Атырау, 19 желтоқсан 22:26
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

«Анализ жаңа жерде, дәрігер ескі ғимаратта»: Есбол тұрғындары әуре-сарсаңға түсті​

228 рет қаралды

2024 жылдың желтоқсанында Индер ауданы Есбол ауылында жаңа амбулатория ашылды. Десе де, жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін толық медициналық қызмет ала алмай отыр. Анализдерді жаңа ғимаратта тапсыруға болады, бірақ дәрігерлердің қабылдауы әлі ескі ғимаратта жүргізіледі, ол ауылдың басқа шетінде орналасқан.

«Ақ Жайыққа» белгілі болғандай, дәрігерлер жаңа ғимаратқа көшіп, тұрақты жұмыс істегенімен, бір ай бұрын қайтадан ескі ғимаратқа оралуға мәжбүр болған. Ұлттық жобасы аясында салынған амбулатория қалыпты жұмыс деңгейін көрсете алмағанына жергілікті тұрғындар наразы күйде. 

Жаңа амбулатория бастапқыда барлық проблемаларды шешетін ұзақ күткен жоба ретінде көрінді. Бұрынғы ғимарат апатты жағдайда тұрған, төрт жарым мың тұрғынға қызмет көрсететін, санитарлық талаптарға сай келмейтін. Қабылдау бөлмесі, күндізгі аурухана, ЛФК, екпе бөлмелері, химизатор, әйелдерді қарау бөлмесі, телемедицина кабинеттерімен жабдықталған жаңа ғимарат ашылғанда, ауыл өмірінің жақсаратынына үміт артқан еді.

Алайда жергілікті тұрғындар қуаныштың ұзаққа бармағанын айтады. Анализді жаңа амбулаторияда тапсыруға болады, бірақ дәрігерге бару үшін ескі ғимаратқа бару қажет. Екеуі ауылдың екі жағында орналасқандықтан тұрғындар ауылды айналып, әуре-сарсаңа түсіп сабылып жүруге мәжбүр. Бұл әсіресе сырқат жандарға, қарттар мен балалы ата-аналарға қиындық тудырып отыр.

Қызметкерлер жаңа ғимаратта қала алмау себебін септиктің дұрыс жұмыс істемеуімен түсіндірді. Аудандық аурухананың директоры Анар Доспаева ақау түзетілгенін, алайда амбулатория құжаттары әлі толық бітпегенін айтты. Барлық құжат рәсімделген соң, медициналық қызмет толығымен жаңа орынға көшірілмек.

Ал жұртшылық жаңа амбулаторияның қызығын қашан көреміз деп қапалы күйде. Жаңа амбулатория жанындағы автотұрақ жұмысы да әлі аяқталмаған, персонал ескі ғимаратта жұмыс істейді, ал тұрғындар күнделікті екі мекенжай арасында сабылып жүруге мәжбүр. Ауылда заманауи, көрікті ғимарат бой көтергенімен, оның барлық мүмкіндіктерін пайдалану әзірге мүмкін болмай отыр.

Тұрғындар бір жыл бұрын салтанатпен ашылған нысанның шын мәнінде іске қосылуын күтуде. Ол да ұзаққа созылған құрылысқа айналып, мерзімі қайта-қайта кейінге шегерілетін жоба болып кетпесе екен дейді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 қараша, 13:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.