Атырау, 10 желтоқсан 10:31
 бұлттыВ Атырау -3
$ 510.08
€ 539.61
₽ 5.15

Әйелдер түрмесінде лицей ашылды

8 420 просмотра

Батыс Қазақстанның төрт облысы бойынша сотталған әйелдер жазасын өтеп жатқан Атырау облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасына қарасты қаламыздағы №157/11 әйелдер колониясы Қазақстандағы осындай бесінші мекеме. Жақында осы түрменің жанынан кәсіптік білім беретін лицей, тігін цехы және мектеп ашылды.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің бастығы Марат ДӘУЛЕТОВТІҢайтуынша, жалпы республика бойынша сотталған әйелдердің саны бүгінгі күні 10 мыңға жуықтаған. Ал бір Атыраудың өзінде қазір 278 әйел жазасын өтеп жатыр. Соның 98 пайызы осы Атыраудың өзінен. Сотталған қыз-келіншектердің басым бөлігі есірткі өткізу, одан соң алаяқтық фактісі бойынша отыр. Қалғандары ұрлық, тонау секілді қылмыстарымен сотталғандар. Колонияда бір отбасыдан шыққан үш апалы-сіңлілер де отырған жағдай бар екен.

ТІГІН ЦЕХЫ ДА БАР

Қазір әйелдерге арналған түзету мекемесі жанынан орта білім беретін мектеп және орта кәсіптік лицей ашылып, 22 тігін машинасы бар цех іске қосылды. Бұл тігін цехында жазасын өтеуші әйелдер жұмыс істейді. Оларды жұмыспен қамтып отырған облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасына қарасты «Еңбек-Атырау» РМК.

«Еңбек-Атырау» РМК-ның директоры Бауыржан АРЫСТАНОВ:

- «Біздің мақсатымыз – сотталғандарды жұмыспен қамту. Қазір цехта 30 шақты адам жұмыс істейді. Бұлардан басқа, Атырау бойынша жалпы түзеу мекемелеріндегі 200 шақты сотталушыны жұмысқа қостық. Келесі айдан бастап нан өнімдерін шығаруға арналған жабдықтарға тапсырыс бердік. Оған тағы 15 адамды жұмысқа алмақпыз. Оған қоса, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, кеңсе жиһаздарын дайындап шығаруды көздеп отырмыз. Осылайша жылдың аяғына дейін тағы да 100 шақты адамды жұмысқа тартсақ деп ойлаймыз. Бір қиыны - жиһаз жасау үшін арнайы ғимаратымыз жоқ болып тұр».

Сонымен бірге, кәсіпорын басшысы жұмысқа алынғандардың еңбекақысы ай сайын төленіп тұратынын айтты. Жалақы өндірістік разряд пен өнім шығару нормасына байланысты төленеді. Ең аз деген жалақы 23 мың теңгені құрайды, - дейді Бауыржан Арыстанов. Оның айтуынша, дәл бүгінде дайындалған өнімдерге тапсырыс алу жағы қиындық туғызып отыр. Әзірге сотталғандардың қолынан шыққан дайын өнімдер облыстағы түзеу мекемелерінің өз қажеттеріне жаратылып келеді. Ал жақында тігін цехының матрац, жастық қаптары секілді өнімдеріне облыстық денсаулық сақтау басқармасы тапсырыс беріп қалуы мүмкін. Сотталушылардың жалақылары да осы тапсырысқа байланысты көбейеді.

ЛИЦЕЙ МЕН МЕКТЕП

Колониядағы мектеп пен лицей тігін цехынан сәл кейін ашылып, қазір біршама сотталушыны да қабылдап үлгерді. Облыстық білім басқармасына қарасты екі білім ошағының колония жанынан ашылуы талап пен сұраныстың арқасы. Мектепте 52 әйел орта білімдерін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік алса, лицейде 58 адам орта кәсіптік білімін жетілдіру үстінде. Мұнда төрт кәсіп бойынша мамандық алып шығады. Олар: аспаз, кондитер, тігінші, шаштараз. Сотталушы әйелдердің арасында көбіне-көп шаштараз кәсібін меңгеруге құлшыныс танытқандар басым.

Облыстық қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің УГ№157/11 мекемесінің жанындағы №14 кәсіптік лицей директоры Амангелді УДЕРБАЕВ:

- «Кәсіптік лицейде 12 мұғалім жұмыс істейді. Лицейді бітіріп шыққандар мемлекеттік үлгідегі диплом алып шығады. Аспаз, кондитер, шаштараз мамандығы бойынша 1 жыл, 10 ай оқиды. Тігінші 10 ай ғана оқиды. Бұл лицейдің басқасынан ешбір айырмашылығы жоқ. Оқу жоспарлары мен бағдарламалары бірдей. Жаңадан ашылғаннан кейін жетіспейтін нәрселер болады ғой. Компьютерлер бар. Информатика класы болады деп уәде етілуде. Материалдық жабдықтар облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасынан, ал оқытушылар жалақысы облыстық білім басқармасынан бөлінеді».   

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

1 желтоқсан 2010, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.