Атырау, 5 желтоқсан 16:53
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырау әуежайы үнсіз: жаңа терминал мен ақылы тұрақтың жағдайы не болды?

591 рет қаралды

Редакция жаңа терминалдың құрылысы қай кезеңге жетті және әуежайдағы тұрақ ақылы бола ма деген екі қарапайым сұрақ қойып, сауал жолдаған еді. Он күннен астам уақыт өтсе де әкімдік те, әуежай операторы да жауап берген жоқ. 

2024 жылғы 12 желтоқсанда қала әкімі Шәкір Кейкін Әбілхайыр хан даңғылы, 2 мекенжайындағы 2,0485 га жер учаскесін жер қорына қайтару туралы қаулыға қол қойды. Себебі бұл жер әуежайдың қажеттілігі үшін бөлінген көрінеді. 

Кадастрлық картадан оны таба алмадық, ал қала әкімдігі біздің сауалымызға жауап бермеді. Облыс әкімдігі Хиуаз Доспанова ескерткішінің артындағы шағын алаңның қалалық ТКШ-ның теңгерімінде тұрғанын және коммуналдық қызметтер қызмет көрсететінін нақтылады. Қаулы мен бұл шағын алаңның арасындағы байланыс ресми түрде расталмады, сондықтан бұл әңгіме сол аумақ туралы болуы мүмкін деп болжауға ғана болады.

Ақы төлетіп, жолды реттеу

Тұраққа қатысты оқиға өткен жылдан бері жалғасып келе жатқаны белгілі. «АТМА-Атырау» коммерциялық директоры Владимир Пахомов сол кезде тұрақтың ақылы болатынын растап, оны қазіргі уақытта әуежай ғимаратының кіреберісінде бейберекет көлікті тастап кету жағдайлары жиілеп кетуіне байланысты деп түсіндірген еді. Көлік кептелісі, жабылған жолдар – мұның бәрі тек көлік иелері үшін ғана емес, сонымен қатар өтетін жолы кез-келген уақытта ашық болуы тиіс  арнайы көлік үшін де кедергі тудырады. Оның айтуынша, ақы енгізілсе, қозғалысты ретке келтіріп, көліктің еркін кіріп-шығуын қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ Пахомов жұмыс істеп тұрған терминалдың оң жағында жаңа құрылыс басталғанын хабарлады.

Әуежайдың ресми сайтында бейнебақылау орнатылған және онлайн төлем жасауға болатын «жаңа заманауи паркинг» жарнамасы жарияланып жатыр. Облыс әкімдігі оператордың орындарды көбейту үшін тұрақты кеңейту жобасын әзірлеп жатқанын нақтылады. Сондай-ақ Атырау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына сілтеме жасай отырып, тұраққа арналған жер учаскесі Атырау халықаралық әуежайының теңгерімінде тұрғаны нақтыланды.

«АЖ» анықтамасы

«Хиуаз Доспанова атындағы халықаралық әуежайы» АҚ — ұшу-қону жолағына, ұшу қауіпсіздігіне, өрт сөндіру қызметіне және арнайы техникаға жауап беретін мемлекеттік компания.

«АТМА — Атырау әуежайы және тасымалдау» ЖШС бұрын жолаушыларға қызмет көрсетумен айналысқан: тіркеу, рейстерге қабылдау және жөнелту.

Болашақ терминалы

Жаңа терминалдың құрылысына қатысты әңгіме бөлек. Жазда компания жаңа ғимараттың эскиздерін ұсынды. Жергілікті билік құрылыс үшін мемлекет пайдасына төрт жер учаскесін алу жоспарланып отырғанын хабарлады.

Азаматтық авиация комитеті құрылыс 2025 жылы басталып, 2026 жылы аяқталатынын мәлімдеді. Ауданы 16,5 мың «шаршы» болатын жаңа кешен жолаушылар легін қазіргі 800 мыңнан 3 миллионға дейін, болашақта 6 миллионға дейін арттыруы тиіс.

Белгілі болғандай, Катарлық QazAir Investments бұрынғы иелері — «Атырау» ӘКК және түркиялық Mağdenli-ден акциялардың 100%-ын сатып алды. Мәміле сомасы 20,94 млн долларды құрады. Жаңғыртуға және терминал салуға шамамен 50 млн салуға уәде берді.

Аспанға ұшқан сауалдар

18 қыркүйекте редакция «АТМА — Атырау әуежайы және тасымалдау» ЖШС-не құрылыс және тұрақ бойынша ресми сауал жіберді. Жауап он күнде келмеді, заң бойынша ол бес күнде келуі тиіс еді.

Телефон арқылы компания қызметкері хат жіберілді деп сендірді. Бірақ үш күн өтті, жауап әлі жоқ.

Шамасы, Атырауда журналистік сауалға тікелей жауап беруден гөрі жаңа терминал салу оңай болып тұр-ау. 

Айнұр САПАРОВА

30 қыркүйек, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.