
Қазақстандағы ең ірі Теңіз және Қоролевское мұнай-газ кен орындары уақытша тоқтап тұр. Бұған электрмен жабдықтаудағы ақаулар себеп болып отыр. Бұл туралы Centralmedia24 хабарлады.
18 қаңтар күні «Теңізшевройл» компаниясының өндірістік нысандарында төтенше жағдай орын алды: электр трансформаторы өртеніп, кейін екінші трансформаторда да өрт шыққан. Қауіпсіздік мақсатында аумақтан 473 қызметкер эвакуацияланды. Алдын ала деректер бойынша зардап шеккендер жоқ.
Авария электрмен жабдықтаудағы іркілістерге әкеліп, мұнай өндіруді тоқтатуға мәжбүр етті. Қазір мамандар апат салдарын жоюмен айналысып, өндірісті қалпына келтіру мерзімін бағалауда.
19 қаңтарда Теңіз кен орнында алауда газдың жануы күшейіп, қою қара түтін байқалды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдай Қазақстан мұнайының экспорттық жеткізілімдеріне әсер етуі мүмкін. Өйткені «Теңізшевройл» елдегі мұнай өндірудің шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді.
В Атырау -15