
Атырауда жаңа оқу жылы басталысымен №16 мектеп оқушыларының ата-аналары спорт алаңдарының жағдайына қатысты мәселе көтерді. Олардың айтуынша, жазғы каникул кезінде ешқандай жөндеу жүргізілмеген, қазір балалар қауіпті нысанда дене шынықтыру сабағына қатысуға мәжбүр.
«Алаңдардың жағдайы өте мүшкіл. Жасанды газонның әр жері шұрқ-тесік, балалар сүрініп, шаң жұтып жүр. Қоршау торлары баяғыда жыртылған, балалар тесіктерден өтіп жарақат алып қалуы мүмкін. Бұл – оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп. Мектеп басшылығы назар аударып, шара қабылдаса екен», – дейді ата-аналар.
Айтуларынша, бұл жағдай балалардың өздерін де алаңдатып отыр: кейбірі алаңда жүгіруден қорқады, өйткені сүрініп құлап қалу оп-оңай.

Мектеп әкімшілігі алаңдардың нашар жағдайда екенін мойындады.
«Білім ордасының аумағында үш спорт алаңы бар, олардың бәріне жөндеу қажет. Қаржы бөлуге өтінім белгіленген тәртіппен жіберілді. Қазіргі кезде қаражаттың бөлінуін күтіп отырмыз, содан кейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі», – деді мектеп әкімшілігі.
Алайда ата-аналар бұл мәселе жылдам шешілуі тиіс деп санайды.
«Оқу жылы басталып кетті, балалар күн сайын дене шынықтыру сабағына қатысады. Қаржы бөлінгенше бірнеше айға өтіп кетуі мүмкін. Бірақ балалардың қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет», – дейді олар.

Атырауда мектеп инфрақұрылымының жағдайы бұрыннан өзекті мәселе. Қала тұрғындары спорт залдарының жетіспеушілігіне, ойын алаңдарының тозуына және балаларға арналған орындарға көңіл бөлінбеуіне жиі шағымданады.
№16 мектеп ата-аналары бұл жолғы үндеулері жағдайды жеделдетіп, жөндеу жұмыстары жақын арада басталады деген үмітте.
Айгүл МАНСУРОВА
Суретті мектеп ата-аналары жолдады
В Атырау +2