
Конституция күніне орай Атырау қаласында 1200 орындық концерт залы мен тарихи-өлкетану музейінің іргетасына арнайы капсула қойылды. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы – 38 173 м² және үш функционалды блоктан тұрады.
Блоктар құрылымы:
-
Концерт залы: негізгі 1200 орындық зал, сегіз қосымша зал, конференц-бөлмелер, репетициялық кабинеттер және дыбыс жазу студиялары.
-
Тарихи-өлкетану музейі: цифрлық және ғылыми кітапхана, зертханалық кешен, шеберлік бөлмелер, архив қорын сақтау орындары, көрме залдары мен экспозициялық кеңістіктер.
-
«Домбыра» монументі көрініс алаңы: кассалық галерея және қосалқы қызметтік бөлмелер.
Әр блок әкімшілік және техникалық қосалқы бөлмелермен толықтырылған.
Салтанатты рәсімге облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, Президенттің бастамасымен қолға алынған жобаның маңыздылығына тоқталды:
«Мемлекет басшысы өңірге жұмыс сапарымен келгенде, Атырауға жаңа үлкен мәдени нысан салу керектігін айтты. Сондай-ақ ғимаратқа Құрманғазы атамыздың есімін беруді ұсынған еді. Бұл кешен тек архитектуралық нысан емес, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі, ұлт мәдениетінің алтын көпірі, өнер мен өнегенің ордасы болады. Атыраулықтар үшін рухани нәр алатын, ұлт мұрасын насихаттайтын орталық болары сөзсіз», – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, мәдени кешеннің айналасы толық абаттандырылып, демалыс және қоғамдық кеңістіктері жасалады.
В Атырау +2 








