
Атырауда бес жасар қыздың анасы балабақшадағы бұл жағдайды тексеруді талап етіп отыр.
Оқиға 28 шілде күні болған. Әйелдің айтуынша, тәрбиеші қоңырау шалып, қызыңыз баспалдақтан құлап қалды деп хабарлаған.
- Маған баланың басы ауырып тұр, дәрігерге көрсеткеніңіз дұрыс деп айтты. Жолдасым бірінші барды, мен кейін жеттім. Сол жерде шу шықты — бірақ не болғанын түсіндіріп, кешірім сұраудың орнына қызметкерлер өздерінің әрекеттерін ақтап, дауласа бастады, - деп айтады анасы.
Оның сөзінше, олар бақылау камераларын қарап шығуды сұрағанда камера өшіп тұрды, монитор жұмыс істемейді деп айтылған. Осы уақытта қыздың жағдайы нашарлап, құсып қойды. Ата-анасы жедел жәрдем шақырды.
Ауруханада баланы рентген мен КТ-ға түсірді. Бас сүйегі бүтін болғанымен, дәрігерлер жабық бас сүйек ми жарақаты және миы шайқалған деді. Кейін екі қолының сынғаны, бірақ шығып кетпегені анықталды.
- Мен ауруханада арыз жаздым. Неге камералар жұмыс істемегенін және бұл жағдайға кім жауап беретінін анықтауды талап етеміз, - дейді анасы.
«Ак Жайық» тілшісі балабақша басшылығымен байланысуға тырысты, алайды мекеме танымал қосымшада «жабық» деп көрсетілген.
Полиция бұл дерек бойынша ҚР ҚК 140-бабының 2-бөлігіне («Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау») сәйкес қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады. Тергеу жүріп жатыр.
Айгүл МАНСҰРОВА
В Атырау +4