Атырау, 23 желтоқсан 23:56
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Ислам жайлы ақиқатты айқындайтын экспедиция

3 414 просмотра

Еліміздің аймағында ислам дінінің кең таралуына ықпал еткен тұлғалардың еңбектерін зерттеу экспедициясы өз жұмысын бастады. Оның құрамында отандық телеарна журналистерімен бірге киногерлер мен актерлар, сонымен қатар, Астанадағы ислам мәдениеті мен білімін қолдау қорының қызметкерлері де бар.

Бұл зерттеу жорығы сәуірдің ортасында басталды. Ол маусымның 10-на дейін жалғасады. Қазақ жеріндегі ислам мәдениетіне үлес қосқан ғұламалардың өмірі мен еңбектерін зерттеуге шыққан ғылыми топ олардың өмірінен фильм де түсірмекші. Нақтырақ айтсақ, Ахмет Яссауи, Әл-Фараби, Хибатулла әл-Тарази, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Пір Бекет ата, Әубәкір Кердері, Ыбырай Алтынсарин, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердиев және Нуан Қазіреттің өмір жолдары мен еңбектері 12 деректі фильмге арқау болмақ.   

Экспедиция 12 мың шақырым жол жүрмекші. Олар жұмыстарын Тараз қаласынан бастады. Кейін Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Атырау, Қостанай, Павлодар, Көкшетау, Семей, Алматы және Астана қалаларында болмақ.  

Экспедицияны ұйымдастырушылар - ислам мәдениетін және білімін қолдау қоры мен мәдениет министрлігі мен білім және ғылым министрлігі. Эскпедиция барысында жинақталған материалдар мен кітапшалар әр қаладағы тұрғындарға тегін таратылады.

Ислам мәдениетін және білімін қолдау қорының атқарушы директоры Балғабек МЫРЗАЕВ:

- Бұл экспедицияның мақсаты – Қазақстанның өңіріндегі ислам діні пайда болған VII-ғасырдан бастап, бүгінгі күнге дейін өмір сүрген тұлғалар мен олардың ислам дініне және қазақтың салт-дәстүріне қандай үлес қосқандығы жөнінде зерттеу жүргізу. Қазақ мәдениетінде ислам ғұламаларының орны қалай болды? Біз нені насихаттауымыз керек? Осы да өзге сауалдарға жауап іздемекпіз. Қоғамда әр түрлі мәзхаб немесе ағым мәселесі шығып жатыр. Саяси діни партиялар да бар. Сол себепті, оларды бабаларымыздың еңбектерімен салыстыра отырып, олардың біздің дәстүрімізге, мәдениетімізге сәйкес келмейтінін тұрғындарға түсіндіру.

- Сонда экспедиция түрлі діни ағымдар көп кездесіп отырған қалаларда болмақ қой?

- Елімізде Кеңес дәуірі тұсындағы атеизмнен кейін ислам дінінің топырағымызда қандай формасы дамығанын білмегеннен кейін, әркім әр жерден оқып келді де өз білгенін ортаға салды. Біреуі Түркияға барып оқып келіп, сонда үйренгенін алып келді. Біреуі Мысырға оқуға барып, сол жердің дінін дұрыс деп қабылдады. Келгеннен кейін біздің қазақтың дәстүрін «мынау дұрыс емес, мынау дінде жоқ» деп терістей бастады. Біздің шетелден оқып келген жастарымыздың кейбір пікірлеріне тойтарыс береміз деген үмітпен экспедиция ұйымдастырып отырмыз.

Экспедицияның Атырауға қай күні келетіні әзірге белгісіз.

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

28 сәуір 2011, 14:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.