
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев Атырау облысында Құрманғазы ауданы Азғыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ол бұрынғы полигон аумағында орналасқан елді мекендердегі әлеуметтік нысандар мен ашық алаңдарды аралады және өзекті мәселелерге назар аударды.
Сенатор білікті мамандардың жетіспейтіні мен жол проблемасы, электрмен жабдықтау мен ауыз суға қол жеткізу, сондай-ақ білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қиындықтарға қатысты өтініштерді мұқият тыңдады. Жайылымдарда ылғал азайып, жерлердің тозуына байланысты мал шығынға ұшырай бастаған және климаттың өзгеруіне орай шабындық жерлер қурап кеткен. Полигон жерлерінде жемшөпті субсидиялау және шөп дайындауға рұқсат беру туралы өтініштер айтылды. Ақбөкендердің санын реттеу мәселесі де талқыланды.

Сенатор Махамбет ауданындағы Бақсай ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде мектептің апатты жағдайын, кентішілік жолдарды аяқтау қажеттігін, сумен жабдықтау және каналдарды тазарту мәселелерін талқылады. Ауыл шаруашылығы, су басқан жолдарды қалпына келтіру және жағалауларды нығайту мәселелері де көтерілді.
«Жергілікті тұрғындармен байланыс бізге мемлекеттік бағдарламалардың қалай жүзеге асатыны және адамдардың күнделікті өмірде қандай қиындыққа тап болатынын терең түсінуге мүмкіндік береді. Салалық мемлекеттік органдармен бірлесе отырып сындарлы шешім іздеу үшін барлық өтінішті тыңдап қана қоймай, оларды тіркеу де маңызды. Айтылған барлық ұсыныстар тиісті деңгейге жіберіледі және депутаттық бақылауға алынады», - деп атап өтті сенатор Әлібек Нәутиев.
В Атырау +4