
Атырау облысы бойынша Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Амангелді Абдолов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте биылғы алғашқы алты айда азаматтардан 4 300-ден астам өтініш түскенін мәлім етті.
Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39%-ға артқан.
Шағымдардың басым бөлігі сотталғандардың құқықтарының бұзылуы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының әрекеттері және сот шешімдерімен келіспеуге қатысты болған.
Қаралған өтініштер нәтижесінде 32 адам тәртіптік, 2 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, уәкілетті органдарға 67 ұсыным хат жолданған.
Есептік кезеңде аймақтық өкілдер 315 мекемеге барып, жүйелі мәселелерді анықтаған. Солардың ішінде медициналық қызметтердің шектеулі болуы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ғимараттарды жөндеу қажеттілігі, электронды өтініш беру жүйесінің ақаулары және сотталғандарды жұмыспен қамту мәселелері бар.
Тексеру нәтижесінде 924 ұсыным беріліп, оның 605-і орындалған. Сонымен қатар, 169 қызметкер тәртіптік, 41 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 қылмыстық іс қозғалған.
В Атырау +2