Атырау, 5 желтоқсан 23:10
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Атырауда 3 мыңнан астам тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі тіркелді

352 рет қаралды

Атырау облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.

Бұл туралы Атырау облысы Полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің инспекторы Айгерім Мұратова хабарлады.

2025 жылдың басынан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы бойынша 3 232 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Агрессорларға қатысты 2 700-ден астам қорғау нұсқамасы беріліп, 700 тұлғаға ерекше талаптар қойылған. Сонымен қатар полиция жолдамасымен 5 әйел және 11 бала дағдарыс орталығына орналастырылды.

– Құқық қорғау органдарының мүмкіндіктерін кеңейту үшін ҚР ӘҚБтК мен Қылмыстық кодекске өзгерістер енгізілді. Енді жәбірленуші арыз жазбаса да, полиция құқық бұзушыға әкімшілік іс қозғай алады. Бұл – зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауда маңызды қадам, – деді Айгерім Мұратова.

Оның айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қазіргі таңда полицияның басты назарында. Құқықбұзушылықтар көбіне әйелдер мен балаларға қатысты жасалады және төрт түрге бөлінеді: психологиялық, физикалық, экономикалық және сексуалдық зорлық-зомбылық.

– Көп жағдайда құқықбұзушылықтар экономикалық сипатта болады. Мысалы, ер адамдар табыс табады, бірақ оны отбасына бермей, ойын автоматтарына немесе ішімдікке жұмсайды. Сондай-ақ психологиялық қысым да кең таралған – әйелге қол көтерілмесе де, жүйелі түрде тіл тигізу, кемсіту байқалады. Алкоголь, құмар ойын және есірткіге тәуелділік тұрмыстық зорлық-зомбылыққа әкелетін негізгі себептердің бірі болып отыр. Әрбір жағдай бойынша полиция хаттама толтырып, құқықбұзушыны жауапкершілікке тартады, – деді инспектор.

Облыста «Бақытты отбасы – бақытты ел» акциясы аясында дөңгелек үстелдер, тренингтер, құқықтық кеңес беру алаңдары ұйымдастырылып, салааралық өзара іс-қимыл күшейтілуде. «Шаңырақ-2008», «Құқық», «Жарқын жанұя», «Ана үйі» қоғамдық бірлестіктері полициямен бірлесіп профилактикалық жұмыстар жүргізуде.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған кез келген адам полицияның 102 нөміріне, балалар мен отбасын қолдау ұлттық сенім телефоны 111 нөміріне немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған ұлттық сенім телефоны 150 нөміріне хабарласа алады.


3 қыркүйек, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.