Атырау, 5 желтоқсан 23:04
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Газ бар, бірақ жетпей жатыр: Атырауда ​жаңа станциялар қашан іске қосылады?

568 рет қаралды
Көрнекі сурет

Өңір ресми түрде 99,9% газдандырылған, алайда 90-жылдары салынған ескі станциялар жүктемеге шыдамай отыр. Атырау облысында Береке ықшамауданында және Талғайран ауылында жаңа автоматтандырылған газ тарату станцияларының (АГТС) құрылысы басталды.

Қазіргі таңда облыс аумағында 21 автоматтандырылған газ тарату станциясы жұмыс істеп тұр: төртеуі қалада, он жетісі аудандарда. Бірақ олардың бір бөлігі ескіріп, артқан көлемді көтере алмай отыр.

Береке ықшамауданындағы станция 1994 жылдан бері жұмыс істеп келеді, қуаттылығы сағатына небәрі 50 мың текше метр. 2024 жылғы мамырда мұнда сағатына 120 мың текше метр газ беруге қабілетті жаңа АГТС құрылысы басталды. Мердігер – «TCG Consrtruction» ЖШС, жоба құны шамамен 19 миллиард теңге. Құрылысты 2025 жылғы қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр.

Ал Талғайран ауылында жаңа АГТС 2021 жылдың сәуірінен бері салынып жатыр. Оның да қуаты – сағатына 120 мың текше метр. Жобаны «Asia Caspian Construction» ЖШС қолға алған. Құны – 5 млрд 295 млн теңгеден асады. Құрылысты биыл аяқтау жоспарлануда.

Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның айтуынша, Берекедегі жаңа станция қаланың сол жағалауын – Бесікті ауылынан Дамбыға дейін газбен қамтиды. Ал Талғайрандағы станция оң жағалауды – Алмалыдан Еркінқалаға дейін қамтамасыз етеді.

Өңірде газды кім бөледі?

Магистральдық газ құбырлары мен барлық АГТС-ті «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның «Атырау» басқармасы қарайд. Ал тарату желілері үш ұйымға бөлінген: «QazaqGaz Aimaq» АҚ (Атырау өндірістік филиалы) – бүкіл Атырау қаласына (Авангард пен Лесхоздан басқа) және барлық ауданға (Жылыойдан басқа) қызмет көрсетеді. «Жылыой Газ» ЖШС – Жылыой ауданын қамтиды. «Атырау Газ Инвест» ЖШС – Авангард пен Лесхоз ықшамаудандарын қамтамасыз етеді.

Газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 7,5 мың шақырымнан асады. Өңірдің жылдық газ тұтыну көлемі – 2,9 млрд текше метр.

Өнеркәсіптік нысандар мен жаңа қажеттіліктер

Газды тек тұрғындар ғана емес, ірі кәсіпорындар да көп пайдаланады. Мысалы, Атырау ЖЭО, Атырау мұнай өңдеу зауыты және индустриялық аймақ үшін жаңа «Мақат – Солтүстік Кавказ – Оңтүстік өнеркәсіптік аймақ» магистральдық газ құбыры тармағын салу мәселесі қарастырылып жатыр.

Жантас Оспанның айтуынша, бұл мәселе облыс әкімдігі, Энергетика министрлігі және «QazaqGaz» ҰК АҚ деңгейінде талқыланып жатыр. Жоба 2040 жылға дейінгі кезеңге есептелген және өңірдің стратегиялық нысандарына газды үздіксіз жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс.

Газ жеткен жаңа ауылдар

Өткен жылы Қызылқоға ауданында алты ауылға газ барды: Соркөл, Сарқұмақ, Кенбай, Қоныраулы, Тасқұдық және Былқылдақты. Мұнда 122 шақырым газ құбыры тартылып, 118 үйге газ кіргізілді.

Береке мен Талғайрандағы жаңа станциялар 90-жылдардан қалған олқылықтың орнын жабуы тиіс. Алайда Талғайрандағы құрылыс төрт жылдан бері созылып келеді, ал Берекедегі жұмыс әлі жарты жолда. Қағаз жүзінде өңір толық дерлік газдандырылғанымен, шын мәнінде қуат көздері шегіне жетіп отыр.

Айнұр САПАРОВА

«АЖ» анықтамасы
Автоматтандырылған газ тарату станциясы магистральдық құбырдан газ қабылдайды, оны қоспалар мен ылғалдан тазартады, қыздырады, қысымды қажетті деңгейге дейін төмендетіп, желілер арқылы таратады. Сондай-ақ мұнда шығын есептеліп, параметрлер бақыланады. Кез келген төтенше жағдайда автоматика газ беруді тоқтатып, апаттың алдын алады.
5 қыркүйек, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.