
Атырауда жеке Qazbilim Atyrau лицейінің жабылуына байланысты ата-аналар алдын ала төлеген қаражатты қайтара алмай отырғанын айтып шағымдануда. Оқу орны 19 тамызда жұмысын тоқтатқан. Алайда ата-аналарға бұл туралы тек екі күннен кейін – 21 тамызда хабарланған.
– Біз оқу жылын алдын ала төлеп қойғанбыз, бірақ ақша әлі қайтарылмады. Біздің мектептің барлық ата-анасы осындай жағдайға тап болды, – дейді ата-аналар.
Жаңа оқу жылына дайындалып қойған отбасылар енді балаларын басқа мектепке орналастырумен қатар, төленген қаражатты қайтарып алу үшін де әрекет етуге мәжбүр.
Мектеп әкімшілігі шешімді Атырау облыстық білім сапасын қамтамасыз ету департаментінің лицензияны уақытша тоқтатуы себеп болды деп түсіндірді.
«Біз оқу процесінде қиындық туындамас үшін жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Ата-аналар қиын жағдайда қалмас үшін қаладағы бірқатар жекеменшік мектеппен – SANA School, «Абырой мектебі» және JOO High School-мен келісім жасадық. Төленген қаражат сол мектептерде оқуға есепке алынады, есеп айырысуды біз өз мойнымызға аламыз», – деді лицей өкілдері.
Сонымен қатар, балаларын басқа мектепке бергісі келетін ата-аналарға қаражатты қайтаруға уәде етілді. Ол үшін мектептің мүлкін сатудан түскен қаржы да пайдаланылмақ.
Qazbilim желісінің жетекшісі Аятжан Ахметжанұлы Атыраудағы мектептің жабылуы амалсыздан жасалған қадам екенін айтты:
«Біз мұнда үш жыл жұмыс істеп, өңірдегі ең үздік мектептердің қатарына кірдік. Өкінішке қарай, осындай жағдайға байланысты қызметті тоқтатуға тура келді», – деді ол.
Дегенмен, ата-аналар қаражаттың қайтарылатынына күмәнмен қарайды. Бірқатар отбасы қазірдің өзінде бұл мәселе бойынша бақылаушы органдарға ұжымдық шағым түсіруді талқылап жатыр.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау +2