Атырау, 21 желтоқсан 09:57
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырауға күйе жақты

3 021 просмотра

Микаэль Антуан-КюрьеМикаэль Антуан-КюрьеШотландық Scottish Sun газеті Юинг Грэмнің «Kazakh racists made my life misery» - «Қазақ нәсілшілдері менің өмірімді тозаққа айналдырды» тақырыбындағы мақаласын жариялады. Мұнда «Атырау» футбол клубының бұрынғы қара нәсілді легионері Микаэль Антуан-Кюрье өзінің Қазақстанда ойнаған кездері туралы әңгімелеген.

 

«МАЙМЫЛ ДЕП МАЗАҚТАП, ТҮКІРІП ТЕ ЖҮРДІ»

Мақалада келесілер жазылған: «30 жасар ойыншы Hamilton Academical командасындағы өз мансап жолын гол салумен бастады, осы доптың арқасында Kilmarnock клубы Лига кубогынан шеттетілді. Алайда Гваделупа француз шалғай департаментінің тумасы әлі де болса қазақстандық «Атырау» командасында төрт ай өнер көрсеткен кезінде алған жағымсыз әсерлерінен еш айыға алар емес. Ол жерде футболшыдан командадағы әріптестері сырт айналып, басқа командалардың жанкүйерлері түкіріп, ол аздай түсі қара болғаны үшін тұрғындар пәтер жалдаудан бас тартқан».

Әрі қарай Антуан-Кюрьенің сөзі келтіріледі: «Қазақстанда жағымсыз жағдайға тап болдым, ол жерде нәсілшілдік қатты белең алған. Әңгіме тек өзге командалар стадионындағы жанкүйерлер турасында ғана емес, ол жақта нәсілшілдік лебі баршадан және әр адамнан сезіледі.

Біздің кейбір жанкүйерлеріміз клуб директорына шығып, командада қара нәсілді ойыншылардың ойнағанын қаламаймыз деп жариялапты. Маған пәтер жалдап тұруыма рұқсат берген, алайда пәтерге барғанымда, үй иесі: «Жоқ, мен оның қара екенін білген жоқпын, мен үйімде оның тұрғанын қаламаймын»,- деп айтты.

Осылайша, менің тұрғын үйім болмады және мен 15 шаршы метр бір бөлмеде тұрдым. Мен осы тұйық кеңістікте 24 сағат бойы өзіммен өзім қалдым, өйткені ешкім ағылшынша сөйлей алмайды және қаралығым үшін маған тырнағын тигізуге арланатын. Мен енді ол жаққа ешқашан қайта барғым келмейді. Бұл менің өмірімдегі ең жаман төрт ай болды. Мені маймыл деп мазақтап, алаң қапталына жақындағанда маған қарай түкіретін.

Командалас жолдастарым Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде менімен жақсы қатынаста болған, ал қалай Қазақстан жеріне келдік, бәрі менен сырт айналды – олар өздерінің қара нәсілді адаммен бірге жүргенін көргенді қаламаған шығар».

Футболдан Қазақстан чемпионатының биылғы маусымы басталар алдында барлық қазақстандық БАҚ-тар Transfermarkt агенттігіне сілтеме жасап, Премьер-лигадағы ең қымбат ойыншылардың тізімін ұсынған болатын. Ал бұл тізімде Антуан-Кюрье «Атырау» құрамындағы ең қымбат ойыншы болып саналған еді – оның трансферлік құны жарты миллион еуроға бағаланған.

 

«ОЛ ТӘРТІП БҰЗУШЫ ӘРІ СУАЙТ»

«Атырау» командасының бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧ«Атырау» командасының бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧАнтуан-Кюрьенің берген сұхбатына «Атырау» командасының бас бапкері Миодраг РАДУЛОВИЧ былай түсінік берді. Онымен «Ақ Жайық» тілшісі «Судоремонтник» стадионындағы «Атырау» ФК-ның кеңсесінде кездескен еді:

- Ол бізге осы жылдың ақпанында, Түркияда өткен алғашқы оқу-жаттығу жиынының ортасында келді, байқауға қатысып, екі ойын өткізді.

Сол кезде «Атырауда» қаржылық қиындықтар болған еді, ал Антуан көп сұрамады – айына 4 мың доллар жалақыға келісті. Мұндай ақшаға ешбір легионер ойнамайды. Ал бізге дәл осындай шабуылшы керек болған.

Оқу-жаттығу жиынында ол өзін жақсы көрсете білді. Черногория чемпионы – «Будущность» командасына гол соғып, литвалық «Экраноспен» ойында пенальти әкелді. Жиындардың екінші кезеңінде де жақсы өнер көрсетті. Біз оны алдық, ал Атырауға келгеннен кейін, проблемалар басталды.

