Атырау, 21 желтоқсан 10:23
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Робин Гудтар үйірмесі

7 186 просмотра

Осы жылдың шілде айында «Атырау облысы мүгедектерінің спорттық клубы» КМК-нде садақ ату секциясы ашылды. Осы қысқа мерзімде болашақ Робин Гудтер қандай табысқа жеткендіктері жөнінде муай-тай, сондай-ақ садақ ату спорт түрлерінің жаттықтырушысы Нұрберен ӘМІРЖАНОВ әңгімелейді.

-Мүгедектердің спорт клубында мен садақ атудан Мұрат Ғабдусалимовпен бірге жаттығулар жүргіземін. Ол кісі менің алғашқы бапкерлерімнің бірі және ұлттық спорт түрлерінің үлкен жанашыры, садақ, жебе, қорамсақ және басқа әр түрлі темір бұйымдарын жасау шебері. Ол өзі және оның үш қызы садақты өте дәл атады.

«ЖС» дереккөзі: Әміржанов Нұрберен Аманғалиұлы, 34 жаста, муай-тайдан аға жаттықтырушы (2010 ж.), ҚР спорт шебері (2004 ж.), жаттықтырушылық өтілі - 10 жыл.

Жыл сайын біз Ораза Айт және Құрбан Айт кезінде Құспан молла мешітінде мерекелік спорттық сайыстар өткіземіз. Тамызда осы бағдарламаға садақ ату бойынша жарыстар енгізілді және оған 46 адам қатысты. Бұл шара секциямызға қатысуды қалайтындар санын бірталай арттырды.

Қазір бізде 3 тірек-қимыл органдары бойынша мүгедек және 14 дені сау жігіт жаттығу жасайды. Ату нысаналарын А4 форматты қағазға принтермен шығарамыз. Нағыз нысаналар қымбат тұрады. Алғашында шәкірттеріміз мүлт кетіп, далаға ататын, ал қазір 20 метр қашықтықтан нысанаға дәл тигізеді. Біздің міндетіміз - шеберліктерімізді шыңдай түсу, өйткені Жаңа жылдан кейін оқу-жаттығу жиындарына, семинарларға және жарыстарға шығатын боламыз.

Бізде балалар мен ересектерге арналған4 садақ бар. Бұл - АМӨЗ басшылығының сыйлығы. Жебелердің көпшілігі нысанаға емес, тас қабырғаға тигендіктен, сынып, жарамсыз болып қалды.

Облыстық бюджеттің қаржысына жақын арада 10 көздеу тетігі бар садақ, жебелер, адырнаның соққысынан болатын көгерулер мен жарақаттардан қорғайтын арнайы қолғаптар және жебелер басқа жаққа ұшып кетпес үшін магнитті тор алу жоспарланып отыр.

Біз басқа облыс командаларымен бәсекеге түсе алатын атқыштар командасын тәрбиелегіміз келеді. Қазақстандағы осы спорт түрінің жоғары даму деңгейіне Олимпиада ойындарына Орал қаласының шәкірттері Елена Плотникова (Сидней-2000) және Анастасия Баннова (Пекин-2000) қатысқандығы дәлел бола алады.  

Біздің облысымызда садақ ату спортының болашағы үлкен деп ойлаймын. Спорттың бұл түрі кеуде, иық және арқа бұлшық еттерін шынықтырады, денені тіктейді. Жаттықпаған қолмен дәл ату мүмкін емес. Сонымен қатар, садақшылар дұрыс тыныс алуға үлкен көңіл бөледі.

Сөз соңында айтарым, мүгедектер спорт клубы мүгедектердің өмірін жақсарту үшін барлығын жасайды. Тірек-қимыл, есту органдары бойынша мүгедектерді, сондай-ақ дені сау адамдарды Балықшы ДСК-іне дүйсенбі, сәрсенбі және жұма күндері сағат 18.00-ден 20.00-ге дейінгі аралықта садақтан ату жаттығуларына шақырамын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.