Атырау, 6 желтоқсан 06:42
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Соңғы жағалау» фотокөрмесі. Каспий трагедиясы

Сурет
348 рет қаралды

12 тамызда Астанада, Алматыда, Ақтауда және Атырауда фотограф Оспан Әлидің (Әлібек Ибраев) «Соңғы жағалау» атты фотокөрмесі ашылды.

Көрме халықаралық Save the Caspian Sea ұйымы ұйымдастырған Каспийдің Жоғары апталығы аясында өтті. Жоба Каспий теңізінің проблемаларына арналған. Фотосуреттерде су деңгейінің төмендеуі, өзгерген ландшафтар және өмірі теңізбен байланысқан адамдардың тыныс тіршілігі көрсетілген. Олардың арасында ғалымдар, экобелсенділер, журналистер және Каспий өңірінің тұрғындары бар. Олардың бәрі Каспий экожүйесінің қалай өзгеріп жатқанына куә.

- Оспан Әли Қызылорда қаласының тумасы, Арал теңізін тек суреттерден көрген. Батысқа сапарлары кезінде ол Каспийдің біртіндеп жоғалып бара жатқанын бақылаған. Сол себепті болашақ ұрпаққа бейнесін жеткізу үшін көрмені теңіз тақырыбына арнап отыр,  — дейді ұйымдастырушылар.

Біз фотографтың өзімен сөйлесіп көрдік. Оның ой-пікірін білдік.

Оспан Әли, жеке архивінен алынған сурет

Оспан Әли биыл жыл басында Save the Caspian Sea қозғалысының амбассадоры атанған.

Ол бұл тақырыптық фотокөрме үшін жұмысын төрт жыл бұрын бастады. Төрт жыл бұрын алғаш Гидробиология және экология институтының маманы Әсел Баймұхановамен бірге экспедицияға шыққан. Ол итбалықтардың мінез-құлқын зерттеп жүрген. 

"Сол кезде теңіз суының ластану проблемасын зерттеп, бейнелей бастадым. Сол уақыттан бері тартылып жатқан теңіз проблемасымен таныса түстім" дейді фотограф.

- Елші ретіндегі міндетім – визуалды тұрғыда теңіз проблемасын көрсету, су тартылып жатқан тұста қоршаған ортаның және адам өмірінің өзгеріп жатқанын жеткізу. Кейде балықшылар сияқты кадрсыз қайтатын кездер болады.

Мен түрлі кейіпкерлерді іздедім: бірі – эколог, бірі – қарапайым тұрғын. Теңіздің өзгергенін, қаланың құрылысын өз көзімен көрген кейіпкерлерді іздеп, сегізін кадрға алдым. Салиха апай қала әлі шағын боп тұрғанда, Гурьев аталып тұрған кезінде тұрып, Шевченко түбегіндегі сегіз жылдық мектепте сабақ берген. Ол кісі дүниеден өтті. Өзі қаланың қала болмаған кезінен барлығына куә болған жан еді. Сол кісі жергілікті жердің өзгерісіне қатысты пікір білдірді.

- Виктор Малюк деген фотограф бар, ол қаланың құрылысынан бастап, осы өңірді суретке түсіріп келе жатыр. Мен де із қалдыратын, уақыттың шындығын айқындайтын кейіпкерлерді табуға тырыстым. Каспий жағалауындағы өзгерістерді визуалды тұрғыда жеткізуге ұмтылдым. Жұмыс әлі жалғасуда. Форт-Шевченко тұрғындары Қашаған кен орны жұмысын бастағанда, 2000 жылдары итбалықтардың жаппай қырылғанын айтып берді. Бірақ өздері кадрға түсуге бас тартты. Бұрын итбалық аралдары олардың «бейтіне» айналып кеткен.

- Өзім Астанада тұрамын. Бірақ қызылордалық болған соң бала кезімнен Арал теңізі туралы көп еститінмін. Бірақ көрмегем. Каспий туралы жұмыс басталғанда барымызды сақтап қалу мәселесі тұрды. Ақтаулықтар да, астаналықтар да: «Біз осыған көзіміз үйреніп кеткен екен ғой», – дейді. Көп жағдайда терезеден қарағанда жай ғана көрініс болып көрінеді, мән бермейміз. Ал мақсат – белгілі бір проблеманы көтеру, адами құндылықтардың бөлшегін жеткізу. Сезінген ауа, иіс, эмоцияны дәл жеткізу оңай емес. Бірақ бұл – Атырау мен Ақтау тұрғындары үшін күнделікті үйреншікті жағдай.

- Менің миссиям – боямасыз кадрды, болғанды сол қалпында көрсету. Қазір Каспийде су деңгейі тайызданып кеткен. Көптеген кемелер белгілі бір бағытпен ғана жүрмесе, мүлде батпаққа отырып қалады. Қызылорда тұрғыны ретінде теңізді көрмегеніммен, Арал апатының салдары туралы білемін. Ол апат көптеген аурудың таралуына себеп болды. Бізде теңіз жағалауы болмаған соң әсері аз, бірақ Каспийдің маңында халық көп тұрады. Тұз бөлінуіне байланысты жағалауда иіс шығады, өсімдіктер шіриді, құс пен итбалық өлекселері кездеседі. Ал ауылдарда балалар жағалауда ойнап жүреді. Мұндай сәттерді кейде түсіре алмай қаласың. Аралдарда улы жыландар пайда болғанын да естідік. Бұл да экожүйенің өзгергенін көрсетеді. Үш-төрт жыл бұрын бәрі басқаша еді, ал қазір өзгерістер анық байқалады. Жергілікті халық үшін бұл үйреншікті көрінуі мүмкін, бірақ сырт көзге айқын. Кейбір балықшы ауылдары қаңырап бос қалған. Жылдан жылға климат та өзгеріп барады. Бұл – бес елдің ортақ проблемасы, - деп сөзін түйіндеді Оспан Әли.

Фотокөрме 26 тамызға дейін ашық болады. Кіру тегін:

  • Астана — Has Sanat өнер галереясы;

  • Алматы — "ҚР Суретшілер одағы" ҚБ ғимараты;

  • Ақтау — "Flamingo" кафесі;

  • Атырау — Yemaa space (Кұрманғазы, 12).

Айнұр САПАРОВА 

Суреттерді түсірген автор

18 тамыз, 14:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.