
Әзербайжан Сыртқы істер министрлігі Ресей СІМ-нің 4 қыркүйекте жасаған мәлімдемесін «таңданыс тудырарлық әрі жұртшылықты жаңылыстыратын» деп атады. Бұл туралы АА Әзербайжан СІМ-нің баспасөз хатшысы Айхан Гаджизадеге сілтеме жасап мәлімдеді.
Оның айтуынша, ресейлік сақтандыру компаниясы арқылы AZAL мен жолаушыларға төленетін сақтандыру төлемдері мен Әзербайжанның Ресей үкіметінен «соғылған ұшақ үшін» өтемақы талап етуі – екі бөлек мәселе.
«Сақтандыру төлемдерін ұйымдастыру процесі алты айдан бері жүріп жатыр. Бұл төлемдер AZAL әуе компаниясының сақтандыру келісімшарты аясында, әуе кемесі мен жолаушыларды сақтандыру міндеттемелеріне сәйкес жүргізілуде. Әуе кемелерін сақтандыру, әдетте, халықаралық компаниялар арқылы жасалады. Ресейде мұндай компаниялар болмағандықтан, AZAL ұшағы ресейлік компания арқылы сақтандырылды. Сондықтан сақтандыру төлемдерін Әзербайжанның Ресей үкіметінен талап етіп отырған өтемақымен шатастыру қате», – деді Гаджизаде.
Бұған дейін Ресей СІМ AZAL ұшағы апатына байланысты сақтандыру төлемдері жасалмай жатыр деген ақпаратты жоққа шығарған болатын.
Ведомствоның Telegram-арнасында: «Бұл – трагедияны пайдаланып, эмоцияға әсер етуге бағытталған кезекті арандатушылық. Мұндай инсинуациялар шындыққа жанаспайды», – делінген.
Ресей СІМ-нің дерегінше, «АльфаСтрахование» компаниясы 2025 жылдың ақпанынан бастап төлем жасап келеді. AZAL-ға ұшақ үшін 1,003 млрд рубль өтемақы төленген. Сондай-ақ жолаушылардың қаза болуы мен жарақаттануына қатысты талаптар реттелуде.
Жеті ресейлік азаматтың ішінен жетеуіне, 38 әзербайжандықтың 35-іне, үш қырғызстандықтың барлығына және алты қазақстандықтың біреуіне төлем жасалған. Жалпы сомасы – 358,4 млн рубль.
Ресей СІМ компенсациялар көлемін келісу жұмыстары жалғасып жатқанын атап өтті.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку–Грозный бағыты бойынша ұшып шыққан Embraer 190 әуе кемесі Қазақстандағы Ақтау қаласына жақын маңда құлады. 38 адам қаза тауып, 29-ы аман қалды.
Әзербайжан билігі ұшақты Ресейдің әуе қорғаныс күштері атып түсіргенін мәлімдеген. Бұл оқиға екі ел арасындағы қарым-қатынасты шиеленістірді. Президент Ильхам Әлиев кінәлілерді жазалауды және қаза тапқандардың отбасына, сондай-ақ соғылған ұшақ үшін өтемақы төлеуді талап етті.
В Атырау +4