«Мен қатты толқып тұрмын…», - деп бастады өз сөзін елімізге танымал мұнайшы Нұрлан БАЛҒЫМБАЕВ ТШО-ның акт залында. Оның қошемет сөзі алғашқы Теңіз мұнайының 20 жылдығына орай ТШО-да атап өтіліп жатқан мерейлі датаға арналған еді.
КОСЫГИННІҢ ҚАБЫЛДАУЫНДА
Толқыған жерлесіміз сәл мүдіріп, біздің геологтарымыз бен бұрғылаушыларымызға Теңіздегі кенішті ашу қаншалықты қиынға түскенін әңгімелеп берді.
«Кеңес өкіметі кезінде КСРО геология министрі мен өндірістік бірлестіктердің геологиялық барлаушылары арасында әлдебір бәсекелестік бар болатын. Министрлік іздеу жұмыстары үшін болашағы бар алаңдарды таңдау кезінде басымды құқыққа ие болды. Оғаштау боп көрінсе де, сол кезде геология министрлігінің мамандары Теңіз құрылымында жұмыс істеуден бас тартқан. Сол сәтте «Ембімұнай» өндірістік бірлестігінің басшысы осы құрылымда геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу бастамасын көтереді. Сол кездегі бас директор Бөлекбай САҒЫНҒАЛИЕВ пен бас геологтар Жолдас ДОСМҰХАМБЕТОВ және Махаш БАЛҒЫМБАЕВТЫҢ бұл жерде рөлдері зор болған. Олар жұтаң геофизикалық материалға сүйеніп, Оңтүстік Ембі ауданында ірі тұзды кен бар екенін болжаған.
Б.Сағынғалиев КСРО министрлер кеңесінің төрағасы Косыгиннің қабылдауына кіріп, «Батыс Қазақстанда мұнай және газ өнеркәсібін дамыту және геологиялық барлау жұмыстарын күшейту шаралары туралы» 1981 жылғы 4 маусымдағы Министрлер кеңесінің №522 арнайы қаулысын қабылдау қажеттігін дәлелдеген.
Егер осы қаулы болмағанда, осыншама қысқа уақыт ішінде ауқымды көлемдегі геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізу екіталай болған болар еді. 1982-ші жылы Теңіздегі бір уақытта жұмыс жасайтын бұрғылаушылар бригадасының саны 30-ға дейін жетті. Теңіз кенішінің осы даму кезеңі менің де еңбек еткен ғұмырнамама енді. Одақтық министрлікте жұмыс істеп жүрген кезде жабдықтарды таңдау мен сатып алуға, шетелдік мердігерлерді тарту мәселесін жасақтауға атсалыстым. Бұл кеңес тәжірибесінде тың мәселе болатын».
АРЗАНҒА КЕТКЕН КЕНІШ
Кейбір мәліметтер бойынша, 1986 жылы кеңестік мұнай саласына салынған 16 млрд. доллар инвестицияның көп бөлігі Теңіздегі жұмыстарды қаржыландыруға бөлінген.
80-ші жылдардың аяғында Қазақстан мен американдық Chevron корпорациясының арасында Теңіз және Королевский кеніштерін игеру туралы келісім-шарттар басталды. Ол 1993 жылы Chevron Overseas Petroleum мен Қазақстанның «Қазақстанмұнайгаз» мемлекеттік компаниясы арасындағы келісімге қол қоюмен аяқталды. Келісім-шарт мерзімі – 40 жыл. Сол жылдар ішіндегі инвестицияның жалпы көлемі 20 млрд. доллардан кем болмауы тиіс. 20 жылдай уақыт өтті, алайда «Шеврон» мен Қазақстан үкіметінің арасындағы келісім-шартта көп нәрсе айқын емес күйде қалды.
Эколог Махамбет ХАКИМОВ: «Сол кезде «Шеврон» кен орынын дайын асқа тік қасық болып ала салды. Әлемде бұдан асқан ақымақ келісім жоқ шығар. Американдықтар біздің кен орындарымызды 400 миллионнан шамалы ғана асатын болмашы бағаға сатып алды. Бұған қатысты сол кезде қазірде марқұм болған Егор Гайдар аса таңқалып;: «бұдан асқан нағыз тонаушы келісім-шартты көрмедім» деген еді.
Келісім-шартта көп нәрсе көрсетілген, нәтижесінде тек «Шеврон» ғана ұтады. Дегенмен, біздің бұл пайдалардан аларымыз көп болғанмен, бізге түйірлері ғана қалады.
Шетелдіктер барлық жағынан алдап-арбап отыр. Мәселен, ТШО теңіз мұнайын сату үшін оффшорлық аймаққа ие. Егер мұнайды тікелей сатса, онда ол әлемдік бағамен сатылар еді. Ал, оффшорлық аймақ арқылы төмен баға бойынша сатылады және соған сәйкесті бюджетке сатудан салық аз түседі. ТШО-ның осылайша бізден қаншама миллиардтарды жасырып қалғаны белгісіз ғой!? Олар барлығынан ақша жасап отыр. Мәселен, олар Теңіздегі мұнай қоры, айталық, 1,5 млрд барел деп хабарлайды. Артынша үш мөлшерлі, төрт мөлшерлі сейсмикалық барлаулы ұңғылардың қазылып, қордың одан артық екендігін айтады. Осыған сәйкес биржаларда олардың акциялары көтеріліп кетеді. Ал, кейін бұл мәліметтердің нақты емес екендігін жариялайды да, акциялар төмендеп кетеді. Оны олардың өздері де сатып алады, сөйтіп, осындай алдап-арбаумен пайда табады.
ТШО-ның акциялары бізде сатылмайды, ал, оларда оны кез-келген американдық сатып ала алады. Олар сондай-ақ, қазақстандықтардың, мейлі олар инженер немесе қарапайым жұмысшы болсын солардың мардымсыз жалақыларынан да пайда көреді.
«Шевронмен» келісім-шарт жасалған кезде біздің министрлік оларға Атырау қаласында өздерінің қалашығын салуды ұсынды. Алайда, олар мұнайшылар ұңғылардың жанында тұру керек деді. Ал, ауаға қалдықтар шығарыла бастағанда-ақ, ТШО басшылығы бірінші болып қашты, олар кеңселері мен «американдық ауылды» салды. Естеріңзде болса, бізге солардың қалашықтарына барып, олармен араласып, мәдениеттерімен танысамыз деген әңгімелер айтылған еді. Бірақ, қалашықты тасты қорғанның құшағына алды.
Қазір ТШО бізге қазақстандық мамандардың өз беттерінше істі жүргізе алмайтындығын бетке басады. Соның нәтижесінде әділетсіз келісім-шарт ұзартылатын болады».
«Теңіз мұнайының ашылуы мемлекеттік сыйлықпен құрметтелді, алайда, оның жіберілуі тиісті назардан сырт қалды»,-деді Н.Балғымбаев. Және ол бүгінгі қазақстандық индустрияның тұғырлы қатарға енуін қамтамасыз еткен жүздеген инженерлер мен жұмысшылардың толымды еңбектерін ынталандыруды қолға алуды ұсынды».
Сәуле ТАСБОЛАТОВА