Атырау, 5 желтоқсан 07:52
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда су құбыры үш кезеңде жөнделеді

375 рет қаралды

Қала мен аудандарда ескі су құбырлары ауыстырылып, тұрғындарға бірнеше сағатқа ғана берілетін судың орнына тұрақты сумен қамтамасыз ету уәде етілуде.

Атырау облысында екі қала және 153 елді мекен бар. Соның ішінде 144 ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Қалған тоғыз ауыл шалғай орналасуына байланысты орталық су құбырына қосылмаған. Бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков хабарлады.

Махамбет ауданында да былтыр ауыз судың сағаттап берілу мәселесі көтерілген еді. Осыған байланысты 12 су тазарту ғимаратын жаңғыртуға 5 млрд теңге бөлініп, нысандар толық жөнделді. «Қазіргі уақытта аудан тұрғындары тұрақты ауыз сумен қамтылған», - деп атап өтті Кенжебеков.

Қалаға арналған үш кезең

Атырау қаласында ескі су құбырларын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр. Жобаның ауқымына байланысты жөндеу үш кезеңге бөлінген. Негізгі мердігер – «Бекболатовтар Құрылыс Компаниясы» ЖШС. 

Бірінші кезең 2024 жылғы мамырда басталды. 12 учаскеде – Ғабдолов пен Афанасьев көшелерінен бастап Ардагер және СМП-163 ықшамаудандарына дейін 32,6 км құбыр ауыстырылды. Кезең құны – 2 млрд 861 млн 60 мың теңге, оның 1,7 млрд-тан астамы игерілген. Жұмысты аяқтау және пайдалануға беру 2025 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Екінші кезеңде тоғыз учаскеде 19,3 шақырым су құбыры салынуы тиіс. Екінші кезеңде Масалимов, Қазырет, Өтегенов, Әлиев, Сарайшық, Махамбет, Теміржол көшелерінде, Атырау-2 және Лесхоз ықшамаудандарында құбырларды ауыстыру жалғасуда. Қазір 10 шақырым су құбыры тартылып, жұмыстың жартысы аяқталды. Жобаның жалпы құны – 1 млрд 783 млн 131 мың теңге. Екінші кезеңді аяқтау мерзімі 2025 жылдың төртінші тоқсанына жоспарланған. 

Үшінші кезеңде 15 учаскеде 20,6 шақырым су құбыры ауыстырылады. Әзірге Аққыстау, Төле би көшелері, Т.Айбергенов, Қазанғап, Ағатай батыр, Нұрпейісова даңғылдары және т.б. бойынша 4,7 шақырым су құбыры тартылды. Жобаның жалпы құны – 2 млрд 21 млн 135 мың теңге. Бұл кезеңді толық аяқтау 2026 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Жалпы 72,6 шақырым су құбырының 47,4 шақырымы жаңартылды. Барлық учаскеде құбыр диаметрі кеңейтіліп, желілер дезинфекцияланды, өрт гидранттары орнатылды.

«Бұл тек есеп үшін жасалған жөндеу емес. Қалаға ондаған жылдар бойы қызмет ететін жүйе беріледі», – деді қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы Ербол Айтқалиев.

Бұл жоба қаладағы ауызсу сапасын жақсартып, апаттық жағдайлардың алдын алуға және су ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

8 қыркүйек, 13:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.