Атырау, 6 желтоқсан 06:42
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Тұрғындар Атырау – Астрахань трассасы бойындағы қоршауларға шағымдануда

Бейнежазба
520 рет қаралды

«Атырау-Астрахан» трассасының бойындағы Исатай ауданының шаруа қожалықтары мен тұрғындары жол күрделі жөндеуден өткеннен кейін мал өткелі, қоршау жұмыстарының салдарынан қиындықтарға тап болғанын айтуда. Осыған байланысты полиция, аудан әкімшілігі, «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Атырау облыстық филиалы басшылығы тұрғындармен кездесіп, осы жайды бірлесіп шешуге келісті.

Жалпы жол бойында жол-көлік оқиғалары (ЖКО) азаймай отыр. Жүргізушілердің тарапынан жол қозғалысының өрескел бұзылуы, әсіресе, жылдамдықты асыруы, малдың бейберекетсіз жүруі себеп болып тұр.

- Қазіргі уақыттта «Қазавтожол» мекемесімен бірлесіп жол қауіпсіздігін болдырмау мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Исатай ауданы Аққыстау ауылына дейін жол жұмысының толық бітпеуіне байланысты 60 км\сағ шектеу жол белгісін қойып отырмыз. Малдың иесіз жол бойында жүруінен  ЖКО орын алуда. Облыс аумағында жыл басынан бері иесіз малдың кесірінен екі адам қайтыс болса, 35 адам түрлі дене жарақатын алды. Кешегі тәулікте 4 ЖКО орын алды. Осыған байланысты тұрғындардың малды жол бойында қалдырмай, жануарлардың мойнына жарық қайтарғыш элементтер қолданғаны жөн,-дейді Атырау облысы ПД ЖПҚБ жол қауіпсіздігін қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Аманжол ЖҰМАЛИЕВ.
«Атырау–Астрахань» трассасы бойына орнатылған қоршаулар

Шаруа қожалығының басшысы Зелимхан ЗУБАРИЕВТІҢ малы осы жол бойында қағылып өлген. Сол себептен мал өткелін жиілетіп салу қажеттігі мәселесін көтерді. Оның үстіне жолдың екі шеткі бөлігіне бірнеше километр қоршау жүргізілген. Қоршаудың ауыл тұстары ашық қалғанымен жол бойына шыққан мал кейде келесі бетке шыға алмай, асфалт бойындағы көліктерге қауіп туғызуда. 

- Қоршаудан өткізу үшін мал иесі, полиция сақшылары күн-түн демей қуалап жүргенінің куәсі болдым. Осы қоршаудың қажеттілігі қанша, - дейді қоғам белсендісі Ғазиз ҒАБДУЛЛИН.

- Атырау-Астрахан жолын жөндеді, оған халық риза. Осы жолдың екі жағын сым тормен қоршап қойды. Қоршауды жолшылар жүргізген екен, трасса бойына мал шығып кетіп, жүргізушілерге қауіп төндірмес үшін. Онысын түсінемін, бірақ осы қоршаудан мал ары-бері өте алмай, кейде қатты жылдамдықпен көліктерге соғылып жатыр. Ал малдың артынан ешкім де күндіз, түні еріп жүре алмайды. Қазақтың менталитетінде ірі қараны, түйе, жылқыны қамап баққан емес, олар далада еркін жайылуы керек. Сондықтан торды алып тастау керек,-дейді шаруа қожалығының төрағасы Жарылғас ҒҰБАШЕВ.

Тіпті осы жол бойындағы ауылдардың округ әімдері «Мал айдау» жол белгісі мен ең қауіпті деген жерлерге бейнебақылау орнату қажеттігін айтып хат жазуда.

- Бұдан бұрын екі мал белгісі өткелін салғанбыз. Тұрғындар мен шаруа қожалығы басшыларының сұранысына орай тағы бір белгіні орнатпақпыз. Ал асфалттың екі жағындағы қоршау жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігіне байланысты жүргізілген еді. Жол бойына жүгіріп шыққан жылқылар автокөліктерге соғылып, соңы қайғылы оқиғамен аяқталуда. Енді тұрғындар сым қоршауын алып тастауын сұрауда. Бұл жайды әкімшілік, полиция болып бірігіп шешетін боламыз, қоршауды алу керек пе, жоқ па, - дейді «Қазавтожол» ҰҚ» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Азамат ҚАБДЫҒАЛИЕВ.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен видеоны түсірген автор  

18 тамыз, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.