
Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде сегізінші сынып оқушысына жасалған шабуылдан кейін ұсталған тоғызыншы сынып оқушысының анасы ұлының бірнеше жыл бойы сыныптастары тарапынан буллингке ұшырағанын мәлімдеді.
Анасының айтуынша, педагогтарға жасалған өтініштер ешқандай нәтиже бермеген.
Оқиға 13 наурызда болды. Тоғызыншы сынып оқушысы сегізінші сыныпта оқитын қызды өткір затпен жарақаттады. Жәбірленуші мойын, кеуде тұсы және қолынан алған жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Кейін ол жансақтау бөлімінен хирургия бөлімшесіне ауыстырылды, жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 3-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, ұлы BINOM-ға ауысқанға дейін жақсы оқыған және гуманитарлық пәндерге қызығушылық танытқан. 2023 жылы 6-сыныпты бітірген соң, отбасы оны БИЛ-ге (КТЛ) түсірмек болған, бірақ грантқа ілікпеген соң BINOM мектебін таңдады.
Уақыт өте келе баланың мінез-құлқы өзгере бастаған. Анасы алғашында мұны өтпелі кезеңмен немесе лицейге түсе алмағанына байланысты күйзеліспен байланыстырған. Алайда кейін баласы сыныптас қыздардың қысымына шағымдана бастаған.
Әйелдің айтуынша, алғашқы келіспеушіліктер 7-сыныпта басталған.
- 7 сыныптан бастап бір қыз TikTok-тағы видео туралы айтып, оны орайы келген сәтте мазақ қылып жүрген. Кейін оған басқа да қыздар қосылған. Қыздар оның сырт келбетін, жүріс-тұрысын, бетіндегі бееулерін мазақ еткен, - дейді анасы.
Анасы бұл жағдайдан мұғалімдердің де хабары болғанын айтып отыр.
- Мұғалімдер оны көрді, бірақ араласпады. Тіпті ағылшын тілі пәнінің мұғалімі де оны қыздар қойған мазақ есіммен атаған. Соны Мұханбет көңіліне алған, - дейді ол.
Анасы айтқандай, соңғы айларда жасөспірімнің жағдайы нашарлаған. Қаңтар айынан бастап ол күн сайын ішінің ауыратынына шағымданып, сабаққа кешіге бастаған. Сынып жетекшісі баланың қыздардың қасына отырғысы келмейтінін ата-анасына ескерткен.
Отбасы баланы басқа сыныпқа немесе басқа мектепке ауыстыруды ойлаған. Бірақ Мұханбет 9-сыныпты осы мектепте бітіруді қалап, ауысудан бас тартқан.
«Мен оны басқа сыныпқа немесе мектепке ауыстырғым келді, бірақ ол қалғысы келді. Тек мені емес, басқаларды да осылай мазақтайды деп айтатын», — дейді анасы.
Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы қылмыстық іс аясында анықталуда. Күдікті жасөспірім тергеу изоляторына қамалды. Анасы болған жағдайды ұлының бірнеше жыл бойы мектепте бастан кешкен қысымынан бөлек қарастыруға болмайды деп санайды.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10