Атырау, 19 желтоқсан 00:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -5
$ 522.63
€ 548.66
₽ 5.07

Пионердің ұраны

4 287 просмотра

- Мен сияқтылар көп емес, бәлкім тұрғындардың 5 пайызы шығар. Бір бөлігі психиатриялық емханаларда отырса, енді басқалары әлемді өзгертуге тырысады, – деп күлді Серікбай Бисекеев. Ол бизнесті өзіңнің ішкі дүниең мен айналаңдағы ортаны өзгерту мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Оның табысқа жетелейтін ерекше шешімі осыдан пайда болады.

КӘСІПКЕРЛІК ГЕНІ

90-шы жылдары ол Санкт-Петерборда оқыған, көптеген студенттер секілді қолынан келгенінің бәрін істеді, затпен сауда жасап, сатып алып, қайта сатумен айналысқан. Тіпті Ресейде GSM стандартындағы ұялы телефондар саудасы бойынша өз бизнесін аша білген. Аппарат алу үшін Финляндияға барып, ұялы телефондарды тек ауқатты клиенттер сатып алатын Ресейден айырмашылығы - ол жерде ұялы байланыс қызметінің тұтынушыларының қарапайым азаматтар екенін көрген. Азғана уақыт өткен соң, Ресей нарығында оны қас қағым сәтте жұта салатын ірі операторлар келетінін түсінген.

- Мен компанияны сатып, не істесем екен деп дұрыстап ойландым. Сол кездегі бандиттік Петербордағы бизнес оны тартып ала алмайтындай болуы тиіс еді. Содан соң, ең жақсы инвестицияның - өз миыма салатын инвестиция екенін, ал үздік бизнес әлі ешкім айналыспаған бизнес екенін түсіндім.

Мұның бәрін Серікбай өзінің туған елі Қазақстанды аралап жүрген кезде оқыған дәрістері кезінде әңгімеледі. 10 қыркүйекте ол Х. Досмұхамедұлы атындағы АМУ студенттерімен кездесті. Оның қолында болса, ол жоғары оқу орындарының бәрінің оқу жоспарына «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізер еді. Өйткені, «кәсіпкерлік гені» болса, дантист те, агроном да өз бизнесін құра алатынына сенеді. Бұл - оның сөзінде жиі қолданылатын термин. Қанында «кәсіпкерлік гені» жоқ, жай ғана атқарушы адамға бизнеспен айналысудың қажеті жоқ, өйткені оның ісі бәрібір күйіп кетеді дейді Серікбай. Табысты болу бастапқы капиталдың мөлшерінде, тірек болып отырған, жетістікке жеткен ата-ана немесе ағаларында емес, өзге елге ауылдан барған қарапайым жігіт те ешқандай сүйемелдеусіз өз саласының үздігі бола алады екен. Мұның құпиясы жұмыс істеу қабілетінде, нәтижеге қол жеткізу мақсаттылығында, ықылас қоюда және төзімділікте жатыр. Өз бизнесін тек өз күшіне сенімді болған кезде ғана бастаған жөн. Бірақ алдымен тәжірибе жинап, басқаларға жұмыс істеу керек. Өз ісі туралы армандайтын түлекке жұмысты еңбекақы мөлшеріне қарай емес, ол ала алатын білім көлеміне қарай таңдау керек.

Ал біздің мемлекетіміздің істерін жаңадан бастаған бизнесмендерді қолдайтын түрлі бағдарламаларды іске қосуын және бәрінің мұны дұрыс деп есептеуін Бисекеев жас кәсіпкерлер үшін зиян деп есептейді.

- Өз елінде табысқа жеткен және халықаралық деңгейге шыққысы келетін жандарға ғана әлемдік нарықта отандық өнімді шығару үшін қолдау көрсету керек. Әйтпесе, мемлекет қаржылары істерін бастаған бизнесмендерді грантты жеп алып, қайтадан жаңасын сұрауға болады деген ойға жетелеп, оларды жолдан тайдырады.

Оның айтып отырған нәрселері кейде оғаш естіледі:

- Кәсіпорынның дамуына тікелей әсер етпейтін кеңсені сатып алып, ақшаны тоқтатып қойғанның мәні жоқ. Ақша үнемі айналымда жүруі тиіс, сондықтан мен бүкіл табысты бизнеске саламын. Ал кеңсе мен жанұям үшін баспананы жалға аламын.

 

ӨЗ ЖҰМЫСЫҢМЕН БӨЛІС

Шикізат өндіруге бейімделген және «Қазақстанда жасалған» деген затбелгісі бар өзінің дайын өнімімен мақтана алмайтын ел кәсіпкерлеріне белгілі бір саланың дүниежүзілік өндірушілерінен озып шығуға тырысуы ақымақтық болады. Бизнесті әлі қамтылмаған кеңістіктен бастаған абзал. Пионерлерге оңай емес секілді, ал олардың соңдарынан ілесетіндерге тек ережені жетілдіру керек, анағұрлым икемді шарттар мен төмен бағаларды ұсыну ғана қалады, ал із ашушы жол жиегінде тұрғандай көрінер...

