
Атырау қаласының «Жұлдыз-2» ықшамауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 900 орындық жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Білім беру нысаны екі ауысымда 1800 оқушыны қабылдай алады.
Жалпы аумағы 10 860,64 м² болатын мектеп ғимараты 4 гектар жер телімінде орналасқан. Білім ордасында 40-қа жуық оқу кабинеті бар. Мектеп ішінде 255 орындық асхана, мұғалімдерге арналған коворкинг аймағы, үш спорт зал, 206 орындық акт залы–кинолекторий, кітапхана және кітап сақтау қоймасы, STEM зертханасы, кең вестибюль мен оқушыларға арналған гардероб, медициналық бөлім, қабылдау және іс жүргізу кабинеттері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лифт бар.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Атырау облысының әкімі көпшілікті ҚР Конституция күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордаларының біздің болашақ ұрпаққа берері зор деп атап өтті.
- Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын, еліміздің дамуына өз үлесін қосатын балаларымыз көп болсын!, - деді аймақ басшысы С.Шәпкенов.
«Жұлдыз-2» ықшамауданында бұрын-соңды мектеп болмаған. Балалар «Жұлдыз-1-дегі» мектепке баратын. Қатынау мәселесі қиындық туғызған еді.
- Екі балам осы №48 жалпы білім беретін орта мектепте оқитын болады. Біздің , жалпы ауыл халқының қуанышында шек жоқ,- деді «Жұлдыз-2» ықшамауданының тұрғыны Зарина Шағыраева.
Мектеп ауласы да жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін инфрақұрылыммен жабдықталған. Нақтырақ айтқанда, балалар ойын алаңдары, жасанды көгал төселген футбол алаңы, тартан жабыны бар волейбол, баскетбол және теннис алаңдары, көпшілік іс-шараларға арналған алаң, тыныш демалыс аймағы, бастауыш сыныптарға арналған жеке ойын алаңы салынған.
В Атырау +2 












