Атырау, 20 желтоқсан 23:24
 бұлттыВ Атырау -1
$ 524.02
€ 545.19
₽ 5.09

Суға жұтылған көк қағаз немесе құдықтар қайда?

7 703 просмотра

Жыл сайын ірі мұнай компаниялары әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға миллиардтаған теңгелер бөледі. Ал осы қаржылардың негізгі үлесі өтелетіндігін ескерсек (қазақстандық тарап әлеуметтік-инфрақұрылым жобаларын болашақта өндірілетін мұнай есебінен төлейді), шығындардың тиімділігі басты фактор болып саналады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай бұған қатысты бізде біраз түйткілдер жоқ емес.

ЕНДІ ТАЛАП ЕТЕМІЗ...

Ірі жер қойнауын пайдаланушылардан міндетті түрде әлеуметтік-инфрақұрылым жобаларын (ӘИЖ) тек Солтүстік-Каспий жобаларына қатысушылар ғана жүзеге асырады. Мұнай тасымалдауға маманданған Теңізшевройл мен «КТК-К» АҚ ерікті жарналар түрінде қаржы бөледі.

Сонымен, 1998 жылдан бастап 2012 жыл аралығында Солтүстік-Каспий жобасының операторлары (Қазақстанкаспийшельф, Аджип ҚКО, қазіргі – NCPOC) жалпы сомасы 325 млн долларға 146 ӘИЖ жүзеге асырған. Оның 143,3 млн доллары Атырау облысында, 182,4 млн доллары Маңғыстау облысында. Біздің өңіріміз үшін бұл шамамен жылына 10 млн доллар. Бұдан басқа, NCOC жылдық бюджеті 1,5 млн доллар және лимиті бір жобаға 30 мың доллар болатын Демеушілік және қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асыруда. Мұндағы қаржы Атырау мен Атырау облыстарына тең бөлінеді. Бірақ бұл ӘИЖ шеңберіндегі күрделі құрылыспен салыстырғанда «ұсақ-түйек» қана.

«ТШО» ЖШС жүзеге асыратын «Игілік» ерікті бағдарламасының бюджеті 1998 жылы 4 млн доллардан бастап 2013 жылы 25 млн долларға дейін көбейді. Бұған 2012-2013 жылдары «КТК-К» АҚ бөлген 12 млн долларды қосыңыз. ӘИЖ-ның жалпы бюджеті тек биыл 47 млн долларды немесе 7 млрд-тан астам теңгені құрайды.

Бұл қаржылар қаншалықты тиімді жұмсалуда? Айқын мысал – Құлсары қаласындағы сумен қамту жүйесін қайта жарақтау жөніндегі ТШО жобасы. Бұған 2009-2011 жылдардағы «Игілік» бағдарламасының үшжылдық бюджеті - 45 млн доллар жұмсалды. Жұмыстардың орындалу барысындағы олқылықтар салдарынан 2012 жылы ТШО қосымша қаржылар бөліп, биыл қайтадан шығындалып отыр. Биылғы жылдың шілдесіндегі мәжілістердің бірінде Жылыой аудандық әкімдігінде кейбір учаскелердің құдықтармен жарақталмағандығы, соған орай жергілікті апаттарды жою кезінде бүкіл көше бойындағы суды тоқтатып қоюға тура келетіндігі  айтылған болатын. ТШО өкілдері жұмыс мөлшері бұрынғы аудан әкімінің талаптарына байланысты өзгерді деп, жұмыстардың сапасыз жасалғандығы туралы сынды қабыл алмады.

Естеріңізге салсақ, өткен жылы вице-премьер болып тұрған кезінде Қырымбек КӨШЕРБАЕВ Құлсарыға барған сапарында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ ТШО-ны әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруда өте дербес саясатты ұстанатындығы үшін сынға алған болатын. Өйткені, қазақстандық тараптан орын алған қаржы игерудегі сыбайлас жемқорлық жанжалдар салдарынан ТШО 1997 жылдан бастап ӘИЖ-ны өзі жүзеге асыратын болған: жобалар әзірлейді, тендерлер өткізіп, құрылысқа бақылау жасайды. Әкім жобаларды әзірлеудің созылып кеткендігіне, соның салдарынан ӘИЖ-ге бөлінген қаржылардың бір бөлігі біржола күйіп кететіндігіне наразылық білдірді. Сол кезде Ізмұхамбетов жобаларды әкімдік әзірлейді, ал құрылыспен жергілікті құрылыс компаниялары айналысады деп шарт қойды. Келіспеген жағдайда ТШО «айтарлықтай проблемаларға» тап болады деп уәде етті. Соның нәтижесінде енді басымды жобалар тізімін жергілікті билік пен ТШО өкілдерінен тұратын жұмыс комиссиясы белгілейтін болады.

Бұл жерде кімдікі дұрыс екенін айта алмаймын. Жергілікті билік пен мұнай алыбының арасындағы әлеуметтік бағдарламалар жүзеге аса бастаған 20 жылдан бері осы мәселе бойынша бірыңғай стратегияның жоқ екендігі анық.

 

АУРУХАНАЛАР ЖЫРЫ

Солтүстік-Каспий жобасы бойынша да бәрі керемет емес. Мәселен, 2005 жылы Атырау селосында Солтүстік-Каспий жобасының операторы «Аджип ҚКО» болып тұрған кезде құны 92 млн теңге тұратын аурухана салынды. Кейінірек, оның су және кәріз жүйесімен дұрыс жарақталмағаны анықталды. Ал бізге NCOC баспасөз қызметінен хабарлағандай, ӘИЖ-лерді іріктеу және жүзеге асыру кезінде келесі сызба әрекет етеді екен:

«Атырау және Маңғыстау облыстарының әкімдіктері ӘИЖ-ні таңдап, әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына қарай орындауды ұсынады. Әкімдік негізгі пайдаланушыны және жобаны жүзеге асыру кезіндегі басымдықтарды анықтайды. Әкімдік жобалаған жұмыс құны мен болжамды көлемі есептелген жобаларды Өкілетті орган мақұлдауы тиіс. Содан кейін жұртшылықпен байланыс жөніндегі қосалқы комитеттің мақұлдауына және Солтүстік-Каспий жобасын басқарушы комитетінің қарарымен бекітуге ұсынады. Жұмыстарды сатып алу процесін NCPOCкомпаниясы операторының агенті жүзеге асырады. Осы топтың міндетіне сатып алуды ұйымдастыру, соның ішінде жобалау жұмыстарын, құрылыс жұмыстарын сатып алу, жабдықтарды жеткізу және т.б. кіреді. Жобалау мекемесі мен құрылыс компаниясы тендер арқылы анықталады. Кей жағдайларда әкімдіктер мемлекеттік сараптамамен бекітілген дайын ЖСҚ (жобалау-сметалық құжаттама) ұсынады. ӘИЖ шеңберінде нысандарды салу кезінде құрылыс сапасына міндетті техникалық қадағалау жүзеге асырылады. NCPOCөкілдері жергілікті билік секілді салынып жатқан нысандардың жобаға сәйкестігіне қатысты тұрақты инспекция жүргізіп отырады. 

Құрылыс кезінде жіберілген олқылықтарға келер болсақ, 2001 жылғы 16 шілдедегі №242-II «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес, олар үшін жобалау мекемесі (егер ЖСҚ-да қателіктер кеткен болса) және мердігер құрылыс мекемесі (егер нысанды салуда олқылықтар жіберілген болса) жауапкершілікте болады».

Ал барлығын жергілікті билікпен мақұлдау тәжірибесінің келесі жағы да бар. Бірнеше жыл бұрын №3 мектепті күрделі жөндеуге консорциум бөлген ақшалар әкімдіктің ықтиярымен кезекті көпірлердің бірін салуға жұмсала жаздаған болатын. Ал созылып кеткен жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысына қатысты жағдайда топыраққа қатысты айтарлықтай проблема бар екендігі анықталды. Соған орай жергілікті мамандар әзірлеген жобалау-сметалық құжаттамасы қайта жасалып, құрылыс құны өсіп кетті.

Өнім бөлінісі туралы келісімшарт бойынша Каспийде мұнай өндіріле бастағанда әлеуметтік бағдарламалар бюджеті әжептәуір қысқаратынын атай кеткен жөн. Ал мұнай өндіру басталып кетті.

«КТК-К»-де де осындай ахуал. Ол жерде де қажетті нысанды таңдау құқығы әкімдікке берілген. Ал жүзеге асырылатын кезде КТК (төлемші), әкімдік (оператор), кәсіпорын (тапсырыс беруші) және мердігер компания (орындаушы) арасында төрт жақты келісімшарт жасалады. Құрылыс сапасына келер болсақ, компаниядағылар жобаларға жобалау кезеңінде де, бүкіл құрылыс кезеңінде де аудит жүргізілетіндігін растап отыр.

Ал ондаған жылдар бойы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері билік пен мұнай компанияларының әрқайсысы көрпені өздеріне қалай тартып жатқанын бақылап, Атырау облысынан жергілікті биліктің, бизнес секторының және ҮЕҰ өкілдерінен, сонымен қатар әлеуметтік-инфрақұрылым жобаларының орындалуына мониторинг жүргізіп, бақылау жасайтын жұмысшылар кеңесінен құралатын үштарапты ақыл-кеңес беретін комиссия құруды ұсынып отыр. Бәлкім, бұл жағдайда халық сапалы және қажетті нысандарға қол жеткізетін болар.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

3 қазан 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.