Облыстық әкімдікте бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша облыстың бас салық қызметкері есеп берді.
Атырау салық департаментінің бастығы Асқар ТЫНЫСБЕКОВТІҢайтуынша, атыраулық салық қызметкерлері бюджеттің барлық түрі бойынша жоспарды асыра орындаған. Мемлекет бюджетіне 64 млрд. теңге шамасында,(болжам – 59,9 млрд.), республика бюджетіне – 37 млрд. теңге шамасында (болжам 33,6 млрд.), жергілікті бюджетке - 27 млрд. теңге (болжамнан 5 млн. теңгеге көп) қаржы түскен.
Бюджеттің орындалуына әдеттегідей Атырау қаласы мен Жылыой ауданы негізгі үлес қосқан. Қалған аудандардың үлестері мардымсыз.
А.Тынысбековтің айтуынша, жергілікті бюджетке түскен түсімнің негізгі үлесін жеке табыс салығы - 39,5%; әлеуметтік салық - 33,9%; мүлік салығы - 16,2%; көлік құралына салынатын салық – 0,7%; жер салығы - 0,4%; қоршаған ортаға эмиссия төлемақысы - 4,9% және т.б. құрайды.
Облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ атап өткендей, биылғы жылы республикалық бюджеттен қаражат алу екі есеге көбейген. Соған байланысты салық қызметкерлерінің алдына салық салынатын базаны кеңейту міндеті қойылды. Оның орындалуы жөнінде салық қызметкері толық баяндады.
Атап айтқанда, ол отандық жұмыс берушілердің жеке табыс салығы мен әлеуметтік салықты дер кезінде аудармайтындығын, сондай-ақ, олардың азайып кеткендігін мәлімдеді. Бірінші тоқсан ішіндегі салықтың азаюы немесе төленбеуі жөніндегі анықталған фактілер бойынша 416 салық төлеуші жалпы сомасы 4 млн. теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Салық қызметкерлері Еңбек министрлігінің мәліметтер базасынан резидент емес кәсіпорындардың жеке табыс салығы мен әлеуметтік салық бойынша бережағының 200 млн. теңгеден асып кеткенін анықтаған. Жұмысшылардың нақты саны мен табысын жасырған резидент емес кәсіпорындар қатарында «Консолидейтед Контрактинг Инжиниринг» компаниясының филиалы, «НДТ Сервис» ЖШС АФ, «ССС» аталды. Соңғы кәсіпорынды қосымша 100 млн. теңге салық төлеуге мәжбүр еткен. Б.Дәукенов жергілікті және шетелдік жұмысшылардың саны туралы ақпаратты толық білетін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына салық қызметкерлеріне өз дерекқорын ұсыну жөнінде тапсырма берді. Әңгіме алдымен Қашаған жобасында жұмыс жасап жатқан шетелдік фирмалар жөнінде болды.
Әрі қарай А.Тынысбеков бір мәрте берілетін талондар алымының дұрыстығына қатысты облыстағы 7 базарға (оның 4-уі Атырауда) жүргізілген тексеру жөнінде әңгімеледі. Желтоқсан айында уақыт межесі бойынша жүргізілген тексеруден кейін бір жолғы талондар бойынша жеке табыс салығының түсімі 24 млн. теңге құраған. Ал 2009 жылдың осы мерзімінде ол 19 млн. теңге болған еді. «Қалалық бір жолғы талондарды беру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қызметінен де заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен, 159,2 мың теңге сомасында бір жолғы талондардың берілмеген 588 фактісі, 29,7 мың теңге сомасында бір жолғы талондардың мөлшерлемесін төмендетудің 229 фактісі анықталған.
Әрі қарай ойын-сауық орындары мен бутиктер туралы әңгіме қозғалды. Камералық бақылау мен уақыт межесі бойынша тексеру 11 мейрамханадан нақты түсім мен салық органына берілген мәліметтер арасындағы әжептәуір мәліметтерді анықтады. А.Тынысбековтің айтуынша, айырмашылықтың жалпы сомасы тәулігіне 2,5 млн. теңге шамасында және тоқсан ішінде 225 млн. теңгеден астам құраған. Ол «Бейбарыс» мейрамханасын мысалға келтірді. Салық қызметкерлерінің есебі бойынша тәулігіне 500 мың теңгеден астам сомада табыс түседі екен. Ал есепте бар болғаны 78мың теңге көрсетілген.
Атырау орталығындағы брендтік бутиктерді тексергенде олардың қожайындары өз табыстарын үш есеге кем көрсететіні белгілі болған. Ал салық қызметкерлері үйлер мен көлік құралдарын салық органына тіркеусіз жалға беретін тұлғалардың есепке қойылуы бойынша жүргізілген тексеруден соң есепке пәтерді жалға беретін 100 жеке кәсіпкер мен көлікті жалға беретін 69 жеке кәсіпкер тіркелген. Шаштараздары бар жүзден аса салық төлеушілерге жасалған бақылау жұмыстары олардың жалдамалы жұмысшы санын 159 адамға кем көрсеткенін анықтаған.
А.Тынысбеков атап өткендей, бүгінде еңбек келісім-шартынсыз жұмыс жасап жатқан адамдар болашақта төменгі зейнетақы алатын болады. Атыраулық асабалармен, музыканттармен және бейнеоператорлармен жүргізілген жұмыстардан кейін І тоқсан ішінде қосымша 29 жеке кәсіпкер тіркелген.
2011 жыл касса тәртібі жылы деп жарияланды. Оның шеңберінде «Чекті талап ет – Патриот бол!» лотереясы өткізілмек. Мұнда жалпы сомасы 30 000 теңгеден кем түспейтін чектерді ұсынушыларға арналған құнды сыйлықтар ойналатын болатын.
Енді көлік салығына келейік. Жол полициясы басқармасымен бірге «Атырау» СҮ (бұрынғы «Ардагер») маңында «салық қосыны» орнатылған. Соның нәтижесінде автоәуесқойларға 9 млн. теңге шамасындағы сомада 78 ескерту хабарлама берілген. Алайда А.Тынысбековтің айтуынша, автоәуесқойлар мұны тез аңғарып, осы қосынды айналып өтетін болған. Осы жерде, кеңесте қала орталығының басқа жерінен салық қосынын ұйымдастыру ұйғарылды. А.Тынысбеков көлік салығы бойынша борыштылар тізімін Атырау облыстық салық департаментінің ресми www.taxatyrau.kzсайтынан танысуға болатынын хабарлады.
Жалған кәсіпкерлік бойынша, статистика мәліметтеріне сәйкес, көлеңкелі экономика ауқымы соңғы 10 жыл ішінде 30% жалпы ішкі өнімнен 20 пайызға дейін азайған. Алайда бұл да көп. Салық қызметкерлері бұған салық салудың өзіндік «оңтайландыру» салдары себеп болып отыр дейді. Салық төлеушілер өз табыстарын азайтып көрсетеді немесе шығындарын негізсіз көтеріп жібереді. А.Тынысбековтің айтуынша, Атырау облысында жалған кәсіпкерлікпен өзара есеп айырысқан барлығы 1 679 контрагент анықталған. Қосылған құн салығы бойынша 80 контрагентке 80 млн. теңге шамасындағы сомада, корпоративтік табыс салығы бойынша 58 контрагентке 96 млн. теңгеден астам сомада қосымша декларациялар ұсынылған.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА