Атырау, 5 желтоқсан 07:29
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

​Атырауда мектепте тегін стоматологиялық кабинет ашу жобасы жүзеге асырыла бастады

409 рет қаралды

Атырауда Білім күні қарсаңында оқушылардың ауыз қуысы саулығын қорғау және стоматологиялық аурулардың алдын алу мақсатында №6 М.Мөңкеұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепте стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Бұл  жоба ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2024–2028 жылдарға арналған мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіруге бағытталған «Болашаққа – сау тіспен» жол картасын іске асыру аясында қолға алынып отыр. Өңірде 2028 жылға дейін 49 мектепте стоматологиялық кабинеттер ашу жоспарланған. Осы жылы 8 орта білім беру мекемесінде жаңа кабинет ашылады. 8 кабинеттің төртеуі қалада, ал төртеуі Исатай, Құрманғазы, Мақат және Индер аудандарында ашылады.

- Бұл жоба мектеп жасындағы балалар арасында стоматологиялық аурулардың профилактикасын жетілдіруге бағытталған. Биыл кабинеттің төртеуі қалада, ал төртеуі Исатай, Құрманғазы, Мақат және Индер аудандарында ашылады, - деді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Абдалиев.

Облыстық балалар стоматологиялық емханасында 34 жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігер Алтынгүл Қаныбекова кабинеттегі құрал-жабдықтар жайлы таныстырып, алдағы уақытта балаларға тісті күту және дұрыс тазалау жөнінде дәріс өткізетінін айтты.

Өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бүгінде облыс бойынша мемлекеттік тапсырыс және МӘМС аясында стоматологиялық қызмет көрсететін ұйымдарда 116 дәрігер-стоматолог және 10 дантист жұмыс істейді. Жалпы 44 емдеу мекемесінде балаларға тегін стоматологиялық көмек көрсетіледі.

2 қыркүйек, 15:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.