Облыстық әкімдікте канализациялық тазарту құрылғыларын жобалау жөнінде кеңес өтті.
Бүгінде қаладағы Сасық сай маңында тазарту құрылғысы салынуда. Үкімет жобаның жобалық құнының тек 5 пайызын қаржыландырған. Бұл 6,7 млрд. теңгеге тең. Индербор поселкесіндегі осындай жоба рәсімдеу кезеңінен өтуде. Ал Атырау қаласының оң жақ жағалауынан тазарту құрылғысын салу мәселесі енді ғана шешілуде.
Баспасөзді Сасық сайдан алматылық «Пищепромпроект» институты жасақтаған тазарту құрылғысын салу жоспарымен таныстырды. Жоба бойынша Бұқар беттегі бүкіл ағын сулар негізгі канализациялық сорғылау стансасына беріледі де, тас, шөңге және басқа да заттарды сүзіп қалатын механикалық тазарту құрылғысына жіберіледі. Осыдан кейін ағынды су Авангард ықшамауданының көлеміндей болатын 5,19 шаршы километр алаңдағы булану аймағына құйылады
Құрылыс орны ретінде бүкіл суды коллекторлардан жинап, оны қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр болатын жоспарланған биологиялық тазарту стансасына жіберу үшін элеватор маңындағы булану аймағы таңдалған. Булану алаңына тек тазартылған су ғана жіберілетін болады. Оның бір бөлігін ағаштарды суару үшін қалаға (егер су құбырының торабы тартылса) айдауға болады. Бұл жағдайда Сасық сай алаңы азайып, босаған аумақты кәсіпорындарға үлестіру мүмкіндігі тумақ.
Тазарту құрылғысының өзінде тазартылмаған ағын сулар қабылдау камерасына түседі. Ол жерден ұнтақтағышқа, құмтұтқышқа және жасанды балдырлары бар тұтас тұндырғы жүйесіне түсетін болады. Осы операциялардың барлығы ағын сулардың хлорлануымен және алынған тұнбаны компостерлеумен аяқталады. Бұл компост санитарлық-эпидемиялық қызмет белгілеген жерлерге шығарылады. Болашақта осы шикізаттан арзан құрылыс материалын өндіретін цех құрылысы салынбақ.
Тазарту құрылғысы 1-санаттағы энергиямен қамту нысаны боп табылады. Яғни, ол резервтік қуат көзімен қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені электрді ажыратқан жағдайда ағын сулар тазарту жүйесін айналып өтіп, автоматты түрде қазіргідегідей Сасық сайға құйылатын болады.
Кеңесте Индердегі және оң жақ жағалаудағы канализациялық тазарту құрылғыларының жобалаушылары сөз алды. Санитарлық қызмет тарапынан барлық баяндамашыларға: «Егер осы тұнбадан алынған компоста ауыр металлдар анықталса не істеу керек? Осындай құрылыс материалдарынан салынған үйде қалай тұруға болады?» деген сұрақ қойылды
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