Атырау, 5 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Атырауда дәрігерлер әйелдердің ана болу мүмкіндігін сақтап қалды

655 рет қаралды
Сурет: Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі

Атырау облыстық ауруханасының гинекология бөлімшесіне іштің үлкеюі, ауырлық сезімі, зәр шығарудың қиындауы, үлкен дәрет пен газдың жүруінің бұзылуы, сондай-ақ бедеулік шағымымен екі әйел түсті. Тексеру барысында олардың жатырында көлемі жүктіліктің 30–32 аптасына тең ірі миомалық түйіндер анықталды.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, көптеген клиникалар мұндай жағдайда жатырды толық алып тастауды ұсынғанымен, атыраулық дәрігерлер тәуекелі жоғары ота жасауға бел буып, ең басты мақсат — әйелдердің репродуктивтік мүмкіндігін сақтап қалу болды. Күрделі операция кезінде айтарлықтай қан жоғалтулар болғанына қарамастан, мамандардың кәсіби шеберлігінің арқасында екі әйелдің де жатыры сақталды. Қазіргі таңда олардың жағдайы тұрақты, ал болашақта ана болу мүмкіндігі бар.

Биылғы жылдың алғашқы 8 айында облыстық гинекология бөлімшесінде жатыр патологиясына байланысты 145 ота жасалды. Оның ішінде:

  • Миомэктомия — жатырды сақтап қалумен;
  • Лапароскопиялық метропластика — шұғыл түрде;
  • Қалған жағдайларда медициналық көрсеткішке сәйкес гистерэктомия жүргізілді (ауыр ағымды аденомиоздар, жамбас пердесінің эндометриозы, ішкі жыныс ағзалары мен перденің зақымдалуы, эндометрийдің обырға дейінгі патологиялары және т.б.).

Денсаулық сақтау басқармасы бұл оқиғаны — атыраулық дәрігерлердің тек өмірді сақтап қана қоймай, әйелдердің ең асыл арманы — ана болу құқығын қорғаудағы кәсіби ерлігі мен батылдығының айқын дәлелі деп бағалайды.

Мамандар атап өткендей, миома — жатырда пайда болатын қатерсіз ісік. Көбіне 30 жастан асқан әйелдерде кездесетін бұл аурудың белгілері: етеккірдің көп келуі, іштің төменгі бөлігінің ауыруы, жиі дәретке шығу, белдің ауырсынуы. Мұндай белгілер байқалған жағдайда уақыт оздырмай дәрігерге қаралу қажет. Диагностика ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) арқылы жүргізіледі.

Емі: гормоналды дәрі-дәрмек немесе қажет болған жағдайда хирургиялық жолмен миоманы алып тастау. Миома көп жағдайда қауіпті емес, бірақ тұрақты бақылауды қажет етеді. Сондықтан Денсаулық сақтау басқармасы барлық әйелдерді уақытылы скринингтен өтіп, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады. Ерте анықталған миома — тиімді емнің кепілі.

6 қыркүйек, 00:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.