Атырау, 27 желтоқсан 08:23
 ашықВ Атырау +1
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Шеберлер шеруі

6 596 просмотра

Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония 48-ші маусымын ашты.

МАХАМБЕТТІҢ МЕРЕЙТОЙЫ

Филармония алдыңғы маусымын күй атасы Құрманғазының 190 жылдығын тойлау кезіндегі мың кісілік оркестрдің орындауындағы дауылпаз күйлермен аяқтаса, бұл маусым тағы бір ерекше күн – атақты батыр, адуынды ақын Махамбет Өтемісұлының 210 жылдығымен сәйкес келіп отыр. Маусымашар бағдарламасы Махамбеттің күйлері мен Махамбет туралы шығармалардан ғана құрылған.

Дәстүр бойынша маусым фи-лармонияның басты ұжымы – Орақ Жауыровтың басқа-руындағы «Нарын» халық аспаптар оркестрінің концертімен ашылды.

Махамбет - ақын ғана емес, сонымен қатар көптеген күйлердің де авторы. Оркестр Махамбеттің «Жайық асу», «Исатайдың ақта-баны-ай», «Жұмыр қылыш», «Қайран, Нарын» сынды күйлерін төгілтті. Түрлі халықаралық бай-қаулардың лауреаты «Нарын» оркестрінің елімізде тұңғыш рет Махамбет күйлерін оркестр орындауына лайықтап, қалың көрермен алдында орындағанын айта кету керек. «Нарынды» шын мәнінде Махамбеттің музыкалық шығармаларының қорғаушысы әрі насихаттаушысы деуге болады.

 

ЕРЕКШЕ КОНЦЕРТ

... Дирижердің таяқшасын сермеп жібергені сол еді, домбыраның қоңыр үні қыш сазсырнайдың екпінді сазымен араласып кетті. Махамбеттің «Қайран, Нарыны» ойнап жатты.

- Махамбеттің шығармашылығының асқар шыңы саналатын бұл құдіретті шығарма 7 минутқа созылады. Мұнда күнге күйген Нарын құмының кешкі ауылының әуені сезіледі. Бірақ бір кезде бұл идиллия жігерлі дыбыстармен ауысады, оркестр tutti-ді ойнай бастайды, яғни барлық аспаптар қосылады – бұл Исатай мен Махамбет тобының шабысы,- дейді концерттен кейін Орақ Жауыров. Күйлер Махамбеттің өлеңдерін де сүйемелдеді – поэзия мен музыка бір жерге тоғысты. Көрермен Базарбай ЖҰБАНИЯЗОВТЫҢ операсынан «Махамбеттің ұраны» ариясын орындаған тенор Қуандық НҰҒМАРОВҚА қол соқты. Оркестрге екінші дирижер Сая Жұмашева жетекшілік етті. Көпшіліктің  ыстық ықыласына Махамбеттің сөзіне жазылған атақты «Мен, мен едім, мен едім» термесін орындаған Шолпан МҰҚАШЕВА да бөленді.

Құттыгерей ДҮЙСЕЕВТІҢдомбырасын көпшілік әуезді санайды. Бұл концертте де оның аспапта ойнауының мәнері мен тектілігі үлкен әсер қалдырды. Термеші Манарбек ДӘУЛЕТОВ домбыраның сүйемелдеуімен өзіне ғана тән екпінді ән орындауды көрсете білді. Домбыраның құлағында ойнаған филармонияның белгілі солистері Шарипа ЖӘМЕНОВА мен Азамат САТЫБАЛДИЕВ те өз өнерлерін ортаға салды. Концерт оркестрдің басты шығармасы саналатын Нұрғиса ТІЛЕНДИЕВТІҢ симфониялық поэмасы «Махамбетпен» аяқталды. Көрермен қошеметін аяп қалмады.

 

ҮЛКЕН ҰЖЫМ

Оркестрдің тарихына үңілсек. «Нарын» фольклорлық-этнографиялық ансамблі 1987 жылы сол кездегі филармония директоры Мереке ҒҰМАРОВТЫҢ бастамасымен құрылған. Ол музыканттарды жинап, музыкалық аспаптар мен костюмдер сатып алған. Бірақ жаңа ансамбльге пайымды, ақылды әкімші де керек болды. Таңдау жас Асқар ХАРЕСОВКЕ түсті, ол кейін ансамбль базасында халық аспаптар оркестрін құрады. Қазір онда 45 музыкант бар, ал 2000 жылдан бері дирижері болып халықаралық байқаулардың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Орақ  Жауыров тұрақты қызмет етіп келеді. Сонымен қатар филармонияда саны жағынан қарапайым (13) «Мұрагер» фольклорлық музыкалық ансамблі бар. Керемет үрмелі оркестер де (жетекшісі – Нариман ДАИРОВ), «Ара-Атырау» сатира театры да  жұмыс жасайды. «Дарын» ер балалар хоры (жетекшісі – Алтын ЖҰМАТИНА) тек елімізде ғана емес, шетелде де көп жетістіктерге  жетті. Филармонияда танымал әншілер мен музыканттар жұмыс істейді – Ақмарал МАШИМОВА, Гүлмайдан СҮНДЕТОВА, Ханзада САҚЫПОВА, Назым ШАЙМАРДАНОВА, Хамиль СҮЙЕКБАЕВ және басқалар. Сонымен қатар екі би ансамблі де бар – «Інжу-Маржан» (жетекшісі Гүлвира ТҰРАҚБАЕВА) және «Зерде». «Зерде» ансамблінің хореграфы  Назгүл ЖҮСІПОВА белгілі биші Шұғыланың шәкірті.

 

ӨНЕРЛІЛЕР ОРДАСЫ

1965 жылы Гурьев филармониясы құрылған уақытта оның өз ғимараты болмаған еді. 2000 жылға дейін филармония әртістері мен қызметкерлері «Мұнайшылар» Мәдениет үйінің бір бөлмесінде отырған. Дегенмен, осы 35 жыл ішінде олар негізгі құрамын, ал ең бастысы шығармашылық рухын сақтап қалды. Кейін сол кездегі филармония директоры Асқар Харесов (марқұм) филармонияның өз ғимараты болуына қол жеткізді – Махамбет көшесі бойындағы «Радио үйіне» көшті.

Бұл жердегілер күні кеше өмірден өтіп кеткен Қаспай ХАСАНОВТЫ естен шығармайды. Қаспай – филармонияда аңызға айналған жан. Оның еңбек кітапшасында тек екі жазба ғана бар: филармонияға жұмысқа орналасқаны және сол жерден зейнеткерлікке шыққаны туралы. Осы жерде жүргізушіліктен бастап, ол директор орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, бір кездері директордың міндетін де атқарды.

Қазіргі филармония – барлық ісінен шығармашылық жұмыс ауаны сезіліп тұратын қаламыздағы мәдени орындардың бірі. Міне, белгілі әнші, Ғарифолла ҚҰРМАНҒАЛИЕВТІҢ шәкірті Елемес МАҒАЗОВ өзінің есеп беру концертіне дайындалуда. Елемес оны өз мерейтойына орайластырған екен. Оның концертіне Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, Ақылбек пен Қайрат КАКИМОВТАР, Қатимолла БЕРДІҒАЛИЕВ  және басқалар қатысуды жоспарлап отыр. Олардың барлығы да Елемес жазған әндерді орындамақ.

Қазақстанның ең мықты домбырашыларының қатарында аталатын Құттыгерей Дүйсеев Астанадағы гастроліне дайындалуда. «Бауыржан-шоудың» актері Нұрбек МӘДИЕВ жетекшілік ететін «Ара-Атырау» сатира театры оларды ерекше күтетін облыс аудандарына жол тартпақ.

Бұл жерде филармонияның негізін қалаушы алғашқы директор, өнерге шын берілген ерекше жан Ғинаят ҮМБЕТОВТЫҢ ізі, дәстүрі, рухы әлі күнге сезіледі.

... Ғимаратқа кіріп келе жатып адамдардың әдемілігіне еріксіз назар аударасың. Оның себебі де бар, әртістер көпшіліктен ерекшеленіп тұрады емес пе?!

 

ҚЫЗЫҚТЫҢ КӨКЕСІ АЛДА

Филармонияның қазіргі директоры Ғаділ ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ (суретте) бар өмірін музыкаға арнаған жан. Мен оны «Қызғалдақ» ВИА-сында өнер көрсетіп жүргенінен білемін, жас кезімізде топ болып концерттеріне жүгіретінбіз. Филармония осындай кәсіби, өз істеріне тыңғылықты адамдардың арқасында жұмысын жалғастыруда.

- Қарашаның соңында Атырауда жерлесіміз Сембек ЖҰМАҒАЛИЕВТЫҢ концертін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Ғ.Дүйсенғалиев. – Сембекті оның жұмсақ баритонына қарап қазақтың Лемешевы деп бекер атамаған. Қазір ол Астанадағы Ұлттық музыка академиясында сабақ береді және концертіне өзінің шәкірттерін де алып келмек. Сембектің концертіне, сонымен бірге, Мақпал ЖҮНІСОВА да келуді жоспарлап отыр, олар өнердегі жолдарын бірге бастап, көбіне әндерін дуэт болып орындаған. Және белгілі домбырашы, филармонияның ардагері Жәнібек ДҮЙСЕНАЛИЕВТІҢ жеке концерті де болады. Осы маусымда біз ҚР Еңбегі сіңген өнер әртісі, 6 жыл бұрын арамыздан кетіп қалған Мекес ТӨРЕШОВ атындағы дәстүрлі әншілердің ІІ өңірлік конкурсын өткіземіз. Жақында біз дыбыс жазу студиясына қондырғылар сатып алдық, қазір оны орнату жұмыстары жүріп жатыр. Жақын болашақта өзіміз-ақ ән жазып, дискілер шығара алатынымызды айтқым келеді.

Бұл маусымға филармонияның тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Жазда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген, жаңа костюмдер тігіліп, музыкалық аспаптар сатып алыныпты. Ал сахна тіпті көздің жауын алады, керемет! Жаңа маусым сәтті болғай!

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

10 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.