Атырау, 5 желтоқсан 07:15
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Атырау облысында тоғыз айда қаржы пирамидасы туралы сегіз ​дерек анықталды

375 рет қаралды

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті биыл 9 айдың қорытындысы бойынша заңсыз қаржылық операциялар мен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл бағытында бірқатар нәтижеге қол жеткізді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте департаменттің басқарма басшысы Бекболат Анесов мәлімдеді.

Биыл есепті кезеңде 60 қылмыстық істің 24-і аяқталып, оның 22-сі сотқа жолданған. Анықталған залал сомасы 1,5 млрд теңгеден асса, оның 964 млн теңгесі қолма-қол қайтарылған. Мемлекетке қайтарылған жалпы залал көлемі, мүлікке тоқтам салу шараларын қоса есептегенде, 3 млрд теңгеге жуықтады.

– Департаменттің басты міндеті – экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қаржылық құқықбұзушылықтарға жол бермеу. Әрбір тергеу нақты дәлелдерге сүйеніп, мемлекетке келтірілген шығынды өтеуге бағытталады, – деді Б.Анесов.

Жыл басынан бері облыста 8 қаржылық пирамида дерегі тіркеліп, олардың салымшыларының жалпы саны 2000-нан асты. Тергеу барысында күдіктілердің есепшоттарынан 102 млн теңге бұғатталған. Сонымен қатар акциздік таңбасы жоқ 117 мың қорап темекі мен заңсыз айналымдағы вейп өнімдері тәркіленді.

Департамент мамандарының дерегінше, жалған шот-фактура рәсімдеу арқылы 8 млрд теңгеден астам сомаға салықтан жалтару мәліметі анықталған. Тергеу нәтижесінде айыптылар кінәлі деп танылып, оларға 2 жылдан 4 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ биыл «Киберқадағалау» ақпараттық жүйесі арқылы интернет желісіндегі 3 135 сілтеме анықталып, олардың 2 364-і бұғатталды.

Қаржылық қауіпсіздікті арттыру мақсатында өңірде түсіндіру және оқыту шаралары жалғасуда. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Қаржылық қауіпсіздік: ХХІ ғасырдың сандық тұзақтары» атты форум ұйымдастырылып, университет Агенттік бастамасымен өткен республикалық рейтингте үздік 10 жоғары оқу орнының қатарына енді.

Бұған қоса жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру үшін «24 ғасырдың көшбасшылары» атты Quiz-интеллектуалды ойыны мен «Fin IQ» диктанты өткізілді. Жеңімпаз оқушыларға жергілікті университеттен грант және оқу ақысына жеңілдіктер берілді.

23 қазан, 18:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.