Атырау, 25 желтоқсан 19:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Дәрігер қызметіне шағымды тәуелсіз сарапшылар қарайды

3 723 просмотра

Денсаулық сақтау саласындағы өрескел фактілермен бетпе бет келген оқырмандар редакцияға тұрақты шағымданып отырады. Шағымдардың басым бөлігі негізді боп келеді. Таяу уақытта Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің шағымдары бойынша медициналық сараптама жасауды тәуелсіз сарапшыларға сеніп тапсырыпты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, пациенттерден түскен шағымдардың 75 пайызы негізді боп келеді екен. Ал сарапшылардың қорытындыларының негізінде азаматтар медицина мекемелерін сотқа бере алады. Естеріңізге салайын, бұрын мұндай сараптамалармен медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі облыстық департаменттің мамандары айналысатын.

Елімізде тәуелсіз сарапшылар институтын құру бірнеше жыл бойына жүргізілген еді. Алайда бүгінде олар әлі де жеткіліксіз. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, еліміздегі тиесілі өкілеттікке 310 жеке және 16 заңды тұлғалар ие. Ал биылғы жылы практикалық денсаулық сақтау саласында тағы 600 тәуелсіз сарапшыларды дайындау жоспарлануда.

Бүгінде тәуелсіз сарапшылар Денсаулық сақтау министрлігінің әлеуметтік тапсырысы бойынша жұмыс істейді. Ал болашақта халықтың ауқатты бөлігі осы мамандарға өздері жүгініп, олардың қызметін өз қалталарынан төлейтін болады, - деп жорамалдайды Денсаулық сақтау министрлігі.

Қазір мемлекеттік тапсырыс аясында тәуелсіз сарапшылар жүргізетін сараптамалар саны жылына екі мың шамасында. Мемлекеттік тапсырысқа тек күрделі сараптама жүргізу қажет болатын: кісі өліміне, ана мен бала өліміне қатысты жағдайларға қатысты шағымдар ғана ілігетінін ескерген жөн.

Атырау облысындағы тәуелсіз сарапшыларға қатысты ахуал жөнінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық қызметін бақылау комитеті департаментінің бастығы Мұрат ҚҰЛБАСОВПЕН хабарласқан едік.

- Бұрын пациенттердің шағымы бойынша медицина мекемелеріне тексеру жүргізу бізге жүктелген кезде халық тарапынан наразылықтар болатын еді. Адамдар біздің мамандар қорытындыларды субъективті жасайды деп жорамал жасайтын, - дейді  М.Құлбасов. – Енді біз сараптама жасау мен қорытындыларды даярлау процесіне араласпаймыз. Біз тек шағымды тіркеп, прокуратура жанындағы құқықтық статистика мен ақпарат орталығынан тексеруге рұқсат аламыз да істі тәуелсіз сарапшыларға жолдаймыз. Ал олардың қорытындыларын алғаннан кейін медициналық мекемелерге әкімшілік немесе іс жүргізу сипатындағы шараларды алу, соның ішінде, прокуратураға нақты істі жолдау туралы және т.б. туралы шешім қабылдаймыз. Тәуелсіз сарапшылар институтына көшудің нақты себептерінің бірі – штаттық сарапшыларды ұстауға бөлінетін бюджет қаржысын үнемдеу. Біз ешқандай жаңалық ашып отырған жоқпыз. Тәуелсіз сарапшылар институты барлық дамыған елдерде бар. Әзірге олар бізде аз, алайда жыл сайын олардың саны, соның ішінде Атырау облысында көбейе беретін болады.

Бір қызығы, биыл атыраулық медицинаға «шағымданушыларға» қызмет көрсетуді астаналық «Тәуелсіз сарапшылар ассоциациясы» ұтып алыпты. М.Құлбасов облысқа бөлінген мемлекеттік тапсырыс сомасын атай алмады. Оның айтуынша, тендер Денсаулық сақтау министрлігінде өтіпті. Енді астаналықтар сараптама жүргізу үшін біліктілігі жоғары немесе бірінші санаттан төмен болмайтын жергілікті немесе басқа қаладан мамандар тартып, мемлекеттік тапсырысты игеретін болады. Бір сараптаманы жүргізу құны жағдайдың ауырлығына қарай 40 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

М.Құлбасов сондай-ақ, жыл басында департаментке медициналық қызмет сапасына наразы болған атыраулықтардан 15 шағым түскенін хабарлады. Адамдар негізінен деонтологияның (медицина қызметкерінің этикасы) бұзылуына, ауруханаға жату кезіндегі түрлі кемшіліктерге шағымданады. Облыстық денсаулық сақтау департаментінің жанынан құрылған пациенттің құқығын қорғау жөніндегі комиссияның да бірнеше айдан бері жұмыс істейтіндігі жаңалық болды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

28 сәуір 2011, 13:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.