Атырау, 25 желтоқсан 19:12
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Сәби өліміне кім кінәлі?

9 266 просмотра

Индербор кентінің тұрғыны Гүлнұр КАЛИЕВА «АЖ» қосынына келіп, баласының өлімі аудандық аурухана дәрігерлерінің жауапсыздығы мен салақтығынан болды деген дабыл түсірген болатын.

Отызға да жетпеген жас келіншек Гұлнұр тұңғышынан қапияда мәңгіге айрылып қаламын деп ойламағанын өксіп отырып жеткізді. Ана үшін бала қасіретін тарту оңай емес екені түсінікті. Десек те үш күн ғана сырқаттанып, көз алдында жантәсілім еткен сәбиінің өлімі ана жүрегіне ауыр салмақ түсіріп кеткені анық еді.

‑ Сәбиім Ербаянның көз алдымда қиналып, ыңырсып, көзінен тамшылап жас аққаны жанымды қинап бітірді. Мүмкін дәрігерлердің үстінен шағымданбауыма да болар ма еді. Бірақ олардың салғырттығы шымбайыма батып, басқаларға сабақ болсын деп, адвокат жалдап, бұл істің анық‑қанығына көз жеткізсем деймін,‑дейді Гүлнұр КАЛИЕВА мән‑жайды баяндамастан бұрын.

Анасының айтуынша, бала туылғаннан кейін дәретінің жасылдануы мешелдің белгісі деп «Д‑З» берілсе, ал жылағанда иегінің діріл қағуы  жүйке салдары дегізіп, дәрігерлердің айтуымен дәрілер қабылдаған.

‑ Мен дәрігерлердің айтқандарын бұлжытпай орындадым. Сәбиім үш айдан кейін денсаулығы жақсы деп дәрі қабылдауды тиып тастады, қажетті екпесі де егілді. Былай қарағанда, сәбиімнен қапияда айрылып қаламын деген ой болған жоқ. Біріншіден, бала аурулы екенін білдіретіндей дәрігерлік есепке алынған жоқ, екіншіден, учаскелік педиатрдан бөтен нұсқау да болған жоқ. Ал ауруханадағы жағдай тіптен сорақы болды. Соны мен бүкпесіз баяндағым келіп отыр.

ЕКІ КҮННІҢ ҚАСІРЕТІ

4-сәуір күні әдеттегідей баласы тыныш болғасын Гүлнұр баласын қосымша тамақтандырғысы келіп, пюре береді. 4,5 айлық Ербаян келесі күні таңертең ыңырсып жатқасын анасы қызуын өлшеген. Дене қызуы жоғары болғасын жарты таблетка парацетамол береді. Анасының айтуынша бала осыдан кейін ұйықтап қалғанымен мазасызданып, жедел жәрдем шақыртқан. Оянғаннан кейін де дене қызуы тағы көтеріліп, сәби мазасызданып жылай бастайды. Сол кезде жедел жәрдем фельдшері келіп, смес салып кетеді. Бірақ жедел жәрдем фельдшері ауруханаға бару жөнінде кеңес бермеген, сол күні, яғни 5-сәуірде кешке учаскелік фельдшер келіп, кеудесін тыңдап, қызуын өлшеп, дәрілер жазып кетіп қалған. Ал Гүлнұр түнімен қолды‑аяққа тұрмай жылаған сәбиімен 6-сәуір күні аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне түседі.