Алғаш рет ол екінші турдан кейін белгіленген уақыттан 3-4 күн кешігіп келді. Әрі қарай жалғаса берді. Ол барлық жерлерден – жаттығулардан, тактикалық сабақтардан, серуендеуден, түскі астан, тіпті, әуежайдан да кешіге берді. Бірде кезекті матч қарсаңында мен оны «Бавариус» түнгі клубында түн ортасында билеп жүрген жерінен ұстап алдым. Менің жанкүйерлер арасында достарым көп. Солардың бірі түнде телефон шалып: «Ойыншың мында жүр, жинап ал!»,- деді. Мен түнгі клубқа келіп: «Майкл, маңызды матч қарсаңында мұнда не істеп жүрсің?»,- деп сұрадым. «Сорри, тренер»,- деп шығып кетті.

Мен демократияшыл адаммын, бірақ кәсіби футболшылар арасында тәртіп болғанын қалаймын. Барлық ескертулеріме «О’кей, тренер» деп жауап қайыратын. Бірақ келеңсіздіктер қайталана берді. Ол командадағы жалғыз шабуылшы екеніне, бәсекелесі жоқтығына дандайсып кетті. Ал шын мәнінде, ол 13 матчта бірде-бір гол соқпады.

30 мамырда «Ордабасымен» болған ойыннан кейін барлығымыз қысқа мерзімді демалысқа кеттік. Мен команданың жиналу күнін белгіледім. Барлығы уақытында келді, тек Антуан-Кюрье 3 күнге кешігіп қалды. Ол мұны дос қызымен Испанияда демалдым деп түсіндірді. Мен: «Төзімім таусылды!», деп айттым. Ол кәсіби футболшы және өз міндеттемелерін қатаң орындауы керек, сондай-ақ жас ойыншыларға үлгі бола білуі қажет. Мен мұндай еркеліктерді көтермеймін. Оның орнына біз екі шабуылшы – Алексей Щеткин мен Ненад Иняцты алдық. Алексей осы 4 айда керемет ойын өрнегін көрсетіп, оған ресейлік клубтар «құда түсіп жүр».

Антуан-Кюрьенің келісімшартында «Атырау» ФК оны пәтермен қамтамасыз етуі керек деп жазылмаған. Ол Балықшыдағы «Судоремонтник» базасында тұруы керек болатын. Егер оған пәтер керек болғанда, аудармашыға айтуы керек еді ғой, өйткені ол тек ағылшын тілінде ғана сөйлейді. Мұндай өтінішпен ол маған келген жоқ. Осыдан оның түсінің қаралығына байланысты пәтер таба алмағаны жалған екеніне көз жеткізуге болады.

Атырау – мұнайлы қала, мұнда көптеген шетелдіктер, соның ішінде қара нәсілділер емін-еркін өмір сүріп жатыр. Антуан-Кюрьенің мұндай әңгімелерінің ешбір қисыны жоқ...

«Судоремонтник» базасында тренажер залы, интернет, кабельді теледидар, серуендегің келсе, жағалау да бар. Ал Антуан-Кюрьенің сөзіне қарасақ, ол төрт қабырғаға қамалған.

«Атырау» командасының өзге алаңдарда өткізген матчтарында оны маймыл деп, бетіне түкірген оқиғалар туралы да осыны айтуға болады. Мұндай жағдайлар ешқашан болған емес. Команда құрамында болған кезінде ол маған мұндай келеңсіздіктер туралы еш нәрсе айтқан жоқ. Тек мен оған ұрыстым, тек сол ғана тәртіп бұзды.

Мен мұндай әңгімелерді ұнатпаймын. Маған Еуропадан журналистер телефон шалып тұрады. Біз олармен бірге мықты ойыншылар – «Манчестер Ситидегі» Мирко Вучинич, «Фиорентинадағы» Стефан Савич, «Манчестер Юнайтедтегі» Неманье Видич, «Челсидегі» Браничлав Ивановичтер туралы айтамыз. Антуан-Кьюренің жағымсыздықтары жөнінде ұмытқым келеді. Біздің ойыншылардың бірде бірі оған еш жамандық жасаған жоқ.

«Атырау» ойыншыларының достық қарым-қатынастарына үлкен мысал ретінде 28 қыркүйекте болған жартылай қорғаушы Айбар Нұрибековтың үйлену тойын келтіруге болады. Команда түгел тойда болып, жастарға кілем мен конверт сыйлады. Жігіттер тойда бір сағат жарым болып, «Тобылмен» болатын ойынға дайындалуға кетті.

Қазір «Атыраудың» жағдайы жақсы. Облыс әкімінің қолдауымен команда мен күткеннен де жақсы нәтиже көрсетті. Біздің қаржыландыруымыз Премьер-лигадағы азы болса да, біз 8-орынға табан тіредік. Соңғы 10 ойынның тек біреуінде ғана ұтылдық. Команданың негізі қаланды.

Өзім туралы айтсам, команда басында қалу-қалмауым белгісіз. Жақсы ұсыныстар түсіп жатыр. Мен гректер мен кипрлықтардың ұсыныстарынан бас тарттым. Бір айтарым – Атырау маған ұнайды. Антуан-Кюрье аңыздарының бір ұшы маған да тиді, өйткені мен де шетелдікпін ғой. Бұл жерде өте мейірімді де қонақжай халық тұрады. Маған бұл жер ұнайды.

Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер «АЖ» мұрағатынан  

2 қазан 2013, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.