
Нұрсая мен көрші ықшамаудандарда электр қуатындағы іркілістер тұрғындарды ұзақ уақыт мазалап келген еді. Жарық сөнгенде су да тоқтап, техника істен шығып жататын. Енді билік бұл проблеманың енді шешілетінін айтып отыр.
Бұл ықшамауданға өңірдегі ірі энергетикалық жобалардың бірі жүргізіліп жатыр: бетон арықтар арқылы 66 шақырымдық жаңа жерасты кабельдері төселіп жатыр. Апатты жағдай туындаған сәтте алмастыру мақсатында резервтік кабельдер де жүргізіледі.
Жаңа кабельдер Жерұйық, Нұрсая, Самал және Жетіқазына ықшам аудандары арқылы өтіп, осы елдімекендердің тұрғындарын электр қуатымен қамтиды. Одан бөлек, 39 балабақша, 14 мектеп, аурухана, ХҚКО, полиция пункті және екі мәдениет нысаны электр қуатымен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, жоба аясында «Нұрсая» және «Самал» қосалқы станцияларын жалғайтын 110 кВт жоғары кернеулі әуе электр жеткізу желісі демонтаждалады.
Жұмыстар 2024 жылдың тамыз айында басталған. Биыл қазан айының соңында пайдалануға беріледі. Жобаның жалпы құны – 5,4 млрд теңге.
Атырау облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы Айдулат Кенжебековтің айтуынша, апатты жағдайлар желілердің ескіруінен және дұрыс салынбауынан туындаған. Жаңа жобажа заманауи жерасты кабельдері төселіп, электр іркілістері мәселесін түбегейлі шешуі тиіс.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +2 

