Атырау, 25 желтоқсан 18:48
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 515.89
€ 536.32
₽ 5.17

Бюджет қаржысын жалмаған шатыр

7 559 просмотра

Шатырсыз қалған №9 үй

Таяуда күшті желдің салдарынан Индербор поселкесінің Тайсойған көшесіндегі №9 үйдің шатырының бірнеше кірпіші ұшып кеткен болатын. Бұл аудан орталығындағы бірқатар үйлердің шатырының «сәтсіз» жөнделуіне байланысты орын алған бұлыңғыр хикаяны еске түсіруге мәжбүр етті.

 

ӘДЕТТЕГІ ХИКАЯ

Бұл 2009 жылы болған еді. Кезекті дауыл салдарынан Қонаев көшесіндегі №№19, 20, 21 үйлердің, Тайсойған көшесіндегі №9 үй мен Махамбет көшесіндегі №12 үйлердің шатырлары ұшып кеткен. Арнайы аудандық қордан шатырларды қалпына келтіруге 12 миллион теңге бөлініп, аудандық әкімдік тендер ұйымдастырып, «Аламан-Атырау» ЖШС ұтқан болатын. 2009 жылдың 25-қыркүйегінде тапсырыс беруші - әкімдіктің құрылыс бөлімі мен мердігер – «Аламан-Атырау» ЖШС директоры Сәрсенбай Есенғалиевтің арасында келісім-шарт жасалып, соған сәйкес мердігер бүкіл жұмысты 70 күн ішінде аяқтауға тиіс болған. Алдымен «Аламан-Атырау» мердігерліктің барлық сомасының тиесілі 30 пайызын алған. Бірақ іс жүзінде жұмыстарын уақтылы бітірмек түгілі, жұмысты қолдарына да алмаған.

Соның арасынша жыл аяғы жақындап, 2009-шы жылды игерілген қаржылар бойынша жабу керек болады. Ал 12 миллион болса ауада «ілініп», көзге түскен сүйелге айналды. Аудан әкімі Жанкелді Рахметқалиев жұмыстар жүргізілмесе де, тапсырыс берушіден «Атырау-Аламан» ЖШС-нің есеп-шотына қалған барлық соманы аударуды өтінеді. Алайда аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Сұңғатолла Сұлтанов алдымен мердігердің кепіл хатын алуды ұсынған. Осыған байланысты 2009-шы жылдың желтоқсанында Индер ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысы болып, онда «Аламан-Атырау» ЖШС директоры Есенғалиев барлық жұмыстарды 2010-шы жылдың 15-сәуіріне дейін аяқтайтындығы жөнінде кепіл хат ұсынған. Содан кейін қалған сома ЖШС есеп-шотына аударылған.

Осы хикаяның жалғасы әдеттегідей көрініс табады: ЖШС ақыры өз міндеттемесін орындамайды. Соған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. 2011 жылдың ақпанында Индер аудандық соты «Аламан-Атырау» ЖШС директорын екі жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған.

Тұрғындар: "Келесі жолы басымызға не түсіп кетер екен?"

«ҮШІНШІ АДАМ - АРТЫҚ»

Сот отырысының барысында куәгерлердің, атап айтқанда, Индер ауданы әкімінің орынбасары Асылбек Сәрсенғалиевтің, қаржы бөлімінің бастығы Гүлмира Кунасованың және құрылыс бөлімінің бастығы Сұңғатолла Сұлтановтың куәлік сөздерінен аудан әкімі Рахметқалиевтің «Аламан-Атырау» ЖШС есеп-шотына жасалынбаған жұмыс үшін ақша аудару жөніндегі 2009 жылғы желтоқсандағы өтініші «қалқып» шыққан. Алайда ЖШС директоры кепіл хат бергендіктен, жауапкершілік те содан сұралады ғой. Сөйтіп алаяққа екі жыл жаза мерзімі берілген.

Алайда тергеу барысында және сотта Сәрсенбай Есенғалиев тергеу ісі де, сот ісі де назарға алмаған айғақтар берген. Осы айғақтарға сәйкес, 2009 жылдың қыркүйегінде оған екі адам хабарласып, оның бірі өзін Индер ауданы әкімінің жақын туысқанымын деп таныстырған. Олар: «Индерде жұмыс бар. Бізге тек сенің ЖШС-ңнің реквизиттері ғана керек, қалғандарын өзіміз жасаймыз. Құжаттарыңды тендерге тапсыр, сен оны ұтып аласың, сосын ақшаны түсіріп бересің. Еңбегіңді жемейміз» депті. Әрі қарай, мердігерлік келісім-шарттары, Есенғалиевтің айтуынша, оның қатысуынсыз өткен. Ол мердігерлік істері бойынша Индерборда болмаған. Барлық өндірістік мәселелерді осы екеуі шешкен. «Аламан-Атырау» ЖШС есеп-шотына түскен ақшалар қолма-қол ақшаға айырбасталып, осы екеудің қалталарына түскен.

2009-шы жылдың желтоқсанында, Есенғалиевтің растауынша, кепіл хатты ол өзінің «серіктестерінің» қоқан-лоққысымен жазуға мәжбүр болған. Алайда екеуі тергеу барысында да, сотта да, тіпті куәгерлер ретінде де іске қатыстырылмаған.

ТҰТЫЛҒАН КІМ?

Есенғалиев сотталды, ал оның әйелі Алтынай Насипова бес баласымен миллионердің зәулім үйіне мүлдем ұқсамайтын үйде тұрып жатыр. Дәлірек айтқанда, Жиренше шешеннің лашығы дерсің. Біздің редакциямызға жазған хатында, А.Насипова күйеуін аудандық әкімдікті барлық орынбасарларымен, бөлім бастықтарымен бірге қалайша оп-оңай «лақтырып» кете алған, аудан әкімі Рахметқалиевтің жанынан миллиондаған бюджет қаржылары қалайша оп-оңай «жылт етіп» өте шыққан деп таң қалады.

"Миллионердің" әйелі Алтынай Насипова өз "зәулім сарайының" жанында

Ең бастысы, 2009 жылы зардап шеккен үй тұрғындары жұқа шатырлармен қалған. Мәселен, Тайсойған көшесіндегі №9 үй тұрғындары Бағытханым Бадимова мен Күләш Оразбаева жөндеудің тек сырт көзге ғана жасалғанын айтады. Сәл жаңбыр жауса шатырдан су ағады. Сәл жел тұрса құрылыс материалдарының, кірпіштер мен басқа нәрселердің қалдықтары аулаға ұшады. Ал бұл бес қабатты 70 пәтерлі үй, ауласында әрдайым кісі көп болады ғой. Әлде шенеуніктер трагедияның қашан орын алатынын күтіп жүр ме?  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Индерауданы

Суреттерді түсірген автор

27 сәуір 2011, 20:59

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.