Серікбай БИСЕКЕЕВ– Қостанай облысының Қамысты поселкесінің тумасы, Ресей бизнесмені, қазіргі уақытта Сингапурде тұрады. «Арман» холдингінің президенті, халықаралық «Жыл кәсіпкері-2012» конкурсының ресейлік кезеңінің финалистерінің қатарына кіріп, «В2В» номинациясы бойынша марапат алған. Ernst & Young компаниясы 30 жылдай уақыттан бері өткізіп келе жатқан конкурс 50-ден астам елді қамтиды. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Жапония бар. Оны бизнестің «Оскары» деп атайды.

- Есесіне оның нарық жасауға және өз ережесін бекітуге мүмкіндігі бар, - дейді сеніммен Серікбай. – Одан кейін келгендер қаласын, қаламасын, өздеріне қойылған стандарттарға бейімделетін болады. Бастысы - бірден әр жерге үлгеруге тырыспай, нақты жобаға ден қою керек.

Қаржылық мүмкіндіктер емес, идеялар маңызды болатын игерілмеген кеңістіктерді табу ойы оны өнеркәсіптік байланыс саласына алып келген. 90-шы жылдардың басында кәсіпорында жабдықтарды жаңарту, өндірістік қуаттылықтарды арттыру, мамандар табу және т.б. секілді елеулі міндеттер болды. Алайда осы міндеттерді шешу кәсіпорындарда инфрақұрылымдар құру қажеттілігін туғызды. Аса таңдау бола қоймады: нарықта тек кеңестік дәуірдегідей диспетчерлік құрылғылар ғана болды. Алдымен оның компаниясы дистрибьютер ретінде өз клиенттеріне (олардың арасында мұнай-газ секторы компанияларынан басқа біртіндеп өнеркәсіптің басқа салаларындағы компаниялар пайда болды) неміс жабдықтарын ұсынды. Бірақ клиенттердің функциялық ерекшеліктеріне қатысты өз қалаулары болды. Өз өнімін, өз бағдарламасын сату идеясы осылайша келген.

- Бүкіл өндірісті өзіңізге тұйықтап тастауға тырыспаңыз. Мердігерлерді, өз саласының шеберлерін жалдаңыз, аутсортинг шартымен өз жұмысыңыздың бір бөлігін оларға беріңіз. Қытайлықтар платаларды, жиынтықтарды жасай алады, олар соны істесін. Өзіңізге тек өзіңіз ғана жасай алатынды қалдырыңыз, - деп кеңес береді Серікбай жас бизнесмендерге.

«Арман» АҚБ-ның өзіндік өнімдері – бұлар софт, басқа құрылғылар жалғанатын шкаф-коммутатор түріндегі бағдарламалық қамту. Оператор бір бірінен өте алыс қашықтықтағы бір кәсіпорынның бүкіл жұмысшыларын байланыстырып, тез хабардар ете алады. Негізінен бұл жабдық өнеркәсіптік кәсіпорындар мен көліктерде қолданылады. «Арман» сонымен қатар, «Ақылды қала» бағдарламасына қатысады: адамдар көп шоғырланатын жерлерде – алаңдарда, стадиондарда, вокзалдарда, метроларда және т.б. жерлерде қауіпсіздікті арттыру үшін жабдықтар жеткізеді. Айтпақшы, қазақстандықтар да олардың жұмыстарын бағалай алады: Алматы метросындағы, Астана әуежайындағы байланыс жүйесі «Арман» АҚБ-ның өнімдері. Ол сонымен қатар, мұнай-газ саласының кәсіпорындарымен, электр стансаларымен, қорғаныс министрлігімен бірлесіп қызмет істейді.

 

МИССИЯ ОРЫНДАЛАДЫ

Бүкіл табысты компаниялардың сайттарында олардың «миссияларына» арналған бөлім болады. Онда маңызды деп нені есептейтіндігі, өз қызметтерінің негізгі мақсаты туралы әңгімелейді. Өз жолы басталарда Серікбай бұл сөздерді әдемі ұрандар ретінде қабылдаған, бірақ көп жұмыс істеген сайын, онсыз мүлдем бір нәрсемен айналысудың жөні жоқ екенін айқынырақ түсіне бастайды. Ол өз қызметкерлерін нарықтағы ең үздік мамандар болады деп ұйғарған.

- Біз өз адамдарымыздың біліктілігін көтеруге үлкен көңіл бөлеміз, олардың дамуына және білім алуына көп қаржы жұмсаймыз. Осылайша жоғары білікті маманға қол жеткізгеннен кейін оған лайықты ақша төлейміз. Адам өзінің керек екенін сезініп, өзі сүйсініп жұмыс істеп, ақша әкелетін ісімен айналысқанына риза болады. Әр адамның дамып, өз ісінің үздігі болуына қол үшін беру – міне, біз осыдан өз миссиямызды көреміз.

Бизнесмен қазақстандық қамту, қазақстандық өндірушіні қолдау бағдарламасын қадір тұтады. Ресейде мұндай бағдарлама жоқ. «ЭКСПО-2017» идеясы – жаңартылған энергия көздерін пайдалану. Бұл қызметтің әжептәуір жаңа алаңы, демек, ол өзіне лайық. Энергияның жаңа көздерінің болашағы бар екендігіне Серікбай сенімді. Ол өз дәрістерінде жастарды осы бағытта әрекет етуге шақырды.

- Батыл болыңдар. Менен, қазақ ауылынан шыққан жігіттің қолынан келгенде, сіздердің де міндетті түрде қолдарыңыздан келеді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

 

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.