Ұлы Жеңіс мерекесінің қарсаңында "АЖ" журналистері 1945 жылғы 9 мамыр кезінде әлі бала болған, алайда, сол күнді естерінде сақтағандарды әңгімеге тартқан еді.
ДАЛАДАҒЫ ДАСТАРХАН
«Менің жасым 13-те болды. Ол кезде менің жасымдағылар үлкен азамат болып есептелетін. Отбасымыз қазіргі Авангард ауданында тұрған-ды. Ондағы көп қабатты үйлердің бой түзегені бертінірек қой, ертеректе ол жерлерде біраз саман үйлер мен жүйке аурулары ауруханасы болды. Жағалауда «Гослов» балықшылар ауылы орналасты. Германияның тізе бүгуі туралы хабарламаны мен көшедегі бағанда радио орналасса да естімей қалыппын. Көптен күткен жаңалықты бәрімізге мектепте шаруашылық меңгерушісі мен кәсіподақ төрағасы қызметін қоса атқаратын әкем хабарлады. Жергілікті милиция қызметкерімен бірге олар ауылдағы кеңестік биліктің те міндетін атқарды. Ол жылдары халықтың көпшілігі сүзектен қайтыс болып жатты. Сондықтан жұмылдыру шараларын ұйымдастыру және жерлеу жұмыстарымен де айналысты. Сол бір жарқын күнде ауылда ешкімнің де үйде отырғысы келмеді, олар бастарын қоспақшы болды. Біреулер қой сойып, енді біреулері үйлерінен азын-аулақ тағамдарын әкеліп жазық далаға дастархан жайды. Ол жер қазіргі №1 интернат үйі орналасқан жерден онша алыс болмады».
Төлеген ИЩАНОВ
ҚАТАЛ ДИРЕКТОРДЫҢ ҚУАНЫШТЫ СӘТІ
«Қолдан жасалған дауыс зорайтқыш құралдан әдетте, өзінше өте қатал болып көрінетін директор-ағай өз көңіл-күйін жасыра алмастан: «”Жеңіс! Жеңіс! Біз жеңдік!!!” – деп айқайға басты. Қуанышты дауысты естіген біздер көшеге жүгіріп шықтық. Мектеп жанына бірден ауылдағылар жинала қалды. Ұйымдастырылмаған митинг болды. «Алақай, бұл күнді қанша күттік, міне, енді сол күн туды!», -деп адамдар өздерінің тасыған көңілдерін бір-бірімен бөлісуге асықты. Біреулер өздерінің майданнан оралатын туыстарымен кездесетіндігіне қуанса, қара қағаз қолдарына тигендер туыстарын жоқтап жылады. Оларды бәлкім бұл қате болар, бәлкім ол тірі болар, оралар деп жұбатты. «Ондай жағдайлар сирек болғанмен, болып тұратын» деседі майдангерлер. Олар көп емес, қолы мен аяғынан айырылған мүгедектер. Митингтен кейін біз үйге бардық, айналада сол баяғы аштық пен жоқшылық, алайда, олардың өзі енді бұрынғыдай қорқынышты емес болып қалды. Ойымызға енді бәрі де жақсы болады, міндетті түрде жақсы болады деген сенімділік орнады.
…Соғыстың басталғаны туралы біздің қалай білгендігіміз жөнінде де еске түсіре кеткім келеді. Бір күні мен ашына жылаған әйелдің дауысынан ояндым. Ерлер жағы аттар мен түйелерге отырып, бір жаққа кетіп жатты. Менің жасым бесте болатын. «Соғыс! Соғыс!» деген дауыстарға мән бере қоймадым. Менің бір түсінгенім- әкем және оның барлық бауырлары белгісіз бір жаққа кетіп қалды. Жарты жылдан кейін жасы 18-ге жаңа ғана толған жас ағаларымды әкете бастады. Ауылда тек жас балалар ғана қалды, олардың жастары толған кезде оларды бірден соғысқа әкетіп отырды. Ал, майданнан ауылға «қара қағаз» келе берді. Сол күндерден бастап мен әкесіз қалудың қандай ауыр екендігін білемін. Соғыс болған соң оның жайы түсінікті, алайда, бейбіт күнде баланың әкесіз өсуі- бұл қасірет қой».
