Атырау, 16 қазан 13:01
 ашықВ Атырау +12
$ 487.42
€ 531.39
₽ 5.04

Кино туралы заң керек

5 334 просмотра

20 қыркүйек күні «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында Атырауға отандық кино күндері аясында келген ҚР Кинематографистер одағының төрағасы Игорь ВОВНЯНКО, одақтың атқарушы директоры Жаңабек ЗӘУІРБЕКОВ және әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлді сомдап, халықтың мақтанышына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меруерт ӨТЕКЕШОВА журналистермен кездесті. Еліміздегі кино өндірісі, актерлар мен режиссерлердің еңбегі хақында әңгімелер айтылды.

Игорь Вовнянко шараның басты мақсаты – ұлттық киноны дамыту, қалың жұртшылыққа насихаттау, аудиторияны кеңейту екенін айтып өтті.

- Қазір Қазақстандағы кинотеатрлар өзге елдердің кино өнімдерімен толыққан. Өкінішке орай, біз нарық заңына байланысты отандық киноларымыздың жолын аша алмай отырмыз. Сондықтан, Қазақстанның кинематографистер одағы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясымен бірлесіп, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінң қолдауымен жыл сайын ұлттық кино күндерін өткізеді,- деді И.Вовнянко. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік бюджет жылына 8-10 кинокартинаны қаржыландырады. Ал қалғандары – ірі компаниялардың демеушілігімен продюсерлік компаниялар түсіреді. Сонда жалпы алғанда Қазақстанда жылына 15 шақты фильм түсіріледі екен. Олардың ішінде 3-4-уі ғана нағыз өнер туындысы болып шығатын салмақты дүниелер болса, басқалары коммерциялық және жалпы сапасы төмен кинолар. Ал осы кезде Индияда жылына 1000 картина түсірілсе, АҚШ-та 300-500 картина, Ресейде 200-ге жуық картина түсіріледі.

Меруерт ӨтекешоваМеруерт ӨтекешоваАктриса Меруерт Өтекешова да қазір өмірі қысқа кинолардың дәурені қызып тұрғанына қынжылды. Ол бүгінгі жастардың өзге әлем туралы, жер бетінің 50 жылдан соң қалай өзгеретіні секілді қорқыныш пен үрейге толы киноларды көруге қызығатындықтан, Голливуд сондай дүниелерді түсіретінін айтады.

- Ал мұндай кинолар бір көрген соң ұмытылып қалады. Бізге жүректе сақталып қалатын рухани бай, салмақты, тәрбиелі мәнді фильмдер керек. Себебі, көрермен оны көріп, ойланып, талдау жасайтындай болуы тиіс, -дейді М.Өтекешова. Өкінішке орай, ол біздің елімізде де әзірге өзіне жарасымды рөлге құрылған  киносценарийлерді кездестірмегенін айтады. Көбі жастарға арналған деп отыр.  

- Мен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында 1973 жылдан бері жұмыс істеймін. Бірақ, өнер жолымды кинодан бастадым. Сондықтан, киносыз мен өмір сүре алмаймын. Киноға түсуді сағынамыз. Әттең, қазір біздің жасымызға са           й, бір жақсы кинолар шықса ғой…- дейді М.Өтекешова. - Мен «Қыз Жібектен» соң көп киноларға түскен жоқпын. Сондықтан, кім қалай сынаса да «Жаным» телесериалы өте қымбат. Мен онда әженің рөлін сомдадым. Сол секілді маған аналар, әжелер рөлдері жақын.  Тағы да драмалық фильмдерде ойнағым келеді. Алда көрерміз енді. Мен ылғи режиссерлардың алдарында әзілдеп, «айналайындар, мені қашан түсіресіңдер?» деп жүремін. Жақында Канн фестивалінде 82 жастағы актриса «Ең үздік әйелдің рөлі» номинациясына ие болды. Содан кейін мен біздің режиссерларға «Мені 80-ге келгенде түсіресіңдер ме? 80-ге барайын ба?» деп айтып қоямын (күлді). 

Жаңабек ЗӘУІРБЕКОВЖаңабек ЗӘУІРБЕКОВКинематографистер одағыныңатқарушы директоры Жаңабек ЗӘУІРБЕКОВТЫҢ айтуынша киномызды дамыту үшін кино туралы заң керек. Ал ол бізде әлі жоқ. Алайда заң қабылдау қажеттігі туралы көп жылдан бері айтылып келеді. Жақында заң жобасы дайындалды, бірақ, ол қабылданбай отыр.

- Бізде кинопрокат жоқ. Жекеменшік кинотеатрлар шетелдік фирмалармен келесімшарт негізінде жұмыс істейді. Олар біздің фильмдерді көрсеткенімен пайда таппаймын дейді. Оларға  ақша керек. Сондықтан олар Голливудтың картинасын айналдырады. Ал телевидение де киноларымызды алмайды. Ал сонда біз киноларымызды қайдан көрсетеміз? Бізге кино туралы заң керек десек, «Мәдениет туралы заң» бар, «Кино туралы заң» неге керек сендерге дейді. Олар мәдениет пен киноны бір салаға жатқызып шатастырады. Бұл екеуі бөлек салалар. Кино түсіру үшін дайындық, түсірілім, жарнаманы жасау, өнімді өткізу мәселелері тұрады алда,  дейді Зәуірбек Жаңабаев.

Игорь Вовнянко Игорь Вовнянко Осы кезде бұл тақырыпқа Игорь Вовнянко өз уәжін қосты:

- Жекеменшік кинотеатрларды басқарып отырғандарды мен қазақ фильмдерін жақсы көрмейді, өз елін, өз мәдениет сүймейді деп есептеймін. Әрине, Голливудтың жоғары технологиялы, жоғары мәдениетті керемет  киноларын жоққа шығаруға болмас. Бірақ, ол жақтағылар негізінен өнім әлемнің үшінші елдеріне, яғни экономикасы қалыс қалған елдерге арналған өнімдерді бізге өткізіп жіберуге тырысады. Біздікілер болса, солардың жетегінде кетіп жүр. Сондықтан да отандық фильмдердің үлкен экрандардан көрінуіне жол ашуымыз керек.

Айта кету керек, отандық кино күндері аясында «Жерұйық», «Мыңбала», «Тұздыкөл жағасындағы үй», «Сіз кімсіз Ка мырза?» «Қыз Жібек», «Шал» фильмдері насихатталды.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

23 қыркүйек 2013, 18:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.