Атырау, 19 желтоқсан 22:23
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 513.55
€ 602.09
₽ 6.42

​Атырауда 15 медициналық нысанның құрылысы аяқталды​ - тағы үшеуі салынып жатыр

206 рет қаралды
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі
Сурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырау облысында ауылдардағы денсаулық сақтау жүйесі қарқынды түрде жаңғыртылып жатыр. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бұған дейін медициналық қызмет қолжетімсіз болған шалғай елді мекендерге 6 фельдшерлік-акушерлік пункт, бір дәрігерлік амбулатория және 11 медициналық пункт салу жоспарланған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

2023 жылы жоспарланған нысандардың бір бөлігі халық игілігіне берілсе, 2024 жылдың соңында құрылыс жұмыстары одан әрі жалғасын тапты. Индер ауданының Есбол ауылында дәрігерлік амбулатория, Исатай ауданы Жасқайрат ауылында, сондай-ақ Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Жасталап, Батырбек, Қоңыртерек, Афанасьева ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға берілді. Сонымен қатар Кудряшов пен Арна ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер бой көтерді. Қазір Құрманғазы ауданының Жалғызапан, Жамбыл және Әліпова ауылдарындағы нысандарды теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, жоспарланған 18 нысанның 15-і толық аяқталған.

— Құрылысы жалғасып жатқан үш нысанның бірі — Құрманғазы ауданы Көптоғай ауылындағы ФАП. Ол 85 пайызға дайын. Ал Қызылқоға ауданының Жамансор және Жантерек ауылдарындағы медициналық пункттердің құрылысы 50 пайызға орындалды, — деді ол.

Ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыру тек инфрақұрылым салумен шектелмейді. Денсаулық сақтау басқармасы кадр тапшылығын шешу бағытында да жұмыстар атқаруда. Былтыр ауылға барған 148, биыл 31 маманға көтерме жәрдемақы берілген, тағы 68 маманның құжаттары қаралу үстінде.

Медицина қызметкерлерін баспанамен қамтамасыз ету де назарда. 2022 жылдан бері «Отбасы банк» арқылы 5 пайыздық жеңілдетілген ипотека бағдарламасымен 43 дәрігер жаңа үйге қол жеткізген.

Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен медициналық білімге қолдау күшейтілді. Биыл 83 студент бакалавриатқа, 27 жас маман резидентураға грантпен қабылданды. Барлық шара ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

19 қараша, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.