
Мемлекет басшысы мұнай-газ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Ақордада өткен салтанатты шарада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ саласының ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– Сіздер адал еңбектеріңізбен мемлекетіміздің дамуына үлес қосып келесіздер. Мұнай-газ саласының қалыптасуы мен өркендеуіне бірнеше буын еңбек етті. Қазір салада 200 мыңнан астам адам жұмыс істейді, – деді Президент.

Президент былтыр қазақ мұнайының 125 жылдығы аталып өткенін еске салып, биыл да осы сала үшін айтулы жыл екеніне тоқталды.
– Атырау мұнай өңдеу зауытының ашылғанына 80 жыл толды. Шымкент мұнай өңдеу зауытына 40 жыл, ал «QazaqGaz» ұлттық компаниясына 25 жыл толып отыр. Бұл мерекелік күндер еліміздің мұнай-газ саласының мән-маңызын көрсетеді. Мұнай мен газ – стратегиялық маңызы бар ресурс, бұл – жұртшылыққа белгілі дерек. Себебі бұл сала еліміздің өсіп-өркендеуіне айрықша ықпал етті. Тәуелсіздік жылдары қара алтынның игілігін молынан көрдік. Қазіргі таңда бұл сала қарқынды дамып келеді. Қазақстан әлемдік мұнай нарығындағы жетекші мемлекеттің бірі саналады. Егемендік кезеңінде еліміздегі мұнай өндірісі төрт есе өсті. Жақын арада мұнай өндіру көлемін жылына 100 миллион тоннаға жеткіземіз, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Атырау, Павлодар, Шымкенттегі ірі мұнай өңдеу зауыттарының жаңғыртылғанын айтып, ішкі нарықты сапалы жанар-жағармаймен толық қамтамасыз етіп отырғанын мәлімдеді. Қашағандағы жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүріп жатыр, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» құбырының екінші желісі салынуда. Сонымен қатар мұнай-газ химиясы саласында бірнеше ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде полиэтилен зауыты бар.

Тоқаев Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тарту жұмысы да жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Қытайға сапарында жалпы сомасы 15 млрд доллар болатын 70-тен астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Мұнай-газ саласында америкалық, ресейлік, еуропалық және қытайлық компаниялармен ұзақ мерзімді серіктестік орнатылған.

Президент әлемдік нарықтағы мұнай-газ саласының рөліне тоқталып, көмірсутегі Қазақстанның энергетикасында басты ресурс болып қала беретінін айтты. Сонымен қатар салада жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу қажеттігін атап өтті. Геологиялық барлау жұмыстары күшейтіліп, жаңа кен орындары ашылуы тиіс. Білімді, жас кадрларды тарту, зерттеу орталықтарын дамыту арқылы сала бәсекеге қабілетті болуы қажет.

– Еңбекқорлық – ең асыл қасиет. Маңдай термен келген адал еңбекті бағалай білетін жұрт озық ойлы ұлт болады. Еңбек адамы – ел адамы, туған елінің жарқын болашағы үшін аянбай жұмыс істейтін адам, – деді Президент.
В Атырау +4