Шахматтан Азияның вице-чемпионы Жәнібек АМАНОВ (суретте) Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасына және Азия Ойындарына баратын жолдаманы ұтып алу үшін облыс құрамасының сапында 2014 жылғы Қазақстан чемпионатына қатыспақшы. Ол осы туралы «ЖС»-ге берген сұхбатында хабарлады.
«ЖС» дереккөзі: Аманов Жәнібек Қамбарұлы, 24 жаста, 1-БЖСМ және облыс құрамасының аға жаттықтырушысы Сабырбай Гайсиннің шәкірті, 2009 жылы Шри-Ланкада болған жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
АЛПАУЫТ МАЙКЛ МЕН ҚАТАЛ СВЕН
- АҚШ-та болған ұзақ мерзімді сапарыңыз туралы айтып беріңізші.
-2010 жылы мен оқып-үйреніп, гроссмейстер атағын алу мақсатында жарыстарға қатысу үшін Лос-Анджелеске бардым. Үш «гроссмейстерлік» ұпай жинау үшін маған гроссмейстерлер қатысқан бірнеше турнирлерде сәтті ойын көрсету керек болды. Сондықтан да мен Штаттағы шахматтың даму орталығы болған және ай сайын ірі шахмат семинарлары мен жарыстары өтетін Лос-Анджелеске жол тарттым.
Америкаға алғаш келген кездерімде сыйлықтар сататын дүкеншеде жұмыс жасадым. Кейіннен өзімнің алғашқы американдық шахмат турниріне қатыстым және ұйымдастырушылардың мені білетіндіктеріне таң қалдым. Мен турнирлерге қатысып, орта есеппен 700 доллардай ақша таба бастадым. Сонымен қатар, мені жергілікті шахмат клубына нұсқаушы ретінде алып, балаларды жаттықтыруға рұқсат берді. Жергілікті халықаралық спорт шеберімен бірігіп, орта деңгейлі шахматшыларға арналған оқу құралын жаздым. Мұның барлығы маған ақша табу туралы ойлатпай, оқуымды жалғастыруға мүмкіндік берді.
Өткен жылдың желтоқсанында мен Лас-Вегасте өткен маңызды турнирде алғашқы гроссмейстерлік ұпайымды алдым. 4 гроссмейстер және бір халықаралық шеберді ұтып, мүмкін болар9 ұпайдың 6,5-ін алдым.
Америкада тақта басында кездескен ең мықты ойыншы – Ұлыбританиядан келген Майкл Адамс. Ол жиырма жылдан бері шахматшылардың әлемдегі үздік ондығына кіреді. Мен онымен Чикагодағы турнирде ойнадым. Әрине, ұтылдым, бірақ біразға дейін тірестік. Ол мені қателесуге мәжбүрлеп, психологиялық тұрғыдан ұтты. Өте тәжірибелі ойыншы.
Қазір, менің ойымша, шахмат өнер болудан қалған сияқты. Шахматшылар ерекше ойын өрнегін көрсетіп, әдемі жеңуді ойламайды, кез келген әдісті қолданып, тез жеңуге тырысады. Бүгінде әлемдегі ең үздік ойыншы 23 жасар Свен Магнус Карлсен болып табылады, ол «гроссмейстерлік рейтингте» ең жоғарыда тұр – 2872 ұпай. Ол шабуылдап ойнау әдісін ұстанады және осымен қарсыласын шаршатып, қателіктер жіберуге мәжбүрлейді.
Осы жылдың қарашасында Карлсен мен 2007 жылғы әлем чемпионы, 44 жасар Вишванатан Ананд арасында шахмат тәжіне таласу матчы өтеді. Осы «алыптардың айқасын» міндетті түрде көріңіздер.
Лос-Анджелесте Ананд мен жұмыс жасаған шахмат клубында семинарлар өткізді. Мен онымен кездестім. Америкада болғанымда шахмат маған үнемі көмектесті.
ЕКІ ӘЛЕМ – ЕКІ ТУРНИР
- Атырауда немен шұғылданамын деп жоспарлап отырсыз?
-Менің бапкерім, облыстық шахмат федерациясының вице-президенті С. Гайсин менің 1-БЖСМ-ге жаттықтырушы болып орналасуыма көмектесті. Біз Атырауда әлем чемпионын тәрбиелеу үшін дарынды балаларға арналған шахмат мектебін ашқымыз келеді.
Сонымен қатар мен келесі жылы өтетін ел чемпионатына қатысуға дайындаламын. Ол турнирде шахмат олимпиадасы мен Азия Ойындарына іріктеу жүргізіледі.
Қазақстандағы жарыстар форматы АҚШ-тан өзгеше. Америкада осы зияткерлік ойынға әуесқойлық тұрғыдан қарайды. Егер Қазақстанда, Ресейде және Еуропа елдерінде шахмат турнирлері бір күнде бір ойыншымен кездесіп, он күнге дейін созылса, АҚШ-та 2-3 күнде өтіп кетеді. Ойыншылар «қатал» шахмат ойнауға мәжбүр болады, онда асықпай ойлануға уақыт жоқ, «байқаусыз жүріс» жасап қою қаупі зор. Міне, сондықтан да мен өзімді қазақстандық турнирлерде сынағым келеді.
-Қазақстан чемпионаттарында сіздің негізгі қарсыласыңыз павлодарлық Ринат Жұмабаев еді ғой?
-Ол менің құрдасым, екі жыл бұрын гроссмейстер болды. Бұған таң қалуға болмайды. Ол гроссмейстерлермен жаттығу жасайды. Оның жеке жаттықтырушысы – белгілі қазақстандық гроссмейстер Павел Коцур. Олар 10 жылдан бері бірге жаттығып, ірі халықаралық турнирлерге бірге қатысып жүр.
Павлодар бүгінде Қазақстанның шахматты дамыту орталығына айналып отыр. Бұл қалада шахматтың қалталы демеушілері, Шахмат үйі бар. Ал бізде шахмат клубы да жоқ.
Менің арманым – Атырауда осы қиын да қызықты ойынды ойнағысы келетін жастарды іріктеу. Ең бастысы – балаларда ойын тәжірибесін қалыптастыру үшін турнирлерге бару сапарларын қамтамасыз ету керек.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