Тамыз айында «АЖ»-ға NCOC-тың екі агенттік компаниясы: Agip KCO (Agip KCO B.V.) мен NCPOC-тың «Номад» атымен бірігуі туралы белгілі болды. Алайда NCOC та бұл құрылымдық өзгерістер туралы мәліметтерді «қаңқу сөз» деп атап, түсінік беруден бас тартты.
28 тамыздағы және 3 қыркүйектегі сұраныстарға сыртқы байланыстар менеджері Ханс ВЕНКТЕН мынадай жауап келді: «NCOC компания моделін ұйымдастыруға қатысты қаңқу сөздерге түсінік бермейді». Дегенмен, екі кеңсенің де қызметкерлері осы бірігу оларға қалай әсер етеді екен деп мазасыздануда.
«North Caspian Operating Company B.V» компаниясы немесе NCOC – Agip KCO қызметін қабылдап алушы. 2009 жылдан бастап NCOC Солтүстік Каспий бойынша өнім бөлінісі туралы келісім (КСӨБК) аясында 7 компания - акционерлерінің ортақ стратегиясын жүзеге асырады, жоспарлау мен үйлестіруді қамтамасыз етеді, геологиялық зерттеулерді басқарады, сондай-ақ, мүдделі тараптармен, атап айтсақ, мемлекеттік органдармен әріптестікті жүзеге асырады. Бүгінде NCOC-та 4 агенттік компания бар және олардың әрқайсысына түрлі құзыреттіліктер берілген: Agip KCO І кезеңді (Сынақтық-өнеркәсіптік әзірлеу, бұрғылау) жүзеге асырады; Shell Development Kashagan B.V. (SDK) – жоспарлау, ІІ Кезең теңіз нысандарын салу және игеру жұмыстары, бұл кезеңде жерүсті кешені нысандарын салу Agip KCО-ның еншісінде; ExxonMobil Kazakhstan Inc. – ІІ Кезеңдегі бұрғылау жұмыстарын жүргізу; ҚМГ мен Shell-дің біріккен кәсіпорны келесі барлық кезеңдерде NC Production Operations Company B.V.арқылы өндірісті қолдануды басқаратын болады.
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ:
КСӨБК бойынша Консорциум қатысушылары, бір жағынан, NCOC акционерлері де болып табылады және мұнда да КСӨБК үлестеріндей үлеске ие. Консорциум мүшелері шамамен келесідей акция үлесіне ие: «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, Eni, ExxonMobil, Shell және Total - 16,81%, ConocoPhillips - 8,40%, INPEX -7,55%.
Жалпы, қазіргі агент Agip KCО барлық мүліктерін - өздерінің жерүсті және теңіз активтері мен құбыр желілерін («Болашақ» зауыты, теңіз аралдарындағы технологиялық қондырғылары, өндірістік базалары, қоймалары, өндірістік жабдықтары және т.б.) осы үшін арнайы құрылған NCPOC агенттігіне тапсыруы керек еді. Agip KCО-ға тіркелген орасан үлкен мүліктерді тапсыру процедуралық, қаржылық, заңдық қиындықтарға тап болды. Алдын ала болжанғандай, үдеріс тежеле берді, итальяндықтар салған дүниенің барлығын тапсыруға арналып әзірленген механизмдер іс жүзінде көптеген ресми кедергілерге ұшырады, ал олар нәтижесінде алға қарай барлық жобаның тапсыру мерзімдерін тежеп, кезекті қымбаттауға әкеп соқтырар еді.
Осы уақыт бойы консорциум тиімді механизмдерді іздеп келді, тіпті, барлық мүлікті символикалық 1 долларға сатып алып, NCPOC агенттігіне басқаруға беруді де ойластырған. Алайда бұл идея да жүзеге аспай қалды. Жазда бірігу туралы идея пайда болды.
Біздер расталмаған ресми ақпаратқа түсінік бере бастаған соң, тағы бір расталмаған (расталмайтын да шығар) жағдайды еске түсіріп кетсек, артық болмас: Консорциумның барлық қатысушыларының үнемі білдіретін наразылықтарына қарамастан, итальяндықтар жайлы орындарын тастап кеткісі келмейтін сияқты. Айқаста барлық амалдар жақсы демекші, олар бұл істе қазақстандық билікке Әбілязовтың әйелі мен қызын ұстап беруге дейін барды. Итальяндық БАҚ бұл фактілерге қатысы бар деп Италияның алпауыт компаниясы Eni-ді ашық кінәлады, ал Agip KCО оның еншілес компаниясы екені баршаға белгілі.
Қалай болғанда да, бірігу идеясы, ақыр аяғында, барлық мүдделі тараптарды қанағаттандырады: Agip Қазақстанда қалады, Shell мен ҚМГ, жоспарланғандай, игерудің алдағы кезеңдерінде өндірісті қолдануды басқаруға қол жеткізеді. Сәуегейлер жаңа құрылым басшылығына қазіргі Agip KCO-ның басқарушы директоры Умберто Каррара келеді деп болжап жүр.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА