
2024 жылғы 13 қарашада Бакуде (Әзірбайжан) өткен COP-29 конференциясы аясында Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстан президенттері үш ел арасында жасыл энергияны өндіру және тасымалдау саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Жобаның қазіргі жағдайын «АЖ» энергетика министрлігінен сұрап білген еді.
Еске сала кетейік, бұл келісім Каспий теңізінің түбімен өтетін энергия кабелін тартуды да қамтиды. Құжатқа қол қою кезінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былай деді:
– Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылуы – Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерін дамытудағы үшжақты ынтымақтастықтың маңызды кезеңі. Бұл құжат мемлекеттеріміздің энергетикалық жүйелерін біріктіруге және экологиялық таза энергияны Еуропа мен өзге де нарықтарға жеткізетін сенімді бағыттар қалыптастыруға жол ашады. Қазақстан бұл процесте ірі транзиттік аумақ ретінде аса маңызды рөл атқарады. Келісімнің нақты нәтижелері Орта дәлізді экономикаларымызды жалғайтын «жасыл көпірге» айналдыруға ықпал етеді. Осы маңызды саладағы тығыз әріптестік үш ел арасында тәжірибе мен озық технологиялар алмасуын жандандырып, энергетикалық қауіпсіздігімізді одан әрі нығайтады.
2025 жылғы ақпанда Әзірбайжанның Милли Меджлисі бұл келісімді бірінші оқылымда ратификациялады (құқықтық күшіне енгізу үдерісін бастады).
Ал 4–5 сәуір күндері Бакуде өткен отырыста жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) әзірлеуге арналған техникалық тапсырма талқыланып, Каспий жасыл энергетикалық дәлізі жобасының бірінші кезеңін қолдауға бағытталған өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат Қазақстан, Әзірбайжан және Өзбекстанның энергетика министрліктері, Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі арасында жасалды. Меморандум ТЭН дайындауға грант бөлуді де қарастырады.
2025 жылғы 1 шілдеде Әзірбайжан, Қазақстан және Өзбекстан «Әзірбайжан – Орталық Азия жасыл энергетикалық дәлізі» жобасын іске асыру үшін бірлескен кәсіпорын – Yaşıl Dəhliz Birliyi ЖШҚ құру туралы құжатқа қол қойды.
Құжатқа «Азерэнержи» вице-президенті Зияддин Гулиев, «Қазақстанның электр желілерін басқару компаниясы» басқарма басшысы Салтанат Шунаева және Өзбекстанның Ұлттық электр желілері төрағасының орынбасары Феруз Курбонов қол қойды.
Сонымен қатар тараптар жаңа бірлескен кәсіпорынға жетекшілік ететін бас директор лауазымына Фархад Мамедовты тағайындау жөнінде келісімге келді. Бұл кәсіпорын Бакуде орналасатын болады.
Энергетика министрлігі сондай-ақ Азия даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі талаптарына сәйкес техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу үшін кеңесші компанияны таңдау процестері жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осыдан кейін жобаның іске асу мерзімдері мен қаржыландыруы туралы нақты ақпарат жария етіледі. Қазіргі таңда Қазақстан тарапынан келісімді ратификациялау рәсімдері жалғасуда.
Жомарт ӘМІРХАНОВ
В Атырау +4