
Қытай инженерлері алғаш рет теңізде жүзбелі жел турбинасын таныстырды. Мамандардың айтуынша, ол рекордтық көлемде электр энергиясын өндіріп, жаңартылатын энергия көздерінде жаңа дәуір бастауы мүмкін. Бұл туралы УНИАН LiveScience басылымына сілтеме жасап хабарлады.
Жоба China Huaneng Group және Dongfang Electric Corporation компанияларының бірлескен еңбегі. Әр турбина жылына 68 млн киловатт-сағатқа дейін энергия өндіреді. Бұл шамамен 6300 үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті.
Негізгі модуль – биіктігі 152 метр мұнарадағы генератор. Ротордың диаметрі 262 метрге жетеді. Бір айналымда қалақтар 53 мың м² аумақты қамтиды, бұл шамамен сегіз футбол алаңына тең.
Компанияның мәліметінше, жаңа турбина теңіздегі аса қиын жағдайларға да төтеп береді: 24 метрден асатын толқынға және тайфун күшімен соққан желге шыдай алады. Жақын күндері құрылғы Қытайдың Янцзян жағалауында сынақтан өтпек.
Қазір теңіздегі көпшілік жел станциялары теңіз түбіне бекітілетін тұрақты жүйелерден тұрады. Бірақ мұндай әдіс тек таяз суларда тиімді. Ал әлемдік мұхиттың 80%-ы 60 метрден терең. Сондықтан жүзбелі турбиналардың дамуы теңіз энергетикасының әлеуетін бірнеше есе арттырады.
В Атырау +4