
16 тамыз кешінде Жайық жағалауында өткен жастар фестивалінде көңіл алаңдатқан оқиға болды: көпшілік арасында жетпістен астам бала адасып қалды.
Полиция бөлімшесінде у-шу болып, балалар көз жасына ерік берді.
Табылған балалардың бәрін жақын маңдағы полиция бөліміне жеткізді. Балалардың біреуі жыласа, біреулері телефонға үңілді, кішкентайлары орындықта қалғып отырды. Адасып қалғандар бес пен он алты жастың арасында болды.
Олардың ішінде жеті жастағы Әлтайыр да бар еді: ол ағасынан адасып, біраз уақыт өз өзіне келе алмады. Кейін ата-анасы екеуін де тауып алды. Сонда ғана бала әкесінің қолында тәтті ұйқыға кетті. Он бір жастағы Әмина құрбыларымен суретке түспек болып, анасына ілесе алмай қалған. Он жастағы Азамат ойыншықтар дүңгіршегіне қызығып, адасып қалса, тоғыз жастағы Сәния доппен ойнап жүріп, алыстап кеткен.
15–16 жастағы жеткіншектердің де болғаны күтпеген жайт еді. Қолдарында айфондары бар, такси шақыруға да, ата-анасына телефон соғуға да мүмкіндіктері болған. Бірақ олар да ересектерді күтіп, бөлімшеден бір-ақ шыққан.
Тендік ауылынан келген бала полиция назарын ерекше аударды. Оны үлкен балаларымен жанжалдасып, жейдесі жыртылған күйде жеткізген. Ал ұсталғандардың арасында қолыда пышақ ұстаған жасөспірімдер де болды. Қазір полиция олардың концертке не үшін қарумен келгенін анықтап жатыр.
– Жыл сайын көпшілік шараларда балалар ересектерден адасып қалады, – дейді ювеналды полиция инспекторы Ақбота Орнабиденова. – Көбінесе бұл ата-ананың немесе балалардың өздерінің салғырттығынан болады. Біз оларды тезірек тауып, қайтаруға тырысамыз, бірақ ең алдымен қауіпсіздік ата-аналардың жауапкершілігіне байланысты.
...Фестиваль мыңдаған көрерменге жарқын көңіл-күй сыйлады. Алайда, бірнеше ондаған отбасы үшін бұл түн сынаққа айналса, полиция қызметкерлері үшін қауырт жұмыс уақыты болды.
Айгүл МАНСУРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау 0 


