
Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы «Атырау» ықшамауданының тұрғындары бірнеше жылдан бері жолы жоқ, көше жарығы орнатылмаған, оның үстіне су мәселесі де шешілмеген жағдайда тұрып жатыр. Миллиардтаған теңге игерілді, мердігерлер ауысты, ал екі мың тұрғыны бар ықшамауданда дұрыс жағдай жасалмаған.
2018 жылы тұрғындарға осы ықшамауданнан жер беріліп, жаңа баспаналар бой көтере бастаған болатын. Бүгінде 500 үйге жетіп, халық саны 2 мыңнан асты. Жол, жарық, ауыз су, т. б. мәселелер жеті жылда біртіндеп шешілудің орнына кері кеткен. Кеш болса ықшамаудан тастай қараңғы болады. Әсіресе, мектепке баратын балаларға қиын. Жалпы ток қуаты аз, бұдан бірнеше жыл бұрын подстанция жұмысын бастап, бітпей қалған.
Тұрғындардың бірі Ақерке ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ жол жұмысының басталғанына бақандай төрт жыл өтсе де, мердігер жұмысын шала-шарпы жасап тастап кетті дейді Тіпті асфальт бірде-бір көшеде жоқ, төселген қиыршық тастар жан-жаққа шашырап қалған, кейбір көшеде бұл да жоқ, шаңы шығып жатыр. Жол төселмегендіктен жедел жәрдем көлігі дер кезінде жете алмай әлек, жүргізушілерге қиын. Халық мұнайға бай өлкеде тұрса да, қарапайым жол мен көше жарығына жарымай отыр.
2021 жылы аталған ықшамауданда 22,1 автомобиль және жаяу жүргінші жолының құрылысын мердігер «АтырауИнжСтрой» ЖШС-і жүргізген. Бұл жұмыстың құны 7 млрд 100 млн теңгеге бағаланған. Мердігер 16,1 шақырым автокөлік жолына қиыршық тас төсеп, 3 млрд 116 млн теңгенің жұмысын игерген. 2023 жылы сметалық жобасына түзетулер енгізіліп, кейін жұмыс тоқтап қалған, бүгінде жұмыс жүріп жатқан жоқ.

Осы ықшамауданның сырт жағында электрмен жабдықтау станциясының (подстанция) жоба құны 2 млрд 555 млн теңге тұрады. Құрылыс жұмысы 2021 жылы басталып, мердігер «АЙКОМ LTD» ЖШС-і 2 млрд 261 млн теңгенің жұмысын игерген. Бүгінде нысан басында жұмыс жасап жатқан адам жоқ. Кейін аудандық әкімшіліктен бұл обьектіге байланысты сұрастырғанымызда сметада кейбір жұмыстар көрсетілмей қалуына байланысты жобаға түзетулер енгізіліп жатқанын айтты. Тапсырысшы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі де жоба жұмысы осы жылдың қазан айында бітеді деген ақпарат берді.

Кездесуде тұрғындар ауыз суда жағымсыз иіс барын, кабелдік интернет мәселесі шешілмеуінен тек ватсап, уайфай арқылы байланысқа шығатынын айтты. Байланыстың нашарлығынан жедел жәрдем көлігі науқастың үйін таба алмай сансырап жүретінін, «Қазақтелом» мекемесіне де арыз түсіргенімен нәтиже жоқтығын, бұралқы иттің көптігін, аялдамалардың аздығын ашына жеткізді. Жалпы бұл аудан қараусыз қалған, су тасқынынан кейін жабайы өсімдіктер қаптап кетіпті.
Аудан әкімінің орынбасары Аманжол АЙДАШЕВ жабайы өсімдіктерді тазалап шығарумен «Жылыой Тазалық» ЖШС айналысып жатқанын, судан жағымсыз иіс тұрғынның аристонды тазаламауынан болып тұрғанын, жол жұмысы біткесін аялдамалар схемаға сай орнатылатынын айтты.
2024 жылы қалаға су тасқыны кіргенде осы ықшамауданның біраз жерін су шайып кетті. Бүгінде шет қалып, шетқақпай көрген тұрғындар аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ проблемалар шешіледі уәде бергенімін аяқсыз қалып келе жатыр деп сынап, сенбейтінін айтты.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Сцурет пен видеоны түсірген авор
В Атырау +2