‑ Мен барғанда ауруханада орын болған жоқ, тар дәлізде сәбиіммен ауысым өткенше күтуге тура келді. Балам үздіксіз жылаумен болды, дене қызуын басатын дәрілік қоспа егеді. Бірақ оның күші 10-15 минут қана. Алтыншы күні дәрігерлер осындай көмектен басқаны бермеді. Бөлім бастығы Н. Масқарбаева келгесін баламен Атырауға баруыма рұқсат бер дедім. Ол келіспеді, «мұндай диагнозбен келген балалар аман‑есен емделіп, үйіне қайтып жатыр, уайымдама» деді. Келесі күні сәбиіме системалар салынды. Бала шаршады, ыңырсып жатты. Біз бас дәрігер Доспаевадан Атырауға кету үшін рұқсат алғымыз келді, бірақ таппадық. Ана дәріні әкел деді, мынасы керек деді, бәрін сатып алдық. Баладан аяйтынымыз жоқ қой. Тіпті сасқанымнан балаға көз тиді деп үшкірттім. Қазақ емшіге де апарғым келді. Адам жаны қысылғанда қайдан көмек болады деп сасады ғой. Тіпті дәрігерлердің қақ ортасында жатып, балам өлім құшады деп ойлаған жоқпын. Үміт еттім,‑дейді өксіген Гүлнұр. ‑7 сәуірде үздіксіз системалар салынды, мені кіргізбеді, екі сағат сайын емшегімді сауып беріп отырдым. Келесі күні, 8-сәуірде таңда тағы система салынды. Мен қиналған баланы көріп, салмаңдаршы деумен болдым. Қайтейін, сәбиімді аяп барамын, бірақ олар мені тыңдаған жоқ. өзімді шығарып жіберді, бәлен күнгі шаршағаннан көзім ілініп кетіпті. Таңда дәрігер Шолпан Қаденовна келіп, баладан айрылып қалғанымды естіртті.

Болары болғасын жас ана көкірегі қан жылап, сәбиінің өлімі неден болғанын білгісі келеді. Сараптама жасатуға рұқсат бермеген. Анасының айтуынша, сәбидің өліміне дәрігерлер кінәлі‑мыс, бірінші іші өтті деп, екінші баланың жүйкесінен деп емдеген.

‑ Дәрігерлер сәбиді өлімнен арашалап қалу үшін бар шарасын алу керек еді, ақылдаспай ма? Неге Атырауға жібермеді? Неге түрлі диагноз қояды? Және баланың басында қан қысымы (черепно мозговой давление) бар дейді, ол неге осы кезге дейін ескерілмеген. Учаскелік педиатр баланың денсаулығы жақсы деген жоқ па, атыраулық дәрігерлерге жүгіндім, нейротокмиз үш күн ішінде пайда болмайды дейді. Судрог болған жоқ осы кезге дейін,‑дейді Гүлнұр тағы да.

ДӘРІГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?

Аудандық аурухананың жұқпалы аурухана бөлімінің меңгерушісі Нұржамал МАСҚАРБАЕВАНЫҢ мәлімдеуінше, 6-сәуірде Ербаян ӘЛІПҚАЛИ «ОРВИ, нейротокмиз, отек головного мозга» деген диагнозбен емделген, баланы аман алып қалудың барлық шарасы қарастырылғанымен мүмкін болмаған.

‑ Баланың анасы қайта‑қайта қазақ емшіге апарғысы келіп, бірнеше рет сұранды. Мен рұқсат бермедім. Отыз жылдық еңбек өтілімде бұл бірінші рет болып отырған қайғылы жағдай, ‑дейді Масқарбаева.

Индер аудандық ауруханасының бас дәрігері Анар ДОСПАЕВАНЫҢайтуынша, марқұм болған сәби Индер аудандық емханасының I педиатриялық учаскесінің  дәрігері мен орта буын қызметкерінің II топ бойынша ППЦНС (орталық нерв жүйесінің периатальды зақымдануы, гипоксиялық генезді) құзырымен бақылауда болған..Ауданда маман дәрігер педиатрлардың жетіспеуіне байланысты I педиатриялық учаскелік дәрігер міндетін уақытша атқарушы фельдшер 5-сәуір күні 18 сағат шамасында үйіне барып актив жасалған. Ал 6-сәуір күні танертеңгілік уақытта жедел-жәрдем шақыртылып, бала жұқпалы аурулар бөлімшесіне әкелінген болатын. Баланы бөлімшеде дәрігер инфекционист қарап, ем тағайындалған.

- 7-сәуір күні баланың денсаулық жағдайы ауыр болғандықтан жол көтере алмайды деп есептелініп, Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, реанимация бөлімшесінің  меңгерушісіне телефон арқылы баланың жағдайы хабарланып, емі тағайындалған. Тағайындалған ем толықтай жүргізілгенімен сәбидің жағдайы нашарлап, 8-сәуір күні 07.05 сағатта  бала шетінеп кеткен. Дәрігерлер өз ісіне жауапсыз қарады деу қате болар, қалай еткенде де баланы аман сақтап қалудың барлық шарасы қарастырылғанын айтқымыз келеді,-дейді А.Доспаева.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

28 сәуір 2011, 14:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.