Атырау, 22 қараша 20:38
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Майталмандар мектебі

7 381 просмотра

Театрдың болашағы қандай, проблемалары бар ма және актер мамандығының мәні неде... Махамбет атындағы драма театр актерлері үшін ұйымдастырылған Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының белгілі әртістерінің шеберлік сабақтары кезінде осы және басқа да мәселелер талқыланды.

Жауыр болған өзекті мәселелердің көптігінен сахна жұлдыздары мен жергілікті әртістердің арасындағы әңгіме шеберлік сабағы форматынан шығып кетіп жатты. Отырыс алдындағы материалдық саланы қозғамайық деген әзіл-шыны аралас келісімге қарамастан, әңгіме айналып келіп әртістердің тұрмыстық ахуалдарының нашарлығына тоғыса берді.

Алайда, алдымен рухани мәселелерді қозғайық. Қазіргі елімізде жұмыс жасап жатқан 32 қазақ театры қай өнер мектебіне жатады деген сауал үлкен талқыға ұшырады. Өнер майталманы Асанәлі ӘШІМОВ барлық кеңестік театрлар МХАТ-тан, ал МХАТ өмірден үйрену керек деген көне мақалды мысалға келтірді. Белгілі актер Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ өзінің театрдың классикалық қағидаларын ұстанушылардың бірі екендігіне қарамастан, театр бір орында тұрып қалмай, дами беру керек екендігін айтып өтті:

- Қуырдақ та келесі күнге қалса, бұзылады, ұзақ сақтасаң, судың да дәмі кетеді. 

Оның пікірінше, қазақ театры өз мазмұны жағынан орыс классикалық театр мектебіне жақын.

- Қазақ театры – қазақ тіліндегі орыс театры, - деп әзілдеді Жаманқұлов.

Жастарды театрға қалай тарту керектігі жөнінде де әңгіме жүрді. Біраз пікірталастан кейін заманауи өзекті драматургияға көп көңіл бөліп, өшпес классикадан да бас тартпауымыз керек деген бір шешімге келді.

- Актер қолбала емес, театрды актерлер жасайды деп ойлаймын. Станиславский айтқандай, сахнада ойнамау керек, өмір сүру қажет. Актердің шеберлігі образға кіріп, егер керек болса, сол бейнені айналаңнан іздеуді қажет етеді. Өз прототиптерімді кейде базардан да тапқан кездерім болды. Тағы қайталап айтайын, актер режиссердің қолындағы қуыршақ емес, оның өз көзқарасы болуы керек, - деп өз ойымен бөлісті Әшімов.

Бұл жай ғана айтыла салған сөз емес екендігіне Атыраудағы майталман қатысқан жалғыз спектакль – Гауптманның «Ымырттағы махаббат» пьесасын көргенде көзім жетті. Бұл - әлі жас келіншек пен 70 жастағы үлкен отбасының әкесі арасындағы ғашықтық оқиға.Майталман шындығында да сахнада өмір сүреді екен. Оған оның керемет ойнау шеберлігін қосыңыз. Тек өзіне ғана тән дарындылығымен үзіліс жасап, үнсіз қалғанда, сөзсіз бәрі де түсінікті – үлкен шебер үшін өз тағдыры мен адамға әсер ету қабілеті бәрін жеткізеді.

Шеберлік сабағында Әшімов біздің театрдың нашар акустикасын да сынға алды. Айта кетсек, ол күрделі жөндеуден кейін бұзылған еді. - Нағыз театрдың негізгі атрибуттары концерттер мен салтанатты жиналыстарға арналған қабырғадағы әдемі оюлар емес, әртістің тері сіңген ескі дивандар мен креслолар, - деп кекесінмен айналаны бір шолып өтті.

Белгілі театр және кино актері Төлеубек АРАЛБАЙ шет өңірлердегі әртістердің ауыр өмірлері туралы қинала айтты:

- Біздердің киноға немесе теледидарға түсу мүмкіндіктеріміз бар ғой. Бәріміз де Жүргенов атындағы академияны бітірдік, барлығымыз бір өнер мектебінен шықтық, алайда шет жақтағы өңірлерде тұратын актерлер 28 мың теңге жалақы алып, 50 мыңға үй жалдайды.

 

КЕЛЕҢСІЗ ЖАҒДАЙ

Театрлық шытырман оқиғасыз да болған жоқ, онсыз бола ма? Жергілікті әртістердің бірі қазіргі театр басшылығына, нақтылап айтсақ, директоры Асылбек ЫҚСАНОВҚА риза еместігін жеткізді. Оның айтуынша, міне, бірнеше жылдан бері оған роль берілмей жүр екен, ол үшін актердің талантынан гөрі дипломы (бұл әртіс қыздың дипломы жоқ екен) мен қаражаты болуы маңызды-мыс. Қонақтар бұл келеңсіз оқиғаны талқыламауды жөн көрді. Алайда олардың бірі бұл кәсіби мектептің жоқтығына байланысты шығар деп жорамалдады:

- Біз 4 жыл бойы теорияны, сахналық қозғалысты, сөйлеу техникасын игеруді бекер оқымаған болармыз. Бұларсыз Шекспир мен Ибсенді ойнай алмайсың. Мен мәскеулік өнер мектебін бітірдім. Жақында өз еңбек кітапшамды қарап, таң қалғаным бар. Бізді жоғары оқу орнынан кейін 90 теңге жүктемемен қосалқы құрамға алыпты, тек 10 жылдан кейін ғана негізгі құрамға ауыстырып, жоғары санат берді. Ал қазір мұндай сатылық өрлеу жоқ.

Шеберлік сабағынан кейін мен Асанәлі Әшімовтен гастроль барысына ризасыз ба деп сұрадым:

- Иә, халық бізді жақсы қарсы алды.

- Театр проблемалары турасында жергілікті басшылықпен сөйлестіңіздер ме?

- Мен Бақтықожаны (Ізмұхамбетов) бұрыннан да білетінмін, бұл жолы да сөйлестік. Ол ата-анасының, әсіресе, анасының өнерге жақындығын айтты. Өзі домбыра да тартады екен. Әңгімеміз кезінде әртіс кадрларға көмектесуін сұрадым. Еліміздің барлық театрларында да материалдық база жағынан осындай проблемалар жеткілікті.

- Біздің театр туралы пікіріңіз қандай?

-Режиссура мен актерлер құрамы жаман емес. Ал акустиканы түзейміз деп сөз беріп жатыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.