Бағитжан ҚҰСНИЕВ
БАЛАЛАР ӘКЕЛЕРІН ТОСУҒА КӨШЕГЕ ШЫҚТЫ
«…Сол кезде мен Орынбор облысының «Украинка» селосында өзімнің кіндік анам Полина Филипповнаның қолында тұрдым. 1945 жылдың 9 мамыры есімде қатты сақталды. Әдеттегідей мен таңертең мектепке бардым. Қоңырау соғылды. Біздер барлығымыз тыныштала ұстазымыздың келуін күттік. Қай сабақ екендігі есімде жоқ, сыныпқа біздің әскери дайындық пәнінің ұстазы (ол майданда қатты жараланған, кейін ол бізге мектепке жұмысқа тұрды) кірді. Оның беті біздің сыныптың қабырғасы секілді ақ болатын. Мен тіпті, оның дірілдей ала жөнелгенін білемін. Ол есікке жақын келді де аузын жыбырлатып, тіпті, дәлірек айтқанда, қорылдағандай болып: «Балалар...» және біраз үнсіздіктен кейін: «балалар... соғыс бітті... сіздер линейкаға шығыңыздар» деді. Біз барлығымыз орнымыздан атып-атып тұрып, қуаныштан айқайға бастық. Линейкадан кейін бізді үйімізге жіберді. Кіндік анам ұрада болатын. Оның төменнен қараған салқын жүзін әлі ұмытпаймын, маған: «Сен неге келдің, кәне, мектепке бар!» деп дауыс көтерді. Ал, мен болсам оған «Соғыс бітті!»,-деп айқайладым. Ол маған «Олька, сен қашанда өтірік айтасың, бар болғыр!» деп сенбеді.
Күні бойына селодағы адамдар бұл жаңалықты ауыздан-ауызға жалғады. Қолындағы орамалын бұлғай, ауыл-ауылды аралап: «Соғыс бітті!» деп айқайлап жүрген әйел әлі есімде. Ал, ер балалар болса, күн ұзағынан көшеде болып, өз әкелерін қарсы алды. Олардың аналары бүгін әкелерінің келмейтінін айтып, түсіндірді. Бірақ, олар оған сенген жоқ. Топ болып жиналып алып, күте берді...».
Ольга ЛАЗУКОВА
АДАМДАР ДЕРЕВНЯ ІШІМЕН ЖҮГІРІП, ТЕРЕЗЕЛЕРДІ ҚАҚТЫ
«Соғыс басталған кезде менің жасым бесте болатын. Біздің жанұямыз Белоруссиядағы Гродненской облысының Тиховоля деревнясында тұрды. 1939 жылға дейін біздің тұрған жеріміз Польшаға қарайтын болды. Кейін Беларусс КСР-на қарады. Соғыс басталған кезде мен екі сіңлім, анам және әжеммен бірге тұрдым. Үлкен ағамды соғыс басталмай-ақ, әскерге шақыртып алған еді. Кейін ол майданнан бір шықты. Біз онымен байланысымызды жоғалтып алдық. Соғыс басталғанда үлкендер жағы әңгімелеп жататын, ал, біздер балалар еш нәрсені түсінбедік. Ерлер жағы бірден орманға кетіп, партизан болды. Деревняда тек әйелдер мен қарттар және балалар ғана қалды. Немістер тез жетіп келді. Олар біздің азық-түліктеріміз бен малымызды алып кетті. Есімде, бізде сиыр болатын. Бір неміс оны жетектеп алып бара жатқанда біздің әжеміз аулаға жүгіріп шықты да сиырды неміске бермей жатты. Бұған ызаланған неміс әжеме автоматын кезенді. Сол кезде көрші үйдің баласы жүгіріп келіп әжемізді алып кетті. Неміс қаруын атқанымен әжемізге тимеді.
Кейін немістер барлық деревнялардан жасөспірімдердің барлығын жинап, Германияға алып кетті. Олардың ішінде менің үлкен апам да бар еді. Одан сәл кейінірек біздерді, балаларды жинап, машинаға тиеп бір жаққа алып кетті. Анамдар деревняда қалды. Бәріміз жылай бастадық. Біздерді басқа бір деревняға әкелді. Ал, бір-екі күннен кейін қарттармен бірге аналарды да алып келді. Оның мәнісі, біз тұрған жерде деревнялар көп болды және олардың барлығы ормандарда орналасқан еді. Фашистер партизандардан қорқып, шағын ауылдардан бастап, барлығын бір үлкен деревняға жинады. Үйлерге бірнеше жанұямен қоса орналастырды. Біз тұрып жатқан деревняда немістердің болғанына қарамастан партизандар бәрібір келетін. Әйелдер оларға тамақ әзірлеп, нан пісіріп, картоптар беретін. Түннің әлсіз жарығымен шұлықтар тоқып, киімдерін жамайтын. Оның бәрін олар немістер біліп қалмауы үшін еш нәрсені сездірместен жасайтын. Түннің бір уағында терезені біреу соға қалса, біз біздікілердің келгенін білеміз, оларға сақтықпен дайын тағамдарды беріп жібереміз. Немістерге де тамақ пісіріп беруге тура келетін. Олардан ауыл адамдары қорқатын.
Немістер шегіне бастағаннан кейін біз өзіміз тұрған деревняға қарай қайта орала бастадық. Алайда, тұратын орын жоқ еді, немістер үйдің бәрін өртеп жіберген болатын. Жер үйлер қаздық, 15-16 жастағы ересек деген балалар жаңа үйлер салу үшін ағаштар кесті. Сөйтіп, жәймен жаңа өмір бастадық.
Соғыстың аяқталғандығы туралы біздің қалай білгендігіміз есімде жоқ. Есімде қалғаны адамдар деревня ішін аралап жүгіріп, үйлердің терезесін қағып: «Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс!» деп айқайлады. Біздер де жүгіре шығып, солардың артынан жүгіре бердік. Менің есімде неге екені белгісіз, көз жасы сақталып қалыпты. Адамның барлығы жылады, бір-бірін құшақтап, беттерінен сүйе берді. Сол кездегі төгілген көздің жасы мен қуанышты қазір сөзбен жеткізу оңай емес. Ондай сұм соғысты құдай ешкімнің басына бермесін!
Біздің үлкен ағамыз туралы біз ештеңе естіген де, білген де жоқпыз. Тек екі жыл өткеннен кейін ғана біздің анамызға көрші поляк деревнясында орналасқан поляк пошта бөлімшесіне одан хат келіп тұратындығын хабарлаған. Анам түнде кеңес-поляк шекарасынан өтіп, сол деревняға хатты алуға барды. Оның соғыстың аяғына таман жараланып Гурьевтегі әскери госпитальда болғандығын білдік. Ол үйге хатты жауап күтіп ұзақ жазған. Оның хаттарын анам алып келгесін, біз онымен хат жазыса бастадық, кейін жүздестік. Ол кезде ол Гурьевке орналасып, жұмысқа кірген. Бізге де келді, кетерінде мені оқыту үшін алып кетті. Кейінірек анам мен әжем және сіңлім де келді. Ал, немістердің айдауында кеткен үлкен әпкем Германияда қайтыс болды».
Анастасия ГОВОРКОВА
СОҒЫСТА ПОШТАШЫ БОЛУ ӨТЕ АУЫР
«1945 жылдың мамыр айында мен 8 сыныпты бітірдім және оған қосымша Зеленый поселкесінде поштада жұмыс жасадым. Жеңіс туралы хабарды, біздер пошташылар бірінші кезекте білдік. Пошта бастығының біздің үйдің терезесін қағып, соғыстың аяқталғанын айтқаны әлі есімде. Қуанышта шек жоқ болды, біз тіпті, не істерімізді білмедік. Үйде әкем мен әжем болды. Әкем 1942 жылы Сталинград түбінде әуе бомбысының жарқыншағынан жараланып, госпитальға түскен. Ал, 1943 жылдың көктемінде екі балдақпен үйге оралды. Біздер құшақтасып, жылай бердік. Өте ауыр болды. Мен пошташы болған кезімде аналар мен әйелдер менен жақсы хабар, үшбұрышты хатты күтетін. Міне, сол қуанышты күн де туды. Барша жұрт далада, ән салып, би билеуде. Сол сәттегі біздің бойымыздағы сезімді қазір тілмен жеткізу мүмкін емес. Адамдар жеңіс үшін барын берді.
…Соғыстан кейінгі жылдарда оңай болған жоқ. Гурьевте сол кезде банда болды. Бәлкім, соғыс жылдары адамдардың Әскер қуаттылығын арттыру үшін бар жинағандарын беріп, облигациялар сатып алғандарын ешкім білмейтін болар. 1946 жылы соғыс жылдарындағы займдарды өтеу басталды. Қарттар мен қарт әжейлер облигацияларын ақшаға ауыстыру және тексерту үшін жинақ кассаларына барды. Ешқандай күдіксіз олар кезекте тұрған жас жігіттерге өздерінің бағалы қағаздарын беріп, көмектесулерін сұрады. Ал, олар облигацияларды байқатпай ауыстырып алып отырған. Бұлардың көбі түрмеде отырған, 1945 жылы амнистияның арқасында бостандыққа шыққандар болды. 1947 жылы бұл банда қайтадан түрмеге қамалды.
Хасанғали НҰРТАЗИН
«ӘКЕМНІҢ ИІСІ ЕСІМДЕ»
«Соғыс басталған тұста менің жасым төртте болды. Өз әкемді білмеймін де, есімде қалғаны бойының биіктігі мен жағымды да жақын бір иісі еді. Оны майданға шығарып салған кезді есіме алам. Әкем мені жоғарыға көтерді де мойына мінгізіп алды. Оның бізден мәңгіге кетіп бара жатқанын сезгендей мен оның иығынан көпке дейін түспедім. Балалық шағымның барлығында да ол туралы көп ойлайтын болдым, оны өзімнің түсімде және әңгімелерімде (селолық агрономды) фашистерді күйрете жеңген батыр ретінде елестететінмін.
Оның Сталинград түбінде хабар-ошарсыз кеткендігін мен кейін, 45-ші жылы ғана білдім. Анам әкемнен қара қағазды 1942 жылы алған екен. Алайда, ол әкем күндердің күнінде тірі оралар деген үмітпен бізге айтпаған болып шықты.
Сол үміттер бір күні біздің үйдің табалдырығына омырауына медальдарын қадаған жауынгер келгенде ғана үзілді. Ол менің кімнің ұлы екендігімді сұрады, мені басымнан сипады. Артықбай аға менің әкеммен майданда бірге болған. Бізді, есімде, далаға қуып, ал, келген қонаққа дастархан жайды. Дастархан басында жауынгер аға менің атам мен әжеме және анама жай ғана бір нәрсені айтып отырды. Шай құйып отырған анам, әлсін-әлсін көзінің жасын сүртіп отырды. Ол өзінің соңғы рет олардың баласы мен күйеуін көргендігін әңгімеледі.
…42-ші жылдың қарашасында олардың полктерінің қалғаны немістерге қарсы тағы бір шабуылға шығар алдында Артықбай Еділ жағасында менің әкем-Ахметті көрген. Ол ауыр жараланған күйі дәрігерлік көмек күтіп жатқан жаралы жауынгерлердің арасында жатқан. Әкем өзінің досына су әкеліп беруін өтінген. Артықбай оған өзінің су құятын торсығын қалдырып, өзі ұрысқа аттанған. Олар кері оралғанда, санитарлық батальонды түгелімен жау бомбылап кеткен екен...
Көп жылдардан кейін мен өзімнің жоғалған әкемнің мәліметтерін іздеп таптым. Бүгінгі күні оның есімі қаза болған мыңдаған Сталинград қорғаушыларының ескерткішіне жазылған».
Ж. ИМАНҒАЛИЕВ
Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің орталық мұрағатындағы хабарсыз кеткен қатардағы жауынгер Ахмет Иманғалиев туралы мәлімет