Атырауда Еркін экономикалық аймақ (ЕЭА) аумағында полимер өнімдерін шығаратын зауыт құрылысы басталды.
Астанада өткен баспасөз конференциясында болашақ өндірістің директоры, «Полимер Продакшн» ЖШС басшысы Ғабит ЗАКАРИЯ хабарлағандай, кәсіпорындарда өндірілетін өнімдердің 60 пайыздан астамы биаксиалдық бағытталған полипропилен үлдірді құрайды. Ал әзірге бұл үлдірді Қазақстан Түркиядан, Қытайдан, Ресей мен Ираннан импорттайды. Оған азық-түліктер, киім-кешектер, темекі өнімдері оралады, одан сусындарға арналған затбелгілер жасалады.
«Самұрық Қазына» ҰӘҚ-ның 100 пайыз еншілесі боп табылатын Біріккен химиялық компаниясы (БХК) химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі үкіметтік бағдарлама шеңберінде жобаны жүзеге асырады. Жобаның жалпы құны 85 млн доллар, оның 50 пайызы ҰӘҚ қаржысы, қалған 50 пайызы – «Сбербанк» АҚ еншілес банкінің қарыздық қаржылары.
Бизнес-жоспарда құны 30 млн доллар болатын еуропалық өндірістегі өндірістік жүйеде 19 млн тонна полиэтилен және полипропилен үлдірлер шығарылатын болады. Бұл көлемдер, Закарияның айтуынша, ҚР-ның ішкі сұраныстарын қанағаттандырып қана қоймай, Орталық Азия мен Ресей Федерациясының оңтүстігінде сұранысқа ие болуы мүмкін.
Атырау ЕЭА-ның құрылыс алаңында не болып жатқандығы туралы біз «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ-ның өкілетті тұлғасы Арман ҚАЙЫРДЕНОВПЕН сұхбаттасқан едік.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта полимер үлдірін шығаратын зауыт нысандарын салу жұмыстары басталған. Өндірісті іске қосу 2014 жылдың 3-4-ші тоқсанына жоспарланған.
- Бастапқы кезде құрылыс аяқталғаннан кейін зауыт сырттан әкелінген шикізатпен жұмыс істейтін болады. Алайда одан бұрын өндіріс үшін біріктірілген газ-химия кешенінің шикізаты пайдаланылады деп жобаланған еді. Ал біріктірілген газ-химия кешені жобасын жүзеге асыру көптеген техникалық және процедуралық мәселелердің шешіміне, сонымен қатар қаржыландыруға байланысты болып отыр. Газ-химия кешенін салуға екі компанияның: жылына 500 мың тоннаға дейін полипропилен өндіретін «KPI inc.» ЖШС (51 пайызы БХК-ге, қалған 49 пайызы «АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС-не тиесілі – Л.С.) мен жылына 800 мың тоннаға дейін полиэтилен өндіретін «KLPE» ЖШС-нің (50 пайызы кореялық LG Chem Ltd компаниясына, 25 пайызы «SAT&Company» АҚ-на және 25 пайызы БХК-ге тиесілі - Л.С.) қатысатындығы өздеріңізге белгілі. Екі жоба да түрлі кезеңдерде тұр, алайда олардың негізгі құрылысы келер жылы басталады деп үміттенеміз.
Арнайы экономикалық аймақты ұйымдастыру бір индустриалды алаңда инфрақұрылым нысандары мен өндірістік циклдарды біріктіруді жобалайды. Бұл болашақ өндірістердің операциялық шығындарын үнемдеуге мүмкіндік береді. ЕЭК аумағында қазіргі кезде жүйе құратын 4 жоба жүзеге асырылуда. Олар: 2 кезеңнен тұратын газ-химия кешенінің өзі, бутадиен өндірісі («Бутадиен» ЖШС) және полимер үлдірі өндірісі («Полимер Продакшн» ЖШС). Бутадиенге келер болсақ, бұл синтетикалық каучук өндіруге арналған шикізат. Ал каучук резинотехникалық бұйымдарды өндіруге арналған шикізат боп табылады. Аталмыш өндірістер негізгі боп табылады, олардың өнімдері келесі шама өндірісіне дейін шикізат ретінде пайдаланылатын болады. Бүгінде ЕЭА аумағында ресми түрде 31 қатысушы тіркелген.
- Бұрын БХК төрағасы Дәурен ЕРДЕБАЙ сингапурлық Jurong International Holding Pte Атырау ЕЭА басқаруына қатысады және ол бірнеше кезеңде жүзеге асады деп мәлімдеген болатын. Бірінші кезеңде сингапурлықтар басқарушы компанияны құруға қатысу үшін өз мамандарын бөледі. Ал екінші кезеңде - келесі жылдың ортасында біріккен кәсіпорын құрылатын болады.
- Бүгінгі күні сингапурлық компанияның қатысы бүкіл Қазақстандағы10 ЕЭА қызметін жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеумен шектеледі. Бұл жұмыс ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар ұлттық агенттігі» АҚ тапсырмасы бойынша жүргізілуде. Қазан айының басында құрамында Jurong өкілдері де болатын мамандар тобы келеді деп күтеміз.
- Бүгінгі күні Еркін экономикалық аймақтың меншік иесі кім?
- Бұрын ЕЭА Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі болатын. Алайда биылғы жылдың наурызында қайта құру туралы бұйрық шықты. Соған сәйкес, «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағы әкімшілігі» мемлекеттік мекемесі «Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағын басқарушы компания» АҚ боп қайта құрылды. Осыған байланысты қаржылық қадағалау комитетінде акциялар эмиссиясы мен акцияларды тіркеу проспектісі шығарылды. Қазіргі кезде ҚР Мұнай және газ министрлігінде акцияларды тарату және қабылдау жүргізілуде.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА