Қазақстан мүгедектікті анықтаудың жаңа әдісіне көшуді жоспарлап отыр. Енді оны топ бойынша емес, еңбекке қабылеттілігін жоғалтудың пайыздық қатынасына байланысты анықтайтын болады.
«Қазақстанда мүгедектік тобын алу оңай емес екендігін жасырмаймыз. Барлық мәселе әлеуметтік жәрдемақыларды төлеу қажеттілігінде болып отыр. Мемлекетке ресми мүгедек болып танылғандар санының артуы тиімсіз,-дейді бізбен телефон арқылы байланысқан ҚР мүгедектер ұйымы одағының төрағасы Әли АМАНБАЕВ. – Бүгінгі күні біздің елімізде ресми түрде тіркелген 506 мың мүгедек бар. Іс жүзінде олардың саны бұдан да артық. Салыстыру үшін айтар болсақ, еуропа елдерінде халықтың 10%, ал, көрші Ресейде 9%, Қазақстанда барлығы 3% мүгедектік алған адам бар. Егер адам өндірісте тіпті, қолының бір саусағынан айырылған болса да, ол мүгедек болып танылуы тиіс. Өйткені, ол еңбекке қабілеттілігінің қандайма бір пайызын жоғалтты ғой. Ал, іс жүзінде мен диабетпен ауыратын және есту қабілеті төмен адамдардың әлі күнге мүгедектіктерін ала алмай жүргендігін білемін».
Қазақстанның «Мүгедектер құқығы туралы» халықаралық конвенцияны ратификациялауға дайындық жүргізіп жатқандығы белгілі. Осы жұмыстың аясында Астана, Алматы және Қарағандыда еңбекке қабілеттілігін жоғалутдың пайыздық қатынасына сәйкесті мүгедектікті анықтау бойынша пилоттық жобаны енгізу жоспарлануда. Бұдан басқа, мүгедектікті анықтаудың жаңа стандарттарына медициналық-сараптама комиссиясы қызметкерлерін, медициналық-педагогикалық комиссия қызметкерлері мен басқа да мекеме қызметкерлерін оқыту қажет. Осыған байланысты үстіміздегі жылы Швейцарияға қазақстандық дәрігерлер тобы тәжірибе жинақтау мақсатында аттанбақшы.
Ә.Аманбаевтың айтуынша, Германияда жәрдемақы тек еңбекке қабілеттіліктерін 60 пайызға дейін жоғалтқандарға төленеді екен. Мүгедектік мәртебесі бар қалған адамдар өмір сүруге қажетті жабдықтармен, қоғамдық көлікте тегін жүру, жұмысқа орналасуда жеңілдіктер секілді мемлекеттен әлеуметтік көмек алады. Бізде мүгедектіктің халықаралық жіктеуі енгізілген жағдайда мүмкіндігі шектеулі деп ресми танылған адамдар санының екі есе өсетіндігіне мүгедектердің өзі сенімді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА