
Атырау қаласының тұрғыны, төрт баланың анасы, «балалық шақтағы аутизм» диагнозымен 2024 жылы II топтағы денсаулығы бойынша мүмкіндігі шектеулі деп танылған 8 жасар қызының оқу ақысын өтеуді сұрап, сотқа шағымданған. Қызды үйде оқыту ұсынылған.
Іс материалдары бойынша, уәкілетті орган өтемақы өтініш берген күннен бастап төленетінін айтып, 2024 жылдың соңғы төрт айға төлеуден бас тартып, 2025 жылдың бес айына ғана оқу ақысын өтеуді тағайындаған. Қала әкімі де көмек көрсетуден бас тартқан.
Талап қоюшы мүмкіндігі шектеулі баланың оқуы үшін мемлекеттен өтемақы алу құқығын білмегенін түсіндірген. Бұл мүмкіндікті білген бойда ол дереу уәкілетті органға хабарласқан. Алайда уәкілетті органның өзі оған 2025 жылға дейін бұл қолдау шарасының бар екені туралы хабарламаған.
Сот баланың 2024-2025 оқу жылы бойына үйде оқытылғанын анықтады. Талап қоюшының шеккен шығындарын өтеу құқығын ескеріп, әділдік пен парасаттылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандырып, уәкілетті органға баланың 2024 жылдың төрт айында үйде оқытуға кеткен шығындарын өтеу арқылы бұзушылықты жоюды міндеттеді.
Сот қаулысы заңды күшіне енді: Атырау облыстық соты мемлекеттік органның төлемдерден бас тарту әрекетін заңсыз деп таныды. Бұл отбасы енді шығынды толық өтейтін қаражатты күтіп отыр.
В Атырау +2