздарды өзін қорғауға үйретеміз емес пе, ал, оның бүгінгі күні еш артықтығы жоқ.

– 2014 жылға арналған жоспарларыңыз қандай?

А. Ю.:- Облысымыз келер жылы жарыстарға үш ересек, жастар турниріне үш  және жасөспірімдерге бес боксшыны ұсынуы керек. Бізде жасөспірімдер бойынша спортшы қыздар жетіспейді, менде тек екеуі ғана. Дегенмен, қазір Құлсарыда әйелдер боксының тобы құрылды. Онда Мұрат Нұрбауов жаттығу өткізеді. Құлсарылықтардың еншісінде қола медаль да бар. Оның иесі – Санбике Жолдасова. Осы жылдың маусым айында Атырау қаласындағы әйелдер боксының тобы Стройконторадағы  №3 спорт мектебінен орын алды. Онда жаттығуды спорт шебері Рахман Әлжанов және менің көмекшім Әлібек өткізеді. 

Сәттілік тілейміз!

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

17 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